• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 10 Қыркүйек, 2023

Бұхарада ел басқарған қазақ

309 рет
көрсетілді

Ауылда өскен балалар секілді Балтабай Мейіров те төрт түлік малды қарауға, оны күтіп бағуға ерте жастан ынталы болды. Осы бір ынта оны Мәскеуге жетеледі. Сондағы білдей институттың мал шаруашылығы мамандарын даярлау бөліміне оқуға түсті. Кейін білікті маман ретінде қатарға қосылды.

Ол түрлі лауазымды қызмет­тер­де жүрсе де мал шаруашылы­ғының өнімділігін, оның ішінде қаракөл қойларының өнімділігін өз төлі есебінен көбейтуге, одан алы­натын елтірінің сапасын се­­лек­­­циялық әдістер арқылы жақ­­­­­сартуға баса назар аударды. Со­ны­­мен қатар жайылымды жыл он екі ай дұрыс пайдалануды ма­­ман­­­­дар­дан жүйелі түрде талап етіп отыр­ды. Оның осы бір тала­бы мен тәр­тібі нәтижесін берді де.

Мейіров Балтабай 1914 жылы Ақтөбе облысының Ойыл ауданына қарасты Алты-Қарасу елді мекенінде дүниеге келген. Балалық шағы Қазан төңкері­сімен тұспа-тұс келген ол ерте есейіп, еңбекке араласты. 1931 жылы анасы, бір жылдан кейін әкесі дүние салды. Бұл жағ­дай бала Балтабайды тіпті ши­рата түсті. Мектепті бітір­ген соң 1932-1933 жылдары Мәс­кеу­дегі Инженерлік инсти­тут жанын­дағы жұмысшы факуль­теті­нің ветеринарлық кур­сын бітір­ді. Іле Мәскеу зоотех­ни­ка­лық институтының қой шаруа­шылы­ғы факультетіне оқуға түсті.

Ол кезде Мәскеуде оқу екі­нің біріне бұйыра бермейтін бақ еді. Осындай бақ Балтабай Мейір­ұлының да басына келіп қонған. Оның студенттік шағы да үлгі-өнегеге толы. Ұстаздарының жетекшілігімен студенттік ғы­лыми конференцияларға белсене қатысып, баяндама жасай­тын. Негізінен, қойларды азық­тандыру, оның өнімділігін артты­ру тақырыптарын жиі қамти­тын. Сондай-ақ оның баянда­малары баспа беттерінде де жиі жарық көріп отырған. Студент­тік шақтағы ізденісі мен талпыны­сы, ғылыми жұмыстары келешекте білікті маман болып қа­лыптасуына зор ықпалын тигізді. Қазақстанның қияндағы ауылынан шыққан қара бала оқуға деген құштарлығының арқасында инс­титутта жақсы оқып, 1937 жылы үздік бітірді. Оның архив­тен табылған құжаттары да дәлелдеп отыр. Ол салалық пәндердің бәрін «өте жақсы» деген бағамен тәмамдаған.

Білімге жүйрік Балтабай Мейірұлы білікті маман ретінде де еңбекке белсене араласты. Ол еңбек жолын Қарақалпақ АКСР Төрткүл қаласындағы зоналдық ғылыми стансада аға ғылыми қызметкер болып бас­тады. Ал 1937-1941 жылдары Қат­та­қор­ғандағы ауданының «Ұлыс», Бұха­радағы «Тамды» кеңшарларында зоотехник, партия ұйымы хатшысы қызметтерін атқарды. Ол инс­титутта алған теориялық білімін іс жүзінде пайдалануға құлшына кіріседі. Балтабай Мейірұлы қоғамдық малды жем-шөппен қамтамасыз етуге маңызды қора-жайлардың жаңадан салынуына ықпал етті. Сонымен қатар өзі жұмыс істеген қаракөл қой шаруашылығы кеңшарларында селекциялық жұ­мыс­тардың жүйелі түрде атқа­рылуына бастамашы болды. Ол қаракөл қойынын аналық­тарының биологиялық ерекше­ліктеріне байланысты сұрыптау жұмыстарына, отар-отарға топтастыруға ерекше мән берді. Сол сияқты қошқар­ларды да ерекше назарда ұстайтын. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде мемлекетке тапсырылатын қара­көл елтірісінің сапасы 85-92 пайыз­ды құрады. Бұл сол кезде кірістің негізгі көзі еді.

Сұрапыл соғыс басталғанда Балтабай Мейірұлы да майданға аттанды. 1941-1943 жылдары 91 және 120-дивизиялық миномет­шілер дивизионының комиссары болды. 1943 жылдың мау­сым айында екінші топтағы мүгедек деп танылып, тылға жіберілді. Ол кезде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін қоғамға пайда тигізу үшін тер төгетін. Балтабай Мейірұлы да мүгедектігіне қарамастан 1943-1946 жылдары Қарақалпақ об­лыс­тық партия комитетінің бірне­ше бөлімінде меңгеруші, одан кейін 1948 жылға дейін Қып­шақ аудандық атқару комитетінің бас­қарушысы болып қызмет етті. Қандай қызметте жүрсе де, білім­ге деген құштарлығы басыл­ған емес. 1948-1950 жылдары Ташкент қаласындағы Өзбекстан коммунистік партиясы Орталық комитеті жанындағы Жоғары партия мектебінде оқыды. 1950-1953 жылдары Бұхара облыстық партия комитетінің хатшысы болып еңбек етті. 1953-1963 жылдары Бұха­ра облысындағы «Тамды» және Самарқан облысындағы Киров атындағы кеңшарлардың директоры болып жемісті жұмыс істеді. Ол 1964 жылдың күзінде атамекеніне оралады. Сол кездегі Шымкент облысының Созақ ауданындағы Калинин атындағы кеңшарына бас зоотехник болып тағайындалады. Осы қызметті өмірінің соңына дейін абыроймен атқарды. Есімі мен еңбегі ел есінде қалған Балтабай аға Түркістан облысындағы Созақ ауданына қарасты Шолаққорған ауылында жерленген.

 

Чары КӨШЕРБАЕВ,

Баратбек БЕГІМҚҰЛ,

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің профессорлары

 

АЛМАТЫ