Халқымыздың 40 пайыздайы тұратын ауыл – ата дәстүріміздің, баба салтымыздың қайнар көзі. Елді азық-түлікпен қамтамасыз ететін де ауыл. Бүгінде урбанизация әсерінен еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдық жерлерден қалаға ағылып жататын көпшілікті алда күтіп тұрған проблема жетерлік.
Қалаға келуін келгенімен, бірден орналаса қалатын дайын жұмыс жоқ. Оны іздеу керек. Баспана жоқ. Амал қанша, біреудің пәтерін жалға алып, алғашқыда базар жағалауға тура келеді. Арба сүйреп, әркімге жалданып, күнкөріс қамына кіріседі. Міне, осындай қиындықтан құтылу үшін, адамдардың әбігерге түсіп, жанбағу қамында қалаға ағылуын тоқтату үшін ауылдың әлеуметтік жағдайын көтеру маңызды.
Президент ел алдында тұрған бұл өзекті мәселеге Қазақстан халқына Жолдауында: «Ауылдарды абаттандыру, жол тарту, мәдени-экономикалық деңгейді көтеру, мүмкіндігінше адамға көрсетілер игіліктерді қала деңгейіне жеткізу, жақындату талабы қойылып отыр. Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды», деді.
Таяуда Жамбыл облысының Меркі ауылына бардық. Осы сапарымда меркіліктердің Президенттің Қазақстан халқына биылғы Жолдауындағы ауыл шаруашылығына қатысты айтқан сөздеріне көп үміт артып отырғандарын байқадым.
Кейінгі жылдары Жамбыл облыстық ардагерлер ұйымында көптеген ілгерілеушілік байқалады. Меркіде болған кезімізде аудандық Ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Сұрат ауылдық округінің негізінде экономиканы дамыту және ұмытыла жаздаған салт-дәстүр, мысалы, шүлен тарату тақырыбында аудандық семинар-кеңес өтті. Семинарда Сұрат ауылдық округі ардагерлерінің экономиканы дамытудағы рөлі жан-жақты әңгімеленді. Аудан экономикасын алдыңғы қатарға шығарудағы ауылдың үлгілі істері нақты мысалдармен көрсетілді. Әрбір ауыл тұрғынының өз иелігіндегі 10-25 сотық жерді тиімді пайдаланып, бау-бақша егіп, құс өсіріп, мал бордақылап, бие байлап, қымыз, саумал өндіріп, артық өнімдерін базарға шығарып сатып, шаруашылықтарын шыр айналдырып отырғандары мысалға келтірілді.
Бұдан аудандық ардагерлер ұйымының жұмыстың жаңа нысандарын кеңінен өрістете түскенін аңғаруға болады. Сұрат ауылындағы өткен көшпелі кеңесте осы мәселе нақты мысал негізінде жан-жақты талқыланды. Семинардың негізгі мақсаты – осы ауылда өріс алған жұмыстың елге пайдалы жаңа түрлерін басқа елді мекендер мен округтерге насихаттау және қолдау еді. Сондықтан ауылда өткен семинарға аудандағы барлық округтік кеңестердің төрағалары және аудандық, округтік билер қатысты.
Семинар жеке шаруашылықтарды аралаудан басталды. Мысалы, ауылдағы жеке шаруашылығында бес бие байлап, қымыз, саумал өндіріп отырған азаматтың үлгілі ісі насихатталды. Шаруашылық иесі сүт өнімдерін өткізуде қалта телефонын кәдеге жаратады екен. Соның арқасында берілген жарнамаға үн қосқандар сүт өнімдерін өздері келіп әкетіп отырады.
Сондай-ақ бір өзі жеті қыз өсіріп, тәрбиелеп отырған ананың қолөнермен шұғылданып, қыз жасауын, құрақ көрпе тігуді кәсіп етіп, ауыл тұрғындарының сұранысына ие болғаны семинарға қатысушылардың назарын аударды. Кәсібін қапысыз меңгерген еңбекқор ананың қолынан шыққан бұйымдарына қызығушылық танытып, аудан, облыс орталықтарынан да сұраныс білдірушілер баршылық екен. Ісмер ши құрақ деген қолөнер түрін Астана қаласында өткен қолөнершілердің көрмесінде көрсетіп, кейіннен бұл еңбегі Қазақ ұлттық энциклопедиясына енген.
Бір сүйсінерлігі, ауыл тұрғындарының көпшілігі ауласындағы жер учаскелерін кәдеге жаратып, тиімді пайдалануда басқаларға үлгі-өнеге көрсеткендей екен. Атап айтқанда, мұндай учаскелерде қияр, қызанақ, қырыққабат, картоп, пияз, сәбіз және басқа көкөністер молынан өсіріліп, күз айында бұл өнімдер жертөлеге орналастырылып, келесі жазға дейін отбасының алаңсыз пайдалануына әбден жарап жатыр. Яғни денсаулыққа пайдалы, дәруменге бай азық-түлікті әлеумет алыстан іздемей, өз ауласындағы қоймадан табады.
Ауылда бұдан басқа да игілікті істердің жасалып жатқанының куәсі болдық. Осыдан 10-15 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда ауыл мәдениеті айтарлықтай көтерілген. Ауыл ішіндегі барлық жол асфальтталған. Қала үлгісімен салынып, сыртқы қабырғалары көркемделген екі қабатты коттедждер анадайдан сән түзеп, ауылдың ажарын кіргізе түскен. Су, газ, жарық үйге келіп тұр. Теледидар қосулы, интернет жұмыс істейді. Үйдің іші-сыртындағы осындай жайлы жағдайға риза болған тұрғындар кейде бір-біріне «үйге кірсең қала, сыртқа шықсаң дала» деп қалжыңдайды екен.
