Шежірелі тарихымыздың әр парағын ашып, тереңіне үңілсек, халқымыз ғасырлар бойы басын бәйгеге тігіп, азаттық үшін арпалысқанын көреміз. Бостандық сүйгіш қазақтың басынан небір қилы заман өтті. Қысылтаяң кезде мұқалмай бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген батыр бабаларымыздың ерлігі санамызда жатталып қалды. Сондай бірегей батырлардың бірі ұлтазаттық көтерілістің бас сардары Амангелді Имановтың туғанына биылғы 3 сәуірде 150 жыл толды.
«Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, Амангелді батырдың ерлігі уақыт өткен сайын жаңғырып, айқындала түскендей. Тың деректермен толығып, көтеріліске қатысушылардың естеліктері де баспасөз беттерінде, әлеуметтік желілерде жиі жарияланып жатыр. Аталған бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табарына сенім мол.
Патшалық Ресей кезінде қазақ даласында ірілі-ұсақты 300-дей ұлт-азаттық күресінің болғаны мәлім. Солардың ішінде ауқымдысы дәл осы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс. Отарлық езгінің күшеюімен қатар патша үкіметінің «Июнь жарлығы» қазақ даласында көтеріліс отының лап ете қалуына түрткі болды. Бұл жарлық бойынша 19 бен 31 жас аралығындағы қазақ жастарын майданның қара жұмысына алу көзделген еді.
Нәтижесінде, майданға бала бермеуге бекінген қазақ халқы бірігіп бас көтерді. Осылайша, байтақ даламыздың әр жерінде қарулы көтеріліске ұласқан стихиялық бас көтерулер басталды. Біртіндеп ұйымдасқан сипат алды. Жетісу және Торғай даласы көтерілістің аса ірі ошағына айналды. Патша үкіметі көтерілісшілер шоғырланған жерлерге ірі әскери күштерді жіберді. Қыркүйек, қазан айының басында жетісулық көтерілісшілер шегініп, Шығыс Түркістанға өтіп кетуге мәжбүр болды. Торғай көтерілісі ірі қозғалыс ретінде тарихта қалды. Бас сардар Амангелді Иманов көтерілісшілерді ондыққа, елулікке, жүздікке, мыңдыққа бөліп, арнайы мергендер бөлімшесін құрды.
Амангелді Иманов бастаған көтеріліс тарихы кейін «Торғайға шабуыл», «Татыр шайқасы», «ДоғалҮрпектегі кескілесу», «Күйіктегі айқас» деп аталып, аңызға бергісіз әңгімелер арқылы ел арасында кең тарады. Торғай жеріндегі көтеріліс патша өкіметі құлаған соң ғана тоқтады. Мұның өзі батыр бабаларымыздың көзсіз ерлігін, қайтпас қайсарлығын дәлелдеп тұрғандай. Дәл осы көтерілістің бел ортасынан табылған сардар Амангелді Имановтың көзсіз ерлігі ел есінде мәңгі қалды.
Амангелді Иманов қарапайым халықтың арасынан шыққан тау тұлға, батыр. Ол – кешегі Кенесары ханның сенімді серіктерінің бірі болған атақты Иман батырдың немересі. Батырлық тектен дарыған. Әділдік аңсаған қалың қазақтың арманына қанат байлап, жол бастаған есіл ер – ұлттың тұтастығы, жердің бүтіндігі үшін қарақан басын қатерге тіккен сардар. Батырдың бейнесі халық зердесінде дәл осылай жатталып, солай қала бермек.
Биыл Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толып отыр. Осыған орай батыр мерейтойы ұлт-азаттық көтерілісі қаһарманының есімі берілген ауданда тойланады. Елім деген ердің есімі лайықты деңгейде ұлықталады деп сенеміз.
Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор