Астанаға күз келді. Қоңыр күзбен бірге елорда театрлары да жаңа маусымының шымылдығын түруге қызу дайындық үстінде. Бас қаланың басты өнер ордаларының бірі – Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры XXXIII театр маусымының шымылдығын М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашады.
15 қыркүйек күні «Қаллеки театрында» өнер мейрамы. XXXIII