Қазыналы қарт Қаратаудың бойында керіле созылып Көсегенің Көкжоны жатыр. Ол Қаратауды теріскей мен күнгейге бөліп жатқан қыраттың бөктерінде етек жайған, түгін тартсаң, майы шығатын шұрайлы, қызылды-жасылды кілем тектес көк шалғыны аяққа оралатын әдемі, зер салып қараған адамның көзі тоятындай сұлу өңір.
Үлкен Қаратау мен Кіші Қаратау жоталарының арасына орналасқан, ені 20-30, ұзындығы 110-120 шақырым келетін шөбі шүйгін, шабындық пен егістіктері мол, сандаған мөлдір, таза бұлақтардан бастау алатын шағын өзендер көрік беретін, табиғаты бай аймақ. Оның алқаптары мен жерасты байлықтарын Жамбыл облысының Сарысу және Түркістан облысының Бәйдібек, Созақ аудандары бөлісіп, тел еміп, тіршіліктің көрігін қыздырып отыр. Оның қыртысы қалың, қатпар-қатпар жер қойнауында қанша қазба байлықтар жатыр десеңізші.
Көсегенің Көкжоны туралы деректер сонау ықылым заманнан белгілі. Тіпті аңызға бергісіз қызықты мәліметтер көп.
Желмаяға отырып, қара қобызын серік етіп, қоңыр күйді аңыратып Жерұйық іздеп, төрткүл дүниені кезген Асан қайғы баба Қаратаудың қырқасындағы көрікті Көсегенің Көкжонына қызыға қарап:
«Басқаның бәрін қисаң да,
Көкжонды, шіркін қимайсың.
Өңгеріп алып кетер ем,
Ат сауырына сыймайсың», деген екен.
Көктем айларында бүкіл қыраттар мен сайлар жасыл кілемге оранып, даланың лала гүлдері көз жауын алады. «Қызыл кітапқа» енгізілген небір өсімдіктер де осында. Олардың арасында жанға дауа дәрілік өсімдіктер де жеткілікті. Самал желге еркелей тербетілген қызыл, сары жауқазын гүлдер, тау қызғалдақтары қандай керемет… Осы Қаратау қызғалдақтарының жауқазындары ерте кезде Жібек жолымен ел кезген саудагерлер арқылы Түркияға, одан Еуропа елдеріне, әрі қарай Голландияға жеткізілген. Олар сандаған жылдар бойы күтіп, баптап, сұрыптау арқылы қызғалдақтың ондаған (кей мәліметтер бойынша 100-ден астам) түрін өсірген. Содан Грейг және Кауфман гүлдерінің арқасында мемлекеттің аты айдай әлемге белгілі болды емес пе? Қазіргі кезде қызғалдақтар голландиялықтар үшін айрықша табыс көзіне айналғаны рас. Бұл мемлекетке құт болып келген қасиетті гүлдің арғы түбі Қазақстан екенін олар еміс-еміс жеткен аңыз әңгімелерден ғана біледі.
Жері шұрайлы, ауасы таза, суы мөлдір «Көсегенің Көкжоны» аталатын жерұйық өңір жайлы талай қазақ жазушылары мен ақындары (Майкөт, Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақбергенов, Аян Нысаналин, Дүкенбай Досжанов, Несіпбек Айтов, Пернебай Дүйсенбин, Дулат Шалқарбаев, Өтеш Қырғызбаев және т.б.) қалам тербеп, сыр тартып, жырларына қосқан. Заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов 1954 жылы Көкжонда жаңадан ұйымдастырылып жатқан «Түркістан» тың совхозының тыныс-тіршілігімен танысуға арнайы келіп, 2-3 күн ел-жұртпен әңгімелесе келе «Түркістан солай туған» атты көркем очерк жазғаны белгілі. Очерктегі кейіпкерлердің ұрпағы әлі де осы өңірде өсіп-өніп отыр. Оны жергілікті тұрғындар әркез мақтаныш көреді. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» атты романында да Көсегенің Көкжоны туралы біраз мәлімет келтірілген.
