• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 12 Қыркүйек, 2023

Іскерлікті шыңдайтын кезең

299 рет
көрсетілді

Жаңару мен жаңғыру жолында еліміздің еңсесін тік ұстап, нақты іс-әрекет жасауға толық мүмкіндігі бар. Мемлекетімізде кенжелеп қалған саланың бірі – отандық туризм.

Мемлекет басшысы Жолдауда осы бағытта 15 ірі жобаны дайындауды тапсырды. Рас, еліміздің табиғаты тамаша, тарихы терең. Туристік нысанға айналдыруға әбден лайық орын­дар жетерлік. Алыс-жақын шет мем­лекет­тер­дің кейбірі тек туризмнен түскен қар­­жының есебінен бюджетін түгелдеп отырға­нын ескерсек, біздің де туризмді дамытуға мүмкіндігіміз мол.

Қаныш Сәтбаевтан бері жалғасып келе жатқан тау-кен ісі, геология ғылы­мы­ның ке­йін­гі кезде тоқырап қалғаны жасырын емес. Осыны ескерген Президент жаңа қаз­ба байлықтар кенін тауып, кеңейтуді тапсырды. Қойнауы қазынаға толы даламыз бен тауымыздың сырын ұққанға, тілін білгенге берері ұшан-теңіз. Бұл ретте осы сала ғалымдарына артылар жауапкершілік салмағы орасан. Жер астындағы қазба бай­лық­тарымызды шикізат күйінде сатып, шетелден оның өңделген түрін бірнеше есе қымбат ба­ға­ға сатып алудың тиімсіздігін уа­қыт көр­сетіп отыр. Ендеше, өнімді өңдеу және өндіру – кезек күттірмейтін өзекті мә­се­ле.

Көрші елдерде болып жатқан геосая­си жағдайлар, түрлі қақтығыстар мен дау-дамайлар қазаққа етек-жеңін жиып, қым­тану қажеттігін тағы бір еске салғандай. Елімізде болған орман өрті, су тасқыны сынды табиғи апаттар да ойландырмай тұрмайды. Қазақта «Ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Бәрі жақсы, бәрі керемет дегеннен еш­кімнің маңдайы жарқырап, жұлдызы жан­басына отыз жылда көз жетті. Ауыл шар­уа­шылығын дамыту, отандық өнім­ді өндіру, оны қолдау – мемлекеттік деңгейде қадағаланып, жіті бақылауда болатыны да көңілге қуаныш сыйлады. Ауылдағы қарапайым шаруаның жа­най­қайы биліктің мінберінен қозға­лып, Президент назарында болуы көп жайды аң­ғартады. Біле білсек, бұл тек қара­па­йым шаруаның мәселесінің көтерілуі емес, ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отырған барлық келең­сіз­діктерге қарсы үлкен күш. Қа­жет­ті тех­никалардың жаңартылуы, соған сай мамандардың сұранысқа ие болуы жұ­мыссыздықты да шешуге оң ықпал етері сөзсіз.

Егемен еліміздің іргесі бекем, шекарасы мығым болуы әркез қырағылықты ғана емес, қорғаныс техникаларының заманауи талапқа сай жаңарып, жаб­дық­­­тал­уын да талап етеді. Осы ретте Мем­ле­кет басшысының қорғаныс техникаларын жаңартуға қатысты тапсырмасы айбынды армиямызды қуатты күшке айналдырады деп санаймын. Қорғаныс мәселесін өз деңгейінде заман талабына сай талқылайтын уақыт жетті. Бұл мәселеге үлкен мән беру керек, әйтпесе біз кешігеміз.

Газбен қамтамасыз ету жұмыс­та­ры­ның  қарқынды жалғасуы халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартып, тұрмысын оңалтады. Кейінгі жылдардағы көмір тапшы­лы­ғынан туындаған оның бағасының өсуі халық­тың қалтасына оңай түспей тұр. Сон­дықтан барлық елді мекендерді газбен қам­тамасыз ету маңызды.

