• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Қыркүйек, 2023

«Домбыраның бізге күнәсі аз». Ақын Дәулеткерей Кәпұлы әсіредіншілдіктің зауалы туралы айтты

2884 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желіде «домбыра – харам» деп айтылып жатқан сыңаржақ пікір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әрине, дінді дәстүрге қарсы айтақтау ешкімге опа бермейді. Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы даулы мәселеге қатысты пікір білдірді. 

«Мен бұл мәселені көптен бері қозғап келе жатырмын. Бұл пікірді әсіредіншілдер қоздатып жүр, қазақтың менталитетіне жат түсінік.  Қазақтың ұлттық танымындағы исламнан аулақ ұғымдарды әкеп теліп сіңіргісі келеді.

Пайғамбардың сүннеті дегенді қалқан етіп  қазақтың салт-дәстүріне қиянат жасап  сөйлеп жатқандар діни сауатты мамандар, имамдар емес. Қазақтың көзі ашылатын уақыты келді. Тәуелсіздікті алғанда исламға да еркіндік берілді. Жетпіс екі ағымның қайсы арнасының ағысына ілесіп кеткенін өзі де  игере алмай жүргендердің, жат ағымның етегінен ұстағандардың, оранып, балағын шорт кесіп, сақалын жосықсыз өсіргендердің қазақтың ұлттық құндылығы домбыраға пәтуа айтуына менің ойымша еш қақысы жоқ!

«Домбыра – харам» деп сыңарезуленіп, елдің ішін алатайдай бүлдіру пиғылындағы пенделердің әрекеті әріде де болған. Заманында Қашаған Күржіманұлы Есқали сұпыға былай дегені бар:

«Ол күндегі о да саз.

Бұл күндегі бұ да саз,

Сазды күнә деп жүрген,

Молдеке, сенің ақылың аз.

Молдеке, білмей адаспа,

Домбыраның бізге күнәсі аз».

Сирияға кетіп, жихад жасаймыз деп адасқан отбасылардың бетін қайтаруға көп күш салуымыз керек. Осы мәселені әлі де насихаттап, қатердің бетін қайтаруымыз қажет. Әсіредіншілдердің  әлгіндей дүбәрасы күш алып тұрғаны соншалық, домбыра қазақтың жаны деген пікірді айтсаң сені кәпір көреді, қоғамға солай бейнелеуге бейім тұрады. Ең қорқыныштысы келешекте бұл жалпыхалықтық сипат алып кетуі мүмкін. Бізге осыдан сақтануымыз  маңызды. Ең бірінші маңдайымызда сақтап, қызғыштай қорғайтын дүниеміз ұлттық құндылық болуы керек.

Сегіз ғасыр бойы ислам дініне қорған болып, соңғы пайғамбарға кесене орнатқан Османлы түріктері кезінде арабтанудың аз алдында тұрғанда Кемал Ататүрік сақтап қалды ғой. Соның арқасында түрік халқы өзінің менталитетінен ажыраған жоқ.  

Мектептегі хиджаб мәселесінің де уытын осындай дүмшелер шашып отыр. Оқушы мектепте ең бірінші сауатты білім алуы керек.  Ата-аналардың  да көп жерде қателесетіні бар. Бала кәмелеттік жасқа толып, оң мен солын айқындағанда өзі шешуі тиіс орана ма, хиджаб кие ме өзінің ырқындағы мәселе болуы керек. Мұның алдын алып, ырықтап тежемесек ертең бармағымызды шайнауымыз  мүмкін. Екі сүрені тереңдеп білмей дінді жан-дүниесімен  ішкі мазмұнымен сезінбей сыртқы формасымен ғана қабылдап жүргендердің  шалағай тірлігі деп ойлаймын.

Мен 90 жасқа кеп қайтқан апамның етегінде есейдім. Атам Құмар молла 1938 «халық жауы»   болып ұсталып кетті. Апам 13 жасынан дінін ұстанып, намазын өле-өлгенше қаза қылмай өтеген кісі. Сол кісі жарықтық «дінмен де болма, дінсіз де болма» деп өсиет ететін. Қалжыңға сүйеп те кейде «Мен өлген соң молама келіп құран оқымасаң да, домбыраңды көтеріп келіп  шертіп кет» деуші еді.  Кешегі біздің ата-бабаларымыз да асыл дінімізді ұстанды, шариғаттың жолымен жүрді. Бірақ олардың көкейінде ең бірінші ұлттың мәселесі  биік болды.  Кешегі  құбыласынан жаңылмаған, дінсізденбеген бабаларымыз ұлттық идеологиясын да ұйыта білгенін ұмытпауымыз керек», деді Д.Кәпұлы.