Қыркүйекте АҚШ-та Орталық Азия елдері үшін маңызды жиын өтеді. Бес мемлекеттің басшысы мұхиттың арғы бетінде Ақ үй басшысы Джо Байденмен кездеспек. Жиын барысында әлемдік және өңірлік қауіпсіздік, бейбітшілік пен тұрақтылық, экономикалық байланыс секілді мәселелер талқыланады деп жоспарланған. Әзірге күн тәртібіне нендей түйткілдер шығарылатыны белгілі емес. Алайда сарапшылар бұл жиыннан үлкен үміт күтіп отыр.
«С5+1» форматы атауымен белгілі басқосу бұған дейін негізінен Орталық Азияда өтіп келген. Енді бес мемлекеттің басшысы алғаш рет мұхиттың арғы бетіне бір мезгілде сапар шекпек. Аталған формат – Орталық Азияның бес елі мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимылдың көпжақты тетігі. Платформа аясында экономикалық даму, өңірлік ынтымақтастық, қоршаған орта және қауіпсіздік мәселелері талқыланады.
Бұл бастама Демократиялық партия өкілі Барак Обама тұсында құрылды. Осылайша, АҚШ-тың Орталық Азия жөніндегі саясаты жаңаша сипатқа ие болды. Сол кезде Ақ үй басшысы Орталық Азия мемлекеттері өңірлік проблемаларды шешу үшін, ең алдымен, ауызбіршілік танытып, барлық тарап мақұлдайтын күн тәртібін құрып алу керек деген ұстанымын білдірді. Осы мақсатта 2015 жылы Обама әкімшілігі Орталық Азиядағы интеграцияны күшейтуді көздейтін «С5+1» платформасын құруға мұрындық болған. Аталған алаң аясында бірнеше мәрте кездесулер өтті.
Мәселен, 2015 жылы мемлекеттік хатшы Джон Керри өңірдегі мемлекеттердің сыртқы істер министрлерімен жолықты. Араға жыл салып БҰҰ Бас Ассамблеясының жұмысы аясында ведомство басшылары тағы жолықты. Мұндай басқосулар легі 2017 жылы да жалғасты. Сол кездегі мемлекеттік хатшы Рекс Тиллерсон қыркүйекте аймақтағы әріптестерімен түйткілді мәселелерді талқылады. Министрлік деңгейдегі кездесулер легі мұнымен тоқтаған жоқ. Коронавирус басталған жылды ескермегенде, олар жыл сайын кемі бір рет бас қосып отырғаны белгілі.
Биылғы келіссөздер Сарыарқаның төрінде өтті. Елордаға АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен ат басын бұрды. Мұхит асып келген мейман Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды, бірқатар лауазымды тұлғамен жолықты. Кездесулерден кейін Э.Блинкен журналистерге сұхбат беріп, АҚШ тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың игі әрі батыл реформаларын әрқашан қолдайтынын жеткізді.
«Біз, әрине, Қазақстан қабылдайтын іс-шаралар мен атқаратын жұмыстарды бақылап, саралап отырамыз. Мәселен, елдегі адам құқығын қорғау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, оның тамырын жою секілді. Сондай-ақ президенттік мерзімге қатысты жүргізіліп жатқан реформалардың орны ерекше. Бұл өзгерістер өз кезегінде Қазақстанды инвестиция құюға қолайлы ел ретінде көрсетеді. Біз 1991 жылдан бері Қазақстан экономикасына 50 млрд доллардан астам инвестиция құйдық. Болашақта да АҚШ тікелей инвестиция көлемін арттыруға ниет білдіріп отыр», деді Э.Блинкен.
АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен келіссөздер жүргізуге ниет білдіруінің бірнеше себебі бар. Біріншіден, аймақ географиялық және геосаяси тұрғыдан үлкен маңызға ие. Бес мемлекет мұхитқа тікелей шыға алмаса да, Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстырып тұр. Екіншіден, Ауғанстаннан аузы күйген АҚШ үшін Орталық Азияның тыныштығы, басына күн туғанда сөзін сөйлеуі қажет.
Үшінші мәселе кейінгі кезде өзектілігі артты. Украинадағы соғыс басталғалы ресми Вашингтон өңірдегі ықпалын арттыруды көздейді. Қазіргі таңдағы шартараптың басты антогонисті – Ресейдің ырқына көніп кетпеуі үшін мүмкіндігінше Орталық Азияға қамқорлық жасауға талпынады. Сол себепті бүгінде Ақ үй бастаған батыс шенеуніктері өңірдегі мемлекеттер жіберген кемшіліктерге кейде көз жұма қарайды.
Төртіншіден, Орталық Азияға қызығатын белді ойыншылардың саны артып келеді. Ресей мен Қытайдың ортасында орналасқандықтан, қай-қайсы да өңірде белсенділігін арттырып, өзінің ығына көндіруді көздейтіні түсінікті. Оның үстіне Сауд Арабиясы секілді мемлекеттер де аймақпен ынтымақтастығын арттыруға ниетті. Осы бағытта қазірдің өзінде бірнеше кездесу өтіп үлгерді.
