Президент жыл өткеріп әлеуметтік салаға көп назар аударатын еді. Биыл экономиканың барлық саласын кешенді дамытуға мән берілгендей. Осы тұрғыдан келгенде Жолдау ерекше болды деп топшылауға болады. Тоқталайық.
Ең бір ескерілмей келе жатқан күрмеулі мәселелерге су, энергия тапшылығы, инфрақұрылымды дамыту сынды түйткілдер сауатты бір шешімін күтіп тұрғаны жалпыға аян. Бұдан бөлек, бюджеттік қатынастарды реттеу де бар.
Су шаруашылығымен айналысатын жеке салалық министрліктің құрылуы маған ерекше әсер қалдырды. Биылғы жаздағы қуаңшылық іс жүзінде көп түйткілдің бетін ашты. Біздіңше бұл жаңа құрылым ұлан даламызды сумен қамту, тұтастай алғанда суды үнемдеуге де игі ықпалын тигізеді деп ойлауға болады.
Судан кейінгі маңыздысы – жол сапасы. Жол жайлы болуы үшін стандарт қабылдануы түсінікті. Жол қауіпсіздігі экономикамыздың өркендеуіне бірден-бір фактор.
Ендігі бір ойланарлық жайт. Атом стансасын салу не салмау сауалы қазір бәріміздің алдымызда кесе көлденең тұр. Семей зардабынан соң бұл біздің жүйкемізде де, жүрегімізде де қара дақ болып қалып қойған. Жапониядағы жарылыстарды алалық. Чернобыльдегі апат. Жойқын жарылыстар салдарын бұқара әлі күнге дейін тартып келеді. Бұл тақырыпқа оралмақ түгілі, айтудың өзі санамызға сарсаң мен үрей ұялатады. Осындай күрделі сауалды халықтың еншісіне қалдырудың өзі елдің болашағына деген терең сенімнің көрінісі деп бағамдарлық. Атом энергетикасы Қазақстанға қажет! Бұл менің жеке пікірім. Осы арада салалық мамандардың даярлануы деген дүние қылаңытады. Кімнің технологиясын аламыз? Еуропаның дамыған қауіпсіз технологиясын енгізудің өмірлік мәні бар. Референдум – осы сұрақтың өркениетті жауабы.
Жергілікті басқаруды әрі қарай дамыту. Аудан және қала әкімдерінің сайлауы. Әр аймақ басшысы жауапкершілікті алуы үшін қазыналық дербестігі болуы шарт. Корпаративтік салық. Қосылған құн салығы. Бюджетаралық қоғалыстың қолайын жағатын амалдар мұның бәрі. Түптеп келгенде қаржылық саясаттың оңтайлануы әр аймақтың еркін дамуына тың мүмкіндік.
Серікжан БАЙБОСЫНОВ,
Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы
Қарағанды облысы филиалының директоры