Қаратау – тұнып тұрған тарих. 2018 жылдың 1 маусымы күні жолым түсіп, Жаңатас қаласындағы «Қаратау» кен басқармасының бастығы Мұратқали Сәрсеновтің кабинетінде болдым. Кабинетте Қаратау өңірінің сан түрлі тастарының жиынтығы бар екен. Соларды қызыға қарап тұрғанымда қасыма келген Мұратқали:
– Мына тасқа зер салыңызшы, Сәке, – деп менің назарымды қолындағы шағын көкшіл тасқа аударды. Тастың бетінде әлде көбелек немесе өрмекші жабысып тасқа айналып, таспен бітісіп кеткенін байқадым. – Қонаққа келген академик Ғаппар Ерғалиевке көрсеткенімде, ол таңғалғанын жасырмай: «Жер шарының пайда болғанына 4,5 миллиард жыл болды деп жүр қазіргі ғалымдар. Мүмкін онысы рас болар. Тіл бітсе, тарихтың талай құпиясы ашылар ма еді? Таудың тастарына көз салып көріңіздер. Әрбірі құпияны ішіне бүгіп жатыр. Әріден әңгіме қозғамай-ақ қоялық, кешегі Жоңғар шапқыншылығы кезінде осы жерлерде қиян-кескі соғыстар болған. «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді» деген өлең жолдары да бар емес пе? Отызыншы жылдардағы аштықта да бұл мекен қазақ халқының зұлматтан аман қалуына көп септігін тигізді», деген еді ғалым. Зерттелмей жатқан жұмбақ дүниелер әлі қаншама? Мына тас Қаратау өңірінің біз білетін тарихын одан әрі кеңейте түсті. Бұл мыңдаған ғасырлық тіршіліктің куәсі ғой. Қаратаудың қойнауы тарих көмбесі, зерттей түсу керек, зерделей түсу керек, – деп еді.
Иә, бұл өңірде кімнің ізі қалмаған? Ұлы Отан соғысы қайнап тұрған отты жылдары қазақтың әйгілі палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы Оңтүстіктегі Темірланнан арбаға отырып, Шаян, Шолаққорған, Қаратау бойындағы, Көжондағы ауылдарды аралап, өнер көрсетіпті. Одан жинаған қаржыны мемлекетке өткізіп, әскери ұшақ жасатып, майданға жіберіпті.
1948 жылы Құмкентке археологиялық экспедицияны басқарып келген ғалым-академик Әлкей Марғұлан Саудакент пен Үшбаста болып, ескі қалашықтардың үйінділерін көріп, «Шіркін-ай, өмір жеткізсе, арнайы келіп, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізем...» деп армандап кетіпті. Әрине, бұл – осы жұмбаққа толы өңірдің біз білетін бір ғана шағын эпизодтары.
Үшбас ауылы төңірегіндегі Қорғантөбе, Қамыр әулие, Қарауылтөбе, Ақжар – Х-ХІ ғасырлардан қалған қорған-қамалдар, ежелден келе жатқан тарихи орындар. Қорғантөбе қамалы – ежелгі заманның естелігі. Жан-жағына терең ор қазылған көлемі 200х200 метрдей ескі қорған. Ортасындағы биіктеу дөңдегі қираған қызыл кірпіштерді көріп, мұнда ғимарат болғанына көз жеткізесіз. Қорған ішіне арық кіргізілген. Көнекөз қариялардың айтуынша, өткен жүзжылдықтың 50-ші жылдарына дейін қамал ортасында шыңырау құдық болған, кейін уақыт келе ол жабылып қалған. Әрине, уақыт, шіркін, мына жалпақ дүниені көндіріп, тарихты көмескілентіп барады. Жыл өткен сайын көз алдымызда қорған-қамал тапталып, шөгіп барады...
Ал Бастөбенің ең биік жерінде 20х25 метрдей тегіс алаң бар. Жан-жағында ежелгі күйген кірпіштер сынығы шашылып жатыр. Ертедегі жаугершілік заманда бұл жерде қарауыл ғимараты болған дейді айтушылар. Ақжарда да жауын-шашын ескі дәуірдің куәсі – күйген кірпіштер мен сынған құмыралардың қалдығын «жалаңаштап» барады. Қаншама көне қалашық топырақ басып, құм астында жатыр?
Қамыр әулие мазар-кесенесі Үшбас ауылынан 1,5-2 шақырымдай жердегі ескі бейіттер ортасында дара тұр (Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданында ислам діні негізіндегі шығыстың бүкіл білімімен өз бойын дамытқан көрнекті тұлға Марал ишан Қамыр ана жанында жерленген. Қамыр ана туралы мәліметтер жоқтың қасы. Ел сөзіне құлақ салсақ, Қамыр ананың баласы мен күйеуі жау қолынан өліп, өзі жалғыз қалғанда Алладан жәрдем тілеп, зар жылап, «Өлетін жерімді әулие қыл, басыма халық зияраттап келсін. Болмаса, қасыма әулие кісі жатсын, дұғасыз қалмайын», деп күндіз-түні жылап, дұға ете берген. Марал ишанға Қамыр ананың қасына жерленуі жайында берілген аянның бір сыры да, Жылауық ана деп те аталатыны содан. Көкжондағы Қамыр әулие екеуі арасында еш байланыс жоқ деп топшылаймыз). Сырт көрінісінде ерекше сәулет жоқтың қасы. Қабырғалары күйдірілген қызыл кірпіштерден төрт құлақты етіп қаланған. Бұны ХІІ ғасырдың туындысы деседі. Кезінде төбесі күмбезделген көрікті кесене болыпты, уақыт келе жауын-шашыннан, зілзаладан бірнеше рет бұзылып, жергілікті азаматтардың қолымен қарапайым түрде қалпына келтірілген екен. Оның төңірегінде топырақ басқан сандаған кірпіштер үйіндісі көзге ілінеді. Ешкім оның алғашқы көрінісі қандай болғанын кесіп айта алмайды, алғашқы суреті еш жерде сақталмаған. Қазіргі кесене қабырғаларының қалыңдығы 60 см, күйдірілген, салмағы жеп-жеңіл екі қатар қызыл кірпіштен қаланған, төбесі ашық. Ені, көлденеңі – 4,6, ұзындығы – 6 метрге жуық, биіктігі – 2,2 метрден асады. Кесене ортасында қызыл кірпішпен қаланған бейіт бар.
Ертеректе бейіт басында бетінде арабша жазуы бар ақ мрамордан белгі болған екен. Оны бір зерттеушілер «орталыққа апарып, не жазылғанын зерттеп, қайтарамыз» деп алып кетіп, содан кері қайтармапты. Оны кімнің алып кеткені, онда не жазылғаны еш пендеге белгісіз. Ерте кезден Қамыр әулие басына бала көтермей жүрген әйелдер, басына қиындық түскен жандар, денсаулығы сызат берген сырқаттар зиярат етіп, дұға оқып, садақа беріп, әулие басындағы бұлақтан су ішіп, қорым басына түнейтін болған. Қазір де сол дәстүр жалғасып келеді. Тарихшылардың оны зерттеуге құлқы жоқ, тарихқа деген енжарлық па, білместік пе, әйтеуір себебі аз емес. Содан «жабулы қазан, жабулы» күйінде қалып келеді.
Қамыр әулие кесенесі осы күнге дейін Жамбыл облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері ретінде мемлекеттік тізімге енбегені қызық. Өлкетанушылар арасында да ол туралы еш мәлімет жоқ. Көне тарихтың куәгері болып, Көкжон өңірінде жаз бен көктемнің жауын-шашынына, қыс пен күздің боран-қарына дес бермей, бар сырын ішіне бүгіп, бедірейіп, желдің өтінде, елдің шетінде Қамыр әулие кесенесі тұр. Ол киелі мекен өз зерттеушілерін күтіп жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Баба жайлы бар мұраның аңыз бен ақиқатын ажыратып, тұтас елге ғылыми тұрғыдан таныту – кезек күттірмейтін жұмыс.
Иә, біз әңгіме етіп отырған Қамыр әулие – осы Көкжон аймағында аңызға айналған тарихтың бір үзігі. Сол қасиетті орынды қастерлеп, жаңғырту – біздің, қазіргі ұрпақтың міндеті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» жобасы бойынша өңірлік қасиетті нысандар тізіміне сұранып тұрған орынның бірі – Қамыр әулие кесенесі. Қамыр әулиені көпшілік болып қолға алып, жергілікті атқару органдарының көмегімен оған реставрациялық жұмыс жүргізіп, сәулетшілердің ұсынысына сай ежелгі қалпына келтірсек, артық болмас еді. Киелі орындармен танысу – елдік бейнеміздің кәусар бұлағы. Сондықтан Сарысу ауданының көлеміндегі Қамыр әулие, Шоқай датқа және де басқа қасиетті тарихи орындарды қастерлеуді, өзімізде ғана емес, басқа жұртқа да әйгілеуді назардан тыс қалдырмағанымыз жөн. Біз азды-көпті шолу жасап, жұрт назарын аударған Көсегенің Көкжонындағы ескі қорғандар, көміліп қалған қамал-қалашықтар, қасиетті орындар өз зерттеушілерін күтіп жатыр. Өлкетанушылыр мен тарихшылыр да игілікті істен шет қалмай, өз үлестерін қосса дейміз. Қарт Қаратаудың жері талай қасіретті, зобалаңды бастан өткеріп, шындығы ашылмаған қаншама құпияны қойнауына бұғып жатыр.
Қорыта айтқанда, Жамбыл облысының Туризм басқармасы, Сарысу ауданының басшылары біз көтеріп отырған мәселеге бейжай қарамай, назарларында ұстап, туристерді тартатын ішкі туризм бағдарламасына қасиетті Қаратау бойындағы шұрайлы аймақ, тарихы терең – Көкжон өңірін енгізгені абзал. Туған жерге тағзым осындай қасиетті орындарды қадірлеп, қастерлеуден басталады. Тарихты ояту – халықты ояту.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор
Жамбыл облысы,
Сарысу ауданы,
Үшбас ауылы