Халқымыз әуел бастан суды ысырап етпеген. Оны үнемдеп жұмсап, суға қатысты түрлі ырым-тыйымдарды, адам сенгісіз аңыз-әңгімелерді шығарған. Мұның барлығы көшпелі халықтың судың киесі бар деп ұғынуынан туған. Бүгінде Орталық Азия халықтарының ортақ мәселесіне айналып отырған су тап­­шылығы жыл өткен сайын ай­қын аңғарыла бастады. Суды үнем­деп жұм­сау­ға қатысты отбасы тәрбие­сі­нен бастап, балабақша, мектеп қабыр­ға­сын­да тұрақты түрде айтылып, жұмыс жүр­гі­зілуге тиіс.

Цифрлық сауаттылықты арттыру, цифр­лы Қазақстан, сандық технология туралы ұғымдар өткен онжылдықтың ен­ші­сінде қа­лып, енді жасанды интел­лект ұғымы белсенді қолданылып келе­ді. Тіпті жасанды интеллекті мең­гер­ген адамның әлеуеті өзгелерге қара­ғанда әлдеқайда артық және қоғамға пайдалы болатыны да ашық айтылып, жазылып жүр. Пре­зидент Жолдауындағы «Жасанды интел­лектінің мүмкіндіктерін то­лық пай­да­лансақ, білім экономикасына тың сер­пін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», деген жолдар біздің ұжымда тың идеялар туғызды. Бұл тұрғыда арнайы жоба дайындауды бас­тап кеттік.

Ауыл-аймақта, Астанадан алыс моно­қа­лаларда, шағын кенттерде замандастарынан ойы озық, дәуірінен оза туған қаншама креативті азаматтар бар. Олардың бойындағы талантын танып ұштау, жол көрсетіп қолдау, ашқан жаңалықтарын ел игілігіне қолдану – биліктің ғана емес, ел алдында жүрген әрбір белді, беделді азаматтардың парызы.

Бала – болашағымыз. Оларды қолдау, қорғау – еліміздің ертеңін ойлау, келе­ше­гіне қамқор болу. Жас бүлдір­шін­дер­дің өміріне қауіп, денсаулығына зиян тигізетін әрбір теріс ойлының қатаң жазаланатыны «тәртіпке бас иген құл болмайды» дегенді еске түсірді. Біз баршамыз болып, жас ұрпаққа мейірім төгіп, шексіз қамқорлық көрсетуіміз керек. Со­ны­мен қатар басты жауапкершілік ата-анада екенін ұмытпайық.

Қарапайым халықтың жоғын жоқтап, мүддесін көздейтін, қам­қор­лық танытып, бюрократизмді бол­дырмауға бағытталған Жолдау жұрт­­шылықтың қолдауына ие болды. Қазіргі демографиялық ахуалды еліміз­дің бәсекеге қабілетін арттыруға пайдалануды Үкіметке міндеттеген Пре­зи­­денттің: «Адал азамат және тұғыр­л­ы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады», деген сөзінің де жаны бар. Өйткені халқымыз «Тәрбие басы – талбесік», «Тәрбиелі адам тағаланған атпен тең», «Өнегенің өрісі кең» деген тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін бекер жасамаған. Әрбір отбасы бала тәрбиесін үнемі назарда ұстап, оның дамуына жағдай жасаса, тұлға болып қалыптасуына ықпал етсе, сөзімен де, ісімен де үлгі болса, осының өзі мемлекет дамуына үлкен үлес қосқаны. Себебі, бүгінгі жас – ертеңгі ел басқарар үл­кен азамат. Осы ретте ата-анамен қатар барлық деңгейдегі білім беру меке­ме­ле­ріндегі әріптестерім де бала тәрбие­сін үнемі назарда ұстап, елтұтқа болар азамат қалыптастырып шығарса игі. Бұл біздің Отанға еткен еңбегіміздің өлшемі болмақ.

 

Оңалбай АЯШЕВ,

Ж.Тәшенов университеті

директорлар кеңесінің төрағасы,

ҰҒА академигі