Мемлекеттік академиялық би театрының негізін қалаушы әрі тұрақты жетекшісі, халық әртісі, әйгілі хореограф, профессор Болат Ғазизұлы тірі болғанда 85 жасқа толар еді.
Әкесі Ғазиз Қуатовты, көрнекті комсомол, партия қайраткерін 1938 жылдың шілдесінде қамауға алғаннан кейін, бір жарым айдан соң Болат Аюханов туыпты. Анасы айтатын еді: «әйелдер босанатын үйдің дәлізінде сайман-қаруларын асынған НКВД қызметкерлері жүрді, жас босанған әйелдердің қайсыбірін дереу қайтадан тұтқындап әкеткенін көргенімде, зәрем ұшты…»
Шіркін, анасы-ай, қызы мен екі ұлы қашан естерін танығанша, әке-шешелерінің, бауырларының есімдерін жазып, әрқайсысының киімдеріне тігіп қояды екен. Сәт сайын апат күте отырып, соны балаларына сездірмеуге тырысқаны қанша күшке түскенін кім білсін? Жиырма сегіз жасында жесір қалып, зұлымдықтың небір түріне еріксіз куә болғанымен, қашан көз жұмғанынша, әділеттің, партияның ғаламат күшіне сенгені Болат үшін төзімнің, ерліктің мектебіндей. Қыршынынан қиылып түсерде адал әкенің «балаларды коммунистік рухта тәрбиеле» деп ақ матаға қанымен жазып кеткен аманатын анасы орындадым деп ешқашан айғайлап айтпағанымен, шүкіршілік, бұлардың өмірден өз орындарын тапқанын көрді, қуанды, мақтан тұтты.
Қазақ өнеріндегі осынау орны бөлек дара тұлғамен талай мәрте тілдесіп, әредікте әңгіме-дүкен құрып тұрғанымыз бар еді.
Әр жылдары өзіне қойған сауалдарыма жауаптарын, сұхбаттардан үзінді ұсынамын.
– Мен үшін жүйе, ағым, партиядан гөрі адамшылық қасиет әлдеқайда маңыздырақ. Ең бастысы – адам, тұлға, өзара таза қарым-қатынас. Қандай қоғамда да осылар басты ұғым. Өнерде бағым жанса, туған жеріме, еліме, биік тұлғаларға борыштымын.
– Егер Димаш Ахметұлы Қонаевтың көмегі болмаса, біздің балет ұжымы да болмас еді. «Партизандық» әдіспен о кісіге телефон шалдым. Дереу «кел» деді. Екі сағатқа жуық сөйлестік. Сол сәтте өтуге тиіс мәжілісті бір жарым сағатқа шегеріп, ұзақ әңгімелесті. «Сенің өнеріңмен таныспын, республикамызға қажетті мамансың, дарынды бишісің, біз мұны жоғары бағалаймыз. Шығармашылық мұң-мұқтажыңды қысылмай кез-келген уақытта айт, қашан келгің келсе де, есігім ашық» – деді. Сенімін ақтауға тырысатынымды, жөн-жосықсыз мазалап, шектен шықпайтынымды жүзеге асыруға кірістім. «Тағы бір балет ұжымының қажеті қанша, театрымыз бар емес пе» деп қарсыласқандар көп болды. Ілияс Омаров «Бұл жас балет барлық континент пен шетелдерге біздің республикамызды көрсететін жеңіл кавалерия болмақ» деп қолдағанын қалай ұмытарсың. Сол кезеңде Д.Қонаев, С.Имашев, І.Омаров, М.Есенәлиев, Плотников, Л.Ғалымжанова сынды тұлғалардың қолдап, жағдай туғызғаны үшін оларға мәңгілік қарыздармын. Жиырма алтыда ғана едім, өзімнің кәсіби шеберлігімді жан-жақты дамытуға жағдай жасады. Әрбір он жыл сайын кездесіп тұрдық Димаш ағамен. Мені со кісінің баласы дейтін сыбыр-күбір де естимін. Бір жолыққанымызда «Мені – сіздің ұлыңыз деп айтады» дедім. «Айтсын. Менің осындай ұлым болғанына қарсы емеспін» деді:
Кім білсін, мүмкін шығармашылық табыстарға со кісінің арқасында жеткен шығармын. Маған деген сенімін бүкіл жан-тәніммен ақтауға тырыстым. Бірде «Біз Алматының корольдік балетіміз» деп аңдамай айтып қалғаным бар. Күні бүгінге шейін ықпалын, ыстық ықыласын сезінемін. Д.А.Қонаев дүниеден өткенде, «сіздің уақытыңыз бітті» деді маған. Неткен қорлау десеңізші. «Ал сіздің уақытыңыз ешқашан тумайды» дедім.
