• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 08 Қыркүйек, 2023

Еңбек бәрін жеңбек

187 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің экономикалық құрылымына қатысты реформалардың негізгі басымдықтарына тоқтала келіп, ел тағдыры үшін айрықша маңызы бар бірқатар жобаны жүзеге асыруды алға тартты.

Солардың қатарында ел экономикасы мен өндірісінің негізгі бағыттарының бірі саналатын ауыл шаруашылығы саласына көп көңіл бөлінді. «Біз агроөнеркәсіп кешенінде нақты сер­піліс жасауымыз керек. Ауыл шаруа­шы­лығының әлеуеті зор. Еліміздің стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлы­ғын­дағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу», деп атап көрсетті.

Сондай-ақ кейінгі жылдары бүкіл еліміз бойынша қатты алаңдаушылық туғызып, өнеркәсіптің қалыпты дамуына кедергі келтіріп отырған су тапшылығы мәселесі, оны шешу жолдарына жан-жақты тоқталды. Жолдауда: «Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Жан-жақты ойластырылған су сая­­­­сатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұ­мыс істейтін болады», деген жолдар бар.

Міне, осындай, ауыл шаруашылығына қатысты жақсы жаңалықтарды, жобаланып отырған жеңілдіктер мен қол­дауларды, біздер, осы салада ұзақ жыл­дар бойы табан аудармай ең­бек етіп келе жатқан кәсіп иелері қуана қабылдадық. Жолдау жүктеген мін­дет­тер­дің мән-маңызына тоқталмас бұрын ел игілігі, қоғам, заман, адам дамуы үшін шұғылданып отырған, атқарып келе жатқан жұмысымыз жөнінде аз-кем мәлім еткенді жөн көремін. 1994 жылы атакәсіп күріш егумен айналысуды мақсат тұтып «Абзал және К» серіктестігін құрған едік. Ол бір қазір­гі­дей сан салалы қолдау шаралары қа­рас­тырылмаған, қаржы көзі тапшы, қол қысқа заман еді ғой. Дайын тұрған жеріміз, сақадай-сай техникамыз, адам күшіміз жоқ, серіктестік жұмысын бірден дөңгелетіп алып кету оңайға соқпады. Дегенмен табанды, тиянақты жүргізілген жұмыстың, есті-басты азаматтардың қайтпас қажыр-қайратының арқасында жылдан-жылға өрісіміз кеңейе берді. Бү­гінде кәсіпорын отандық күріш өнді­ру­шілердің алдыңғы қатарында. Се­рік­­тестіктің егістік алқабы 6 мың гек­тарға жуық. Жыл сайын 30-35 мың тонна күріш жиналады. Бізге еншілес, күріш өсірумен тікелей айналысатын «Мағжан және К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде аумағы бойынша еліміздегі ең үлкен – 5 мың гектардан астам күріш алқабы бар.

Өндіріс көлемін кеңейте келе, өзіміз­дің ғана емес, бүкіл облыстағы күріш өнімінің сапалы болуына атсалыс­сақ деген ниетпен тұқым зауытын ашқан едік. Бүгінде «Абзал және К» серіктестігі таза тұқымды өздері ғана пайдаланып отыр­ған жоқ, өзге шаруашылықтарға да дайындап беріп жатыр. Кейінгі жылдары «Янтарь», «Лидер», «Фишт», «Анаит» секілді күріш сорттарын жерсіндірдік.

Серіктестік толық цикл бойынша жұ­мыс істейді, яғни бүкіл өнім өз за­уыт­та­ры­мызда өңделеді. Біз күрішпен ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етумен қоса, өз өнімдерімізді экспорттау­мен де айналысамыз. Мәселен, біздің күріштің 30%-ға жуығы «Элит» брендімен Ресей­ге, Қырғызстанға, Әзербайжанға, Түркі­менстанға, Тәжікстанға, Өзбекс­танға жөнелтіледі.

Серіктестік күрішінің сапасы жарнаманы қажет етпейді. Бірнеше рет халық­ара­лық, отандық сапа белгілеріне ие болған, түрлі марапаттаулармен, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен мара­патталған. Компанияның жетістігі елі­міз­дегі басқа да көптеген байқауларда атап өтілген. Серіктестеріміз қатарына «Nestle» (Швейцария), «Metro Cash and Carry» және т.б. сияқты әлемдік деңгей­де­гі компаниялар бар. Біздің кәсіпорын бәсекелестерінен әрқашан бір қадам алда және тұтынушыларға ең жақсысын ұсынады. Біз сапаны, лайықты бизнесті және серіктестерімізді барынша бағалай­мыз.

