Қостанай облысы Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейінде әйгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сырбай Мәуленовтің өз қолымен тапсырған қолжазбалары, қаламгерлермен, оқырмандарымен жазысқан хаттары, тұтынған заттары және кітаптары сақталған. Солардың ішінде тамыры бір туысқан өзбек халқының ардақты ақынның иығына жапқан шапаны да бар.
Бұл жәдігердің тарихы мынадай. Жалпы, табиғатынан көпшіл, ақжарқын, кім-кімге болса да құшағы ашық Сырағаң 1982 жылы Өзбекстанға шығармашылық сапармен барады. Сондағы оқырмандарымен кездесіп, рухани күш жинайды. Қазақтың үлкен ақыны келді дегеннен кейін сол елдегі қаламдас достары да оны құрақ ұшып қарсы алады. Дәл сол жылы алпысқа толған арқалы ақынның иығына жөн-жоралғымен шапан жауып, сый-құрмет көрсетеді. 1983 жылы туған жеріне келгенде ол кісі әлгі шапанды Арқалық қаласындағы музейге өз қолымен тапсырады. Қазір бұл жәдігер – осы мұражайдағы құнды дүниенің бірі. Ақын шапаны өте жақсы сақталған.
Қазақ поэзиясына соғыстан кейін соны леп, жаңа форма әкелген Сырбай Мәуленовтің шығармашылығына әдебиет сыншылары жоғары баға берген. Сырағаңның ақындығынан бөлек, парасатты публицистикасы мен аудармашылығы да бір төбе. Әсіресе ақын шығармашылығы туралы аузы дуалы жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Сырбай – қазақтың ұлттық әдебиетінің классигі. Классик деген ұғым кез келген кісіге айтылуға тиісті емес. Кез келген дарынды, талантты адам классик бола алмайды. Тек қана өзі емес, бүкіл ұлттық әдеби болмысқа өзінің ізін, өнегесін тастаған адам ғана осындай атқа лайық болуға тиісті. Бұл реттен келсек, қазіргі қазақ поэзиясының көш басындағы сарбаздары Сырбайды да алдымен ауызға алады деп ойлаймын», деп айтқан пікірі ешқашан маңызын жоймайды.