• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 12 Қыркүйек, 2023

Жаңашыл да жанашыр басшы

280 рет
көрсетілді

Атырау университеті – ұлт мақтанышына айналған қайраткер Халел Досмұхамедұлының атын иеленген іргелі оқу орны. Тарихы сонау 1940 жылдардан басталатын білім ордасының дамуына талай тұлғалар еңбек сіңірді. Университетіміздің ғасыр тоғысы тұсындағы жетістіктерінде сол кездегі ректоры, білікті басшы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Сәлімұлы Иманғалиевтің еңбегі зор.

Халқымыздың «Азамат болу – парызың» деген мағыналы сөзінің шынайы сипатын өзі жоғары білім алған және осы жоғары оқу орнының оқытушысы лауазымынан бастап бірінші басшысына дейінгі барлық деңгейден абыройлы өткен Асхат Сәлімұлының өмір жолынан анық байқаймыз.

Азаматтың тектілігі ата-анасынан дарып, отбасындағы тәлім-тәрбиемен ұштасып, адами келбеті қа­лыптасады. Иманғалиевтер отба­сын атыраулықтар жақсы біледі. Тарихы тереңнен тарайтын Жылы­ой жерінде дүниеге келген Асхат Сәлімұлының әкесі ұзақ жыл­дар құқық қорғау орындарында қызмет етіп, осы саланың да­муына еңбек сіңірген құрметті азамат еді.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 12-ректоры Асхат Иманғалиев 2000-2008 жылдары университетке басшылық жасады. Бұл университет дамуының тәуелсіздіктің алғашқы он жылды­ғындағы қиындықтарды өткеріп, дамудың жаңа сатысына көшкен кезі еді. Университет жұмысын оң­тайландыру бірнеше бағытта жүзеге асырылды. Біріншісі, на­рық­­тық экономиканың және Аты­­рау өңірінің еңбек нарығындағы сұраныстарға орай жаңа маман­дықтар ашу, екіншісі – универ­си­теттің ғылыми әлеуетін көтеру, үшіншісі – жоғары оқу орнының халықаралық байланысын дамыту арқылы танымалдылығын арттыру, төртінші – материалдық базасын нығайту болды.

Сөйтіп, жаңа талаптарға сай маман даярлау іске асырылды. Жаңадан «Шет тілі (ағылшын тілі)», «Еңбек және бизнес не­гіздері», «Қаржы және несие», «Психология», «Құқықтану», «Пе­дагогика және психология», «Кеден ісі», «Экономика», «Ме­неджмент», «Әлеуметтік педагогика», «Журналистика», «Аударма ісі», «Табиғатты пайдалану экологиясы», «Ихтиология, өнеркәсіптік балық аулау кәсібі және балық шаруашылығы», «Ак­терлік шеберлік», «Агро­эко­логия», «Агрохимия және өсімдіктерді қорғау», «Дәстүрлі му­зыкалық өнер» мамандықтары бойынша кадрлар даярлау басталды. Осы жылдары Атырау өңіріне шетелдік мұнай компанияларының көптеп келуіне орай ағылшын ті­лін меңгерген мамандарға сұраныс артқандықтан, шет тілі мамандығы бойынша кадр даярлау ірілендіріліп, жеке факультетке айналдырылды. Атырау облы­сында жұмыс істеп жатқан «Шеврон», «НКОК» және басқа да шетелдік компаниялардың өкіл­дерімен бірлескен жұмыстар жүзеге асырылды.

Университет оқытушылар құ­рамының ғылыми әлеуетінің сапасын көтеру мақсатында 2000 жылы «Жалпы педагогика және педагогика тарихы» мамандығы бойынша Диссертациялық кеңес ашылуына ерекше мән беріліп, бүгінде университеттің дамуына еңбек сіңіріп жүрген бір топ жас­тың ғылым жолына келуіне жол ашылды. Осы кеңесте ғылы­ми диссертация қорғағандар ға­лым­ның ізін жалғастыратын ғылыми мек­тептің қалыптасуына үлес қосты.

Университеттің ғылыми әлеуе­­тін көтерудің бір бағыты және өңір­лік жоғары оқу орны үшін үлкен жаңалық болғаны – 2000 жылдары жалпы педаго­ги­ка, философия, Қазақстан тарихы мамандықтары бойынша аспирантураның ашылғандығы. Университетте педагогика ғы­лымдарының докторы Қадыр­жан Сейталиевтің, философия ғылымдарының докторы Құ­рамыс Ермековтің, тарих ғы­лымдарының докторы Хис­мет Табылдиевтің, басқа да ғалым­дар­дың жетекшілігімен жас ғалымдар тобы қалыптасып, ғылыми мек­тептердің негізі қаланды.