Бесіншіден, еліміз америкалық тарап үшін басты экономикалық серіктесі атанбаса да, тауар айналымы айтарлықтай деңгейде. Елімізде АҚШ-тың көптеген компаниясы жұмыс істейді. Мәселен, Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сауда айналымы 2022 жылы 3 млрд доллардан асқан. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,2 пайызға артық. Экспорт көлемі 1,15 млрд долларға, ал АҚШ-тан Қазақстанға импорт көлемі 1,89 млрд долларға жеткен.
АҚШ – Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бірі. 1993 жылдан бері АҚШ-тың елімізге тікелей инвестицияларының жалпы ағыны 62 млрд доллардан асты, ал 2022 жылдың алғашқы үш тоқсанында Америка инвестициясының көлемі 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 58,8 пайызға, яғни 5 млрд долларға дейін өсті. Елімізде мұхит асып келген капиталдың қатысуымен 590-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді.
АҚШ-тың Орталық Азияға үлкен қызығушылықпен қарайтыны мынадан да байқалады. Былтыр өңірде мұхиттың арғы бетінен көптеген шенеунік ат терлетіп келді. Мәселен, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі көмекшісі Дональд Лу биылғы сәуірде Қырғызстан мен Тәжікстанға іс-сапармен барды. Мамырда Қазынашылық департаменті терроризмді қаржыландыру және қаржылық қылмыстар жөніндегі атқарушы көмекшісі Элизабет Розенберг және Сауда департаментінің экспортты бақылау жөніндегі көмекшісі Мэтью С.Аксельрод қонаққа келді. Өткен аптада Мичиган штатының сенаторы, Сенаттың ішкі қауіпсіздік және үкімет істері жөніндегі комитетінің төрағасы Гэри Питерс Қырғызстан мен Қазақстанға ат басын бұрды.
Сарапшылардың пайымдауынша, Ақ үй билігі халықаралық ынтымақтастықты Украинадағы соғысты тезірек аяқтауға жұмылдырғысы келсе, қазір мұның таптырмас сәті келіп тұр. Әсіресе Орталық Азия мемлекеттерін бауырына тартып, достық пейілін ашық көрсетуге тиіс.
«Орталық Азия мемлекеттері географиялық және саяси жағынан Ресей мен көршілес елдердің ықпалында қыспақта қалған. Олар соғыс жағдайында бейтарап көзқарас ұстанғанымен, қыл көпірден өтіп келе жатқандай жағдайда қалып отыр. Орталық Азия жұртшылығының Украинадағы соғысқа қатысты пікірі екіге бөлінген. Ал өңір басшылығы Ресейдің экономикалық ықпалында қала беру шыңырауға құлататынын жақсы түсінеді», деп жазады «The Diplomat» сайтының шолушысы Катерин Путз.
Сонымен қатар аймаққа қатысты Қытайдың өз мүддесі бар екенін Байдан әкімшілігі естен шығармауға тиіс. Өйткені соғыс салдарынан Мәскеудің бұрынғыдай күші қалмаса, Бейжің билігінің керісінше ықпалы артып келеді. «Жұмсақ күш» саясатын жүргізіп, экономикалық серіктестікке екпін беріп, өз ықпалын арттыруды көздейді.
«Atlantic Council» сарапшысы Марк Темники Орталық Азиядағы бес мемлекет гео стратегиялық тұрғыда Еуразияда маңызға ие екенін жазады. Автордың пайымдауынша, Қытайдың өңірдегі ықпалын арттыруға тырысу батысқа геоэкономикалық қарсылығын күшейтеді.
«Байден әкімшілігі аймақтың геосаяси және геоэкономикалық әлеуетін мойындаса да, әрекет етуге асықпады. Бүгінгі күнге дейін АҚШ-тың бірде-бір президенті аймаққа барған емес, алдағы уақытта да президенттік сапарлар жоспарланып отырған жоқ. Ал Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин аймаққа ерекше назар аударып отыр. Мәселен, биылғы мамырда Си Цзиньпин мен Орталық Азияның бес көшбасшысы арасында өткен саммит нәтижесінде Қытай инвестициясы артты. Бейжің қазіргі уақытта Орталық Азия газының ең ірі тұтынушысы саналады. Мәскеудің Украинаға басып кіруі Ресейдің ықпалын азайтса да, оның орнын АҚШ емес, Қытай толтырып отыр», дейді М.Темники.
Көп сарапшы «әлемдік үстемдікке таласатын державаға бұл аймақ таптырмас мүмкіндік» деп есептейді. Өйткені АҚШ-тың басты саяси бәсекелесі Ресей мен сауда-экономикалық қарсыласы Қытай Орталық Азия елдерімен шектесіп жатыр. Колумбия университетінің аспиранты Коллин Вудтың пайымдауынша, мұндай қадам үлкен шахмат тақтасында екі жақ қана емес, үшінші ойыншы бар екенін «ескертіп» қою үшін қажет.
Осы орайда мына мәселеге назар аударған жөн. Джо Байден Барак Обаманың президенттігі кезінде вице-президент лауазымын атқарған. Яғни «С5+1» бастамасының басы-қасында жүргендердің бірі. Ендеше Джо Байденнің әкімшілігі өңірдегі ықпалын арттырмаса, кемітпейтіні түсінікті. Демек бес елдің басшыларын Вашингтонға шақыру арқылы Ақ үй тарапы Орталық Азияны назардан тыс қалдырмайтынын байқатып отыр.