• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Қыркүйек, 2023

Әйелдер кәсіпкерлігін қолдау жалғасады

178 рет
көрсетілді

Елімізде жыл сайын кәсіпкер әйелдер саны артып келеді. Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуды қолдау – олардың құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтуге, неғұрлым тұрақты экономикалық өсуге септігін тигізетін, мемлекеттік маңызы бар іс-шара.

Ел көлемінде кәсіпкер әйелдерді жан-жақ­ты қолдау жұмыстары түрлі бағдар­ла­малар негізінде, жүйелі жүргізіліп келеді. Соның бір мысалы – алдағы қазан айында бастау алмақшы «TalpynUp» тәлімгерлік бағдарламасы. Алты айға жоспарланған бағдарлама – Imperial College London (Ұлыбритания) профессорлары мен Бизнес-тренерлер қауымдастығының (Қазақстан) бірлескен жобасы. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында жобаны ұйым­­дас­тырушылар жаңа қанатқақты жоба және жалпы әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы жайында кеңінен әңгімелеп берді.

Британдық сарапшылар, Imperial College London профессорлары Мишель Роган мен Анне Тер бүкіл әлемде әйел­дер ұқсас кедергілерге тап болатынын және тәлімгерлік бағдарламалар олар­ға networking, яғни пайдалы байланыс­тар орнатуға көмектесетінін атап өтті. Әйел­дер бизнесі, сарапшылар атап өткен­дей, әрқашан бәсекелестіктен гөрі ынты­мақ­­тастыққа негізделген.

«McKinsey Global Institute есебіне сәйкес, әйелдердің экономикалық қатысуы ерлермен тең болатын сценарийді жүзеге асыру 2025 жылға қарай жыл сайынғы әлемдік ішкі жалпы өнімнің 28 трлн долларға (26%) өсуіне әкелуі мүмкін. Еліміз туралы айтар болсақ,  Ұлттық эко­но­мика министрлігінің деректері бойынша, республиканың ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнес үлесінің өсуі 10 жылда 16% құрап, 2022 жылы 33,5%-ға жеткен. Қазақстанның ШОБ-пен айналыса­тын­дардың 31%-ы немесе 1 миллионы әйелдер», деді Бизнес-тренерлер қауым­дастығының басшысы Әйгерім Тарбағатаева.

Сондай-ақ спикер ДЭФ-тің «Жұмыс орындарының болашағы – 2023» есебіне сәйкес, жұмыс орындарының 23%-ы 2027 жылға қарай өзгеретінін атап өтті. Ең көп қысқартулар әкімшілік позиция­лар мен дәс­түрлі кәсіптер бойынша болады деп кү­тілуде. Осы тұрғыда жұмыс істейтін әйелдер еңбек нарығының өзгеруіне бай­ланысты жиі зардап шегеді, өйт­кені көп­ші­лігі қызмет көрсету және денсау­­лық сақ­тау саласындағы әкімшілік жұмыс­тар­мен айналысады.

«Әйелдер кәсіпкерлігін және әйелдерді дамыту аясында Қауымдастықта «Әйел­дер­­дің даму клубы» ашылды, онда біз тегін негізде түрлі форматта оқытулар өткі­земіз. Сондай-ақ қазан айында Imperial College London-мен бірлесіп әйелдер бизнес-дағдылары мен өз бизнесінің жағ­дайын жақсартуы үшін «TalpynUp» алты айлық тәлімгерлік бағдарламасы басталады», деді Әйгерім Тарбағатаева.

Соңғы жылдары мемлекет елдегі әйел­дер кәсіпкерлігін дамытуға айтар­лық­­тай көңіл бөліп келеді. Кәсіпкер әйел­дер­дің экономикалық белсенділігін қол­дау мақ­са­тын­да түрлі қар­­­жылай және қар­жылай емес қолдау шаралары қарас­тырылған. Айталық, 2022 жылдың қоры­тындысы бо­йынша сыйақы мөлшер­ле­ме­сін субсидиялау шең­бе­рінде кәсіпкер әйелдердің 6 мыңнан аса жобасы, несиелерге кепілдік беру бойынша 4 мыңға жуық жоба қолдау тапты.

Былтырғы наурыздан бастап ел өңір­ле­рінде Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары жұмыс істей бастады. Орталықтар арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған іскер ханымдар мен жеке кәсіпті қолға алған қыз-келіншектерге қаржылай емес барлық қызмет түрлерінен қолдау көрсетіліп, жеке бизнес жобаларды іске асыруда тәжірибелік көмек түрлері ұсы­­нылатын болады. Сонымен қатар оқыту тренингтері мен шеберлік сыныптарын ұйымдастыру, жеңілдетілген несие беру бағ­дарламаларына, кооперативтік қозға­лыс­­тарға тарту, дайын өнімдерді нарық­қа өткізу аясын кеңейту жағынан көмек көрсету көзделген. Елімізде әйелдер кә­сіп­­керлігін қолдау жөніндегі жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.