Шағын және орта бизнес – ел экономикасы дамуының локомотиві. ШОБ – қарапайым тұрғындардың кәсіпкерлікпен айналысу ауқымын айқындайтын көрсеткіш, сонымен қатар халық әл-ауқатының айнасы. Елімізде жыл өткен сайын шағын және орта бизнес субъектілерінің саны артып келеді. Мемлекет басшысы атап өткендей, елдің ішкі жалпы өніміндегі оның алатын үлесі 2025 жылға қарай 35 пайызды құрауға тиіс.
Халықтың кәсіпкерлікпен айналысуы үшін қоғамда оған қолайлы жағдайлар жасалуға тиіс және құқық қорғау органдары тарапынан негізсіз тексерулер мен айыппұлдар болмағаны жөн. Бизнесті заңсыз түртпектеуден қорғау – мемлекеттің басым міндеттерінің бірі. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы лауазымына келген сәттен бері үнемі айтып келеді. Өйткені кейінгі жылдардағы пандемия, айналамыздағы қарулы қақтығыстар, бізбен бір экономикалық одақта отырған елдердің жаппай санкцияға ұшырауы – ел экономикасына кері әсерін тигізгені сөзсіз. Мұндай жағдайда экономиканы дамыту үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып, халықты кәсіпкерлікпен шұғылдануға шақырып, бизнесті қорғау қажет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Жолдауында-ақ бизнес өкілдері құқық қорғау және тексеруші органдардың іс-әрекетіне байланысты көптеген қиындыққа тап болып жатқанын айтып, бұл әрекетті «мемлекетке қарсы жасалатын қылмыс» деген болатын. «Шағын және орта бизнеске қатысты рейдерлік әрекеттер жиілеп кетті. Бұл мәселе жөніндегі ұстанымым белгілі: бизнестің, әсіресе шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтіретін әрекеттер мемлекетке қарсы қылмыс деп танылуға тиіс. Осыған орай заңнамалық сипаты бар қосымша шаралар қабылдау қажет. Парламент пен Үкімет осы мәселені шешу жолдарын ұсынуы керек», деді ол.
Президент тапсырмасына сәйкес Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң әзірлеп, оған Мемлекет басшысы 2021 жылы 2 шiлдеде қол қойғаны белгілі. Бұл заң Қылмыстық кодекстің рейдерлік туралы 249-бабының шын мәнінде тек «ақ рейдерлікке», яғни корпоративтік дауларды реттеуге арналған бұрынғы нұсқасын айтарлықтай толықтырып, осы қылмыс түрлері үшін белгіленетін қылмыстық жауаптылықты анағұрлым күшейтті.
Ал өткен жылғы Президент сайлауынан кейін ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Басты міндет – іскер азаматтарымыздың кәсіпкерлік рухына зиянын тигізетін жасанды кедергілер мен шектеулердің бәрін жою. Кәсіпкерлер бизнеске жүргізілетін себепсіз тексерулерді біржолата ұмытуы қажет. Олар тек салық органдарының алдында ғана есеп береді. Мемлекет пен бизнес – сенімді серіктестер. Шағын және орта бизнестің дамуына заңсыз кедергі келтіретіндердің бәрі заңға сәйкес қатаң жауапқа тартылады», деп тағы да қатаң талаптар қойды.
Шын мәнінде, бизнесті негізсіз тексерулерден қорғау – Әділетті Қазақстан құрудың басты бағыты болса керек. Өйткені бір жағынан әлемдегі геосаяси жағдайлар мен экономикалық дағдарыстың ауыртпалығын тартып жатқан шағын және орта бизнесті екінші жағынан өзіміздің құқық қорғау және тексеруші органдарымыз қыспаққа алса, жығылған үстіне жұдырық болатыны сөзсіз. Ендеше, Президент тапсырмалары қаншалықты орындалып жатыр?
Бұл бағытта заңның үстемдік құрып, негізсіз кедергілерге қарсы күрес жүргізу прокуратура органдарына жүктелген және оның негізгі қызмет бағыттарының бірі. Бас прокуратура таратқан мәліметтерге қарағанда, Президенттің бизнесті қорғау бойынша берген тапсырмалары бүгінде біртіндеп орындалып келеді. Сандарға көз жүгіртсек, биылдың өзінде прокуратура органдары бизнес субъектілеріне қарсы заңсыз әкімшілік жаза қолданылған 3,5 мың істі анықтаған. Прокурорлардың актілері бойынша 2,5 мыңнан аса айыппұл мен ескерту алынып тасталған. Заңсыз салынған әкімшілік жазаларды қайта қарау жұмыстары жалғасып жатыр.
Мәселен, прокурорлар екі айлық ескіру мерзімінің өтуіне қарамастан, мемлекеттік кірістер органдары кәсіпкерлерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 92-1 бабы (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңнаманы бұзу) бойынша барлық жерде әкімшілік жаза қолданғанын анықтап отыр. Соның бірі – Ақмола облысының Бұланды ауданында орта кәсіпкерлік субъектісі құқық бұзушылық жасалған күннен бастап 4 айдан кейін кодекстің 92-1-бабының 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылып, оған 438 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Қазіргі уақытта салық органдарының Әкімшілік кодекстің 92-1-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді белгіленген мерзім өткеннен кейін қозғау тәжірибесі тоқтатылды. Прокуратураның шаралары бойынша жол берілген бұзушылықтар үшін бірқатар лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Әділетті Қазақстан құру жолында заңдылықтың сақталуы үшін жұмыс істеп жатқан прокуратура органдарына кәсіпкерлік өкілдерінен келіп түсіп жатқан алғыстар да аз емес. Мысалы, биыл Бас прокуратураға «Қазвтормет», «Прогресс KZ» ЖШС, «Еврокрук» ЖШҚ басшыларынан алғыс хаттар келіп түсті, олар Астана қаласы прокуратурасы мен көлік прокуратурасының қызметкерлерін көтермелеуді сұраған.
Жуырда Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы кәсіпкерлерді ескіру мерзімі өткен құқық бұзушылықтар бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартудың жүйелі фактілерін анықтады. Атап айтқанда, Өскемен қаласының мемлекеттік кірістер органдары бизнес субъектісін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша аударымның жоқтығы үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Алайда құқық бұзушылық жасалған сәттен бастап және факт анықталуына дейін 2 жылдан астам уақыт өтіп кеткен. Әкімшілік кодекстің 62-бабы 1-бөлігіне сәйкес құқық бұзушылық жасалған кезден бастап екі ай өткен соң әкімшілік жауапкершілікке тартуға жол берілмейді. Осы жағдайларды ескеріп, Өскемен қаласының прокуратурасы мемлекеттік кіріс органының қаулысына наразылық енгізіп, кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді.
Жалпы, осы жылдың өзінде Шығыс Қазақстан облысында 2,5 мың кәсіпкердің құқықтары қорғалған. Мемлекеттік органдардың жоспарларынан 22 заңсыз тексеру алынып, 229 заңсыз тексерудің алды алынды. Биылғы 7 айда прокуратураға 1,7 мыңнан аса кәсіпкер жүгініп, әрбір төртінші жағдайда құқық бұзушылық белгілері бар екені расталды.
Құқық қорғау органдары тарапынан бизнес өкілдеріне негізсіз тексерістер жүргізілсе, ол жемқорлық секілді тағы бір қоғам жегі құртының өрістеуіне жол ашары сөзсіз. Әділетті Қазақстан құрудың басты талаптарының бірі – сыбайлас жемқорлықты біржола жою. Ендеше бір-бірімен байланысты осы міндеттердің жүзеге асуы экономикамыздың гүлденіп, халық пен билік арасында сындарлы қатынас орнатуға септігін тигізеріне сенім мол.