Демек мұндағы өмірдің қала тіршілігінен еш айырмашылығы жоқ, артықшылығы басым. Мысалы, саусаң сүт, жесең ет болатын қорадағы малдан келетін пайда қаншама? Ауылда осы малды күтіп-баптау жайы да ойластырылған. Малға арналып сай-саладан шөп жинаумен бірге құнары мол жоңышқа да өсіріледі. Жылына төрт рет орылатын бұл жемшөп – малдың қоңдануына таптырмайтын азық. Кей азаматтар ауласында жүгері өсіріп, оны сүрлеп, мүйізді қара малға беріп етке де, сүтке де кенелуде.
Мұндағы және бір жағымды ерекшелік – ауыл тұрғындарына жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие беру дер едік. Бұл қаржыға тұрғындар мал сатып алып, төлдетіп, тұрмысын жақсартады. Бұрын несие алып үйренбеген халық алғашқыда банктің қарызына кіріп кетеміз бе деп қорқақтады. Аудан әкімі Жорабек Баубеков кредитке қатысты округтерде жасалып жатқан жұмыстарды тереңірек талдап, мәселенің анық-қанығына әбден көз жеткізгеннен кейін халықпен кездесуінде несие алудан қорқудың жөні жоқ екенін, оның дүниежүзінде сұранысқа ие екенін түсіндіріп келеді. Оның үстіне 2,5 пайыз – төмен көрсеткіш, бұл қаржыға мал сатып алып, оның төлінің есебінен алғашқы бір-екі жылда қарызды жабуға болатынын дәлелдеді. Сөйтіп, елдің беті бері қарап, бұрын үрке қарағандар кредит алып, сол арқылы шаруалары өрге басқанына куә болдық.
Аудан басшысының нақты жағдайларды талдап, қабылдаған шешімдері елге музыка мектебі, мәдениет үйі, Кенесары ескерткіші, Меркі ауданның 95 жылдығы сияқты қадау-қадау жаңалықтар болып халықтың көңіл күйін көтерді.
Сұрат ауылындағы осындай кісі сүйсінерлік істердің басы-қасында серіктестік басшысы Қанат Шайхиев жүреді. Ол – ауыл халқы жұмыла көтеріп отырған барлық игі істің ұйымдастырушысы және демеушісі. Өңір ерекшелігін жетік білетін, аталған шаруаларды агротехника ғылымымен ұштастырып жүргізетін ол шаруашылық табысын жылдан-жылға еселей түсумен келеді.
Өзіміз қатысып, осы ауылдағы талай жақсы жұмысты, игі бастаманы көзімізбен көрген семинар-жиналыстың және бір тақырыбы – халқымыздың ғасырлар бойы айтылып, насихатталып келе жатқан дәстүрі – шүлен таратумен сабақтастырылды. Бұл бағытта да Қанат Кеналыұлының жомарттығы алға шықты. Ел ақсақалдары, еңбек озаттары, жоқ-жітік отбасылары, балалар мекемелері қай кезде көмек сұраса да қолы ашық азамат көмек беруге дайын тұрады. Мысалы, шүлен тарату дәстүрі бойынша ауыл округінің төрт елді мекенінен келген 25 адамға ұн, азық-түлік, бидай, ет, көкөністер, тауық, жемшөп, сабан, т.б. өнімдер таратқан. Атамыз қазақ алған өнім аз ба, көп бе, оған қарамастан, шүлен таратқан. «Өле жегенше, бөле же» деген мақал жеке адамдардың осындай мәрттігінен туындаған болар.
Ел азаматтары ауыл шаруашылығындағы науқанды жұмыстар аяқталған кезде диқандардың еңбегін марапаттау жағын да ұмытпайды. Оларға серіктестік атынан жеңіл көлік, басқа да бағалы сыйлықтар ұсынып, еңбек адамдарының мерейлерін тасытады. Таяуда ғана ауыл мектебіне 1 млн теңгеге интерактивті тақта сыйға тартып, мектеп оқушыларын бір серпілтіп тастады.
Шаруашылық жүргізудің қыр-сырына қанық азамат шаруашылықта су тапшылығын болдырмауға үнемі күш салады. Мысалы, суға зәрулік білініп отырған биылғыдай қуаңшылық жылдары суды аз тұтынатын тұқымдық материалдарға ерекше мән береді. Олардың су тапшылығына ең төзімді түрлерін таңдап, кәдеге жарату арқылы шаруашылықтың зиян шекпеуіне қол жеткізе білді.
Қайсыбірін айтарсың, ауыл тұрғындарының қай-қайсы да әлдебір бұйымтаймен оның алдына барса, шаруасын ретке келтіріп, жадырап шығатындарын жыр қылып әңгімелейді.
Сұрат ауылындағы басқосуды ұйымдастырған Меркі аудандық Ардагерлер ұйымының төрағасы Байсейіт Жылысбаев семинар кезінде шаруашылықты аралау барысындағы ауыл тұрғындарының тірлігіне сүйсініп: «Аула ішінде көзін тауып етсең еңбек, қанағат тұтар денсаулық, байлық өзі келмек» деп мәтелдеткен еді. Ауыл еңбеккерлерінің тап-тұйнақтай тыныс-тіршілігіне қарап, оның осы мақамына қол қойғандайсың.
Көшпелі семинарға қатысқан ақсақалдар өздері куә болған ауыл тұрғындарының еңбегіне ризашылық білдіріп, мұндағы қайнаған тіршіліктің арқасында қол жеткізілген жетістіктерді ауылдастарына мысал етіп айтып, оларды осы бағытта еңбек етуге шақыратындарына сендіріп тарқасты.
Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,
Республикалық «Ардагерлер ұйымы»
төрағасының бірінші орынбасары,
тарих ғылымдарының докторы, профессор