– Жайдақтықпен, жеңіл-желпі желіп өтуге дағдыланғандардың тамағына тұрып қалған сүйектей болып жүретінімді өзім де білемін. Шығармашылық адалдығымды, өнер шындығын, жан дүние тазалығын төңірегімде өтіп жатқан жайттармен үндестіру маған өте қиын. Өмір бойы қасымдағылардың жай-жапсарына, жағдайына құрақ ұшумен келемін. Бұл өте үлкен, ауыр жұмыс. Ұдайы мазасыз тірлік кешемін. Алда-жалда әлдекімді мезі еткенімді аңғарсам, дереу сытылып шығамын. Кейбіреулердің өзімді әбден шаршатып, жалықтыратынын сезсе де, маза бермейтініне қайран қаламын. Анамыз «мына дүниеге бәріміз қонақпыз» дегенді жиі қайталайтын. Бүгін бармыз, ертең жоқпыз. Мен бәріне үлгеруім керек, өмірдің қонағы ғана емес, тағдырымның қожасы да болғым келеді. Көптеген адамның моральдық, материалдық жағдайы, тіршіліктегі ұстанымы өзіңнен тәуелді болғаннан кейін шарқ ұрасың, асығып-аптығасың. Лауазым иелеріне, жалпақтағанды жақтырмаймын. Өз ісімнің шеберімін деп санағандықтан да солай шығар. Емін-еркін, батыл кетсем, шығармашылық ойларымды орындауға құлшыныстан ғана;
– Өнер ешқашан өлмейді. Кеше болған, бүгін бар, ертең де болады. Рас, қазір қиын, кедейшілік басым. Десек те, болашаққа қойған мақсатымыз үшін бүгінгі жағдайымызға төзу қажет. Ең негізі – өнерде келешек бар. Таланттың жарыққа шығуы қашан да қиын. Мәселен, мен өмір бақи күресіп келемін. Пәлендей биік дәрежеге жетпесем де, өмірден өз орнымды таптым. Дарыныңды дәлелдеу үшін күресе білу керек. Жастық күш-қайрат, жігердің алмайтын қамалы жоқ. Қазір өз-өзіңді көрсетіп-таныту әлдеқайда жеңіл. Неше жерден нарықтық қатынас десек те, бүгінгі таңда талантты танып, лайықты биігіне көтерудің жолы әлдеқайда көп. Таланттың күреске дайын еместігі басқа мәселе. Құр жылай бергеннен не шығады, ізден, талаптан, әрекет жаса, амалын қарастыр. Мәдениет саласында қазір бастама, қозғау салу жетіспейді. Бәрі қандай да бір нұсқау күтетін сыңайда. Бұйрық райдың, бағыт-бағдар сілтеудің күні өшіп кетті.
– Біздің балет ұжымы – тарихи факт, әлемдегі ең ғажап ансамбль, Қазақстанның мақтанышы. Мен мұны ашық айтудан ұялмаймын. Әлгінде жас кезіңіздегі белсенділік дедіңіз, мен үшін жарық дүние – жастық. Қартайғым келмейді, кәрілікті емес, кемеңгерлік, ақыл тоқтатып, толысқандықты ғана мойындаймын. Мен тіршілікке, әлемге өзімнің мамандығымның, кәсіби шеберлік мүмкіндігімнің елегінен қараймын, өмірдің жасампаз симфониясын осыдан көремін. Жиырма, отыз, қырық, елу… жастағы шақтарым есімде жоқ, бәрі шығармашылықта, сондықтан да мен әрқашан жаспын. Бұл тоқмейілсу, өз-өзіне ризашылық деп қалмаңыздар. Жас болатын себебім – үнемі шарқ ұрып, әлденені іздеймін де жүремін. Алған бетімнен қайтпаймын, айқын мақсат қойып, соны орындау жолында еш аянбаймын.
– Мен, ең алдымен, өз ұлтымның азаматымын, тамырым тереңде. Егер қазақ болмасам, әлдеқашан шетелге кетіп қалар едім. Кім біледі, Рудольф Нуриев секілді байып кетуім де мүмкін еді. Ана тілімде еркін сөйлеп, әдет-ғұрыптарымызды терең меңгермесем де, ұлттық өзегімнің таңғажайып сиқырын әрдайым сезінемін. Ш.Уәлиханов, С.Сейфуллин, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов, Д.Қонаев, І.Омаров, М.Есенәлиев, міне, ұлтымыздың ар-ожданы. Мен қазақты құбылыс деп есептеймін. Мұның өзі ұлт деген ұғымнан әлдеқайда кең. Қазақты ұлт деп емес, құбылыс деп қарайтыным – оның дүниетанымы, болмысы географиялық, территориялық анықтамалардан әлдеқайда терең, тұңғиық, күрделі. Қазақстан тарихын танып-білу мүмкін бе екен бізге? Өзіміздің кім екенімізді М.Әуезов, І.Есенберлин, Ә.Әлімжанов туындыларын оқығаннан кейін ғана түсінгенімді несіне жасырайын. Адамның туған жеріне деген махаббаты жасың ұлғайған сайын күшейе береді. Мәскеу, Петербург, Ыстанбұл ма, дүниежүзінің қай бұрышына барғанда да өзімнің қазақ екенімді ұмытқан емеспін. Мені адам қылған туған елім. Екі жоғары оқу орнын бітірдім, жан-жақты білім алдым, профессормын, балетмейстер мамандарын даярладым, бидің жас жұлдыздарын тәрбиелеп шығардым. Осының бәрі елімнің арқасы. Туған еліңнің титімдей бөлшегі екеніңді ұғыну кез келгеннің маңдайына жазылмайды.
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,
жазушы