Күріш дақылы суда өсетіні белгілі. Ал үнемі су жатқан соң жер құнарсыз­да­нады. Арасында күріштік алқапты демалдырып алмаса болмайды. Ондай кезде ауыспалы алқапқа жоңышқа егіледі. Бұл өзі – баяғыдан қалыптасқан дәстүр. Кү­ріш­тің суға тікелей тәуелді екенін ескерсек, онда су реттегішінің пайдасы өзінен-өзі белгілі болады. Жолдауда бұл мәселе: «Суды үнемдейтін озық тех­нологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек», деп қадап айтылды.

Осы орайда, бұрын әр министрліктің, ведомствоның шылауына бір байланып келген су ресурстары комитетінің жеке министрлік болып құрылуы өте дұ­рыс шешім деп білеміз. «Су – тір­ші­лік көзі», бұл проблеманы шешіп алмай бір де бір жұмыс алға баспайды. Айталық, онсыз да жері қуаң Қызылорда облысының диқандары соңғы үш жылда су тапшылығының зардабын қатты тартып отыр. Біз шекара аумақтық су көздеріне тәуелді елміз. Егіс алқабына, оның ішінде күріш танаптарына қажетті су көздері көршілес елдерден ағып келеді. Сондықтан іргелес елдермен бұл мәселені, өзара келісімге келе отырып, екі жаққа бірдей тиімді тұрғыда, оралымды шешу жолын қарастыру қажет. Мемлекет басшысының: «Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер», деген сөзі көңілге қонады. Енді осы мемлекеттік мәселемен жаңадан құрыл­ған Су ресурстары және ирригация ми­нис­тр­лігі түбегейлі шұғылданады деп се­неміз.

Жалпы, Жолдауда атап көрсетіл­ген­дей, мемлекет ауыл шаруашы­лығын, жергілікті жерлерде кәсіпкерлікті дамы­ту­ға барынша жағдай жасап келеді. Ол үшін бюджеттен аса қомақты қаржы бөліп, шаруашылықтардың шаруасын тү­зеп алуына ықпал етуде. Оны жыл сайын, тұрақты түрде беріліп келе жат­қан түрлі субсидия көлемінен-ақ бай­­қауға болады. Кейінгі жылдары кү­рішке төленетін субсидия нормасы да едәуір көтерілді. Сондай-ақ күріш өнді­рі­сінде пайдаланылатын минерал­дық тыңайтқыш, гербицидтер, су жет­кізіп беру қызметіне төлейтін Үкімет бекіткен субсидиялар бар. Қысқасы, кеткен шығынның төрттен бір бөлігін мемлекет субсидиялап отыр. Облыс әкімдігі де шаруалардың барлық жағдайын жасап келеді. Ол үшін арнайы күріш кластерін дамытатын консорциум құрылған.

Жолдауда айшықталған тағы бір ма­ңыз­ды мәселе – салық саясаты. «Кә­сіп­керлер қосымша құн са­лы­ғын қайтару рәсімінің күрделі екені жө­нінде орынды мәселе көтеріп, ша­ғым­­данып жүр. Бұл жайт еліміздегі инвестициялық ахуалға кері әсерін тигізеді. Үкімет көптен бері түйіні тарқамай келе жатқан осы мәсе­ле­ні шұғыл шешуге тиіс. Сондай-ақ салық жеңілдіктерін беру тәртібін реттеу қа­жет. Олар экономикалық ынталандыру шараларының нысаналы тәсілі болуы керек», деді Мемлекет басшысы. Міне, бұл айтылғандар да өндірісіміздің дамуына тікелей қатысты. Қосымша құн салығын қайтару рәсімін жеңілдету де кәсіп иелерінің қызметін алаңсыз өріс­те­туіне септігін тигізеді.

Әрбір еңбеккерден сапалы жұмыс талап ету үшін олардың алаңсыз жұмыс істеуіне жақсы жағдай жасау керек. Мем­лекет басшысының Үкімет алдына қойып отырған басты талабы да осы. Сол тұр­ғыда маңызды міндеттер, түйінді тапсырмалар тізбектелген бұл Жолдауды барша отандастарымызды «Әділетті Қа­зақ­стан» құру жолында жаңа белес­тер­ді бағындыруға жетелейтін және ортақ мақсатқа жұмылдырған құнды құжат деп бағалаған жөн.

 

Абзал ЕРАЛИЕВ,

«Абзал және К» серіктестігінің директоры, Қазақстанның Еңбек Ері