Университет әкімшілігі Қа­зақ­­стан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, отандық жетекші оқу орындардың ғалым­дарын жоғары оқу орнына жос­пар­лы шақыруды жүзеге асырды. Алыс-жақын шетелдерден де ға­лымдар шақыру, студент алмасу тәжірибесі кеңінен қолданылды. 2000 жылдың өзінде университетте 17 ғылым докторы лекция оқып, жас оқытушыларға ғылыми-әдістемелік көмек көрсетті. Олар­дың ішінде ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Салық Зиманов, академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаев, Білім академиясының президенті Өмірзақ Озғанбаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бейімбет Ермұханов және басқа да ғалымдар болды. Осы жылдары Халық жазушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Қабдоловтың университетке жұмысқа орналасып, әдебиеттанудан дәріс оқуы жоғары оқу орны өміріндегі айтулы оқиға болды. Академик-жазушы Зейнолла Қабдолов, күйші Әзидолла Есқалиев, ғалым-композитор, музыка зерттеушісі Илья Жақанов университетімізде жұмыс істеуі ерекше құбылыс болды. Кейін­нен осында бейнелеу өнері ма­ман­дығында оқып, 76 жасында екінші жоғары білім алған, Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақанов күні бүгінге дейін музыка және өнер кафедрасында еңбек етіп жүр.

Университет басшылығының нәтижелі жүргізген жұмыстары­ның барысында шетелдің, атап айтқанда, Иранның, Ресейдің (Қалмақ университеті, Астрахан университеттері) жоғары оқу орын­дарымен тығыз байланыс­ жолға қойылды. Ресейдің көрші­лес Астрахан мемлекеттік уни­вер­ситетінде қазақ диаспорасын қолдау мақсатында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы ашылып, біздің университет оқытушылары сонда барып студенттерге дәріс берді. Біріккен халықаралық конференциялар ұйымдастырылып, іс-тәжірибелер алмасу жүзеге асырылды. Күні бүгінге дейін аталған университеттермен тығыз қарым-қатынас жалғасын тауып келеді. Осы жылдары университетіміз Каспий маңы елдері мемлекеттік университеттері қауымдастығына мүше болды. Атырау университеті Америка, Финляндия, Оңтүстік Корея, Түркия, Иран, Польша, Мажарстан, Ресей жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орната бастады.

Асхат Сәлімұлы ректор ретінде университеттің материалдық-тех­никалық базасын жақсартуды бас­ты міндеттің бірі етіп қойып, бір­неше нысанның іске қосылуына ерекше үлес қосты. 2000 жылы университеттің қазіргі бас оқу ғимараты толық аяқталса, 2004 жылы №4 оқу ғимараты іске қо­сылды. «Буревестник» стадион да күрделі жөндеуден өткізіліп, қалпына келтірілді. 2008 жылы атыраулық тұрғындарға «Жайық» спорт кешені атауымен таныс мәдени-спорт кешені салынды.

Асхат Сәлімұлы жете назар аударған мәселенің бірі – қыз­меткерлер мен студенттерді әлеуметтік қолдау. Үздік оқып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан, университет намысын әртүрлі ғылыми сайыстарда, өнер және спорттық жарыстарда абы­роймен қорғап, жүлделі орындар алған және әлеуметтік аз қам­тылған отбасылардан шыққан студент­терге ректор гранттарын та­ғайындау тәжірибесін қалыптастырды. Сол жылдары уни­верситетте студенттік және қо­ғамдық ұйымдар жанданып, Жас ғалымдар кеңесі, Тәлімгерлер кеңесі, студенттердің ғылыми қоғамдары, жастар комитеті, студенттер кеңесі, старосталар кеңесі, дебат клубы, КВН командасы, «Сәукеле» қыздар клубы, сту­денттердің құрылыс отряды облыста ғана емес, республикада да танымал болды.

Білім және ғылым министрлігі өткізген конкурс негізінде Ма­хамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік уни­­верситетінің ректоры болып­ сай­­ланған Асхат Сәлімұлы 2011-2018 жылдары көрші өңір уни­вер­ситетінің дамуына да елеулі еңбек сіңірді. Екі облыстың ір­ге­лі оқу орындарына ойдағыдай басшылық жасаған іскер азамат Атырау және Батыс Қазақстан облыстық мәслихаттарының депутаты ретінде де қоғамдық өмірдің өзекті мәселелерін шешуге аянбай атсалысты. Жергілікті кадр­лар даярлаудың, мамандардың бі­ліктілігін арттырудың маңызды­лығына баса мән беріп, жаңашыл да іскер жастарға қолдау көрсетті.

Қазақстанның батыс өңірін­де­гі екі бірдей жоғары оқу ор­нын басқарған профессор Асхат Сә­лімұлы бүгінде Х.Досмұха­ме­­дов уни­верситетінде студент­тер­ге дә­ріс берумен қатар, қоғам­дық жұ­мыстарды да белсене атқа­рып келеді. Өз тәжірибесін үнемі жас буынға үйретуден жалықпа­ған ұстазымыз – Атырау облыстық Қо­ғамдық кеңесінің, ардагерлер кеңесінің мүшесі. 2022 жылдан­ бас­тап облыстық Қоғамдық кеңес құрамындағы сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес, қоғамдық бақылау, азаматтардың құқығын қорғау комиссиясының төрағасы міндетін атқарып жүр.

«Жақсы адам айналасына нұрын шашады» демекші, өне­ге­лі өмірінің 20 жылға жуық уа­қытын жоғары білім саласын­да басшылық қызметке арнаған педагогика ғылымдарының док­торы, профессор Асхат Сә­лім­ұлы Иманғалиев Атырау уни­верситетінің дамуына қосқан елеу­лі үлесін одан әрі жалғастыра бе­реді деп сенеміз.

 

Саламат ИДРИСОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті басқарма төрағасы-ректор, педагогика ғылымдарының кандидаты