Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында Абайдың төтеше басылған өлеңдер жинағы бар.
Сан ғасыр жәдігерлері қатталған қазына арасынан сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар коллекциясы тізімінде тұрған құнды дүние жақында ғана музейдің ғылыми хатшысы Асхат Сайлаудың көзіне түсіп, ел алдына шығып отыр.
Кейін белгілі болғандай, кітап музей қорына 1982 жылы өткізіліпті. Адамзат ақыл-ойының биігінде тұрған Абайдың бұл жинағын музейге жергілікті ардагер мұғалім Мыңата Қалыбаев тапсырған екен. Жиырма үш жыл өткенде реставрациядан өтсе де туындыны індете іздеген ешкім бола қоймаса керек. Ондағы шығармаларды қолданыстағы қаріпке түсіріп отырған жергілікті өлкетанушы Жұмабай Байзақтың айтуынша, кітап он үш бөлімнен тұрады. Онда аудармаларымен қосқанда 102 өлең мен «Масғұт» поэмасы топтастырылған.
Әуелде баспа деректері сақталмаған кітап 1916 жылы жарық көрді деген болжам жасалған екен. Музейде өткен шағын басқосуға Алматыдан онлайн қосылған белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы Серікбай Қылышбай Абай шығармаларының кітап болып шығу тарихына тоқталып, осы жолдағы Алаш азаматтарының еңбектері туралы айтып өтті.
«1916 жылы Орынборда жарық көрген жинақта өлең аз. Ал мына кітап 1922 жылы Қазанда қазақтың жас ақыны Бернияз Күлеевтің жинақтауымен шыққан болуы мүмкін», дейді ғалым.
Музейде өткен басқосуда зиялы қауым өкілдері құнды қазынаны жұртшылыққа кеңірек таныстыру бағытында ұсыныс-пікірлер айтты.
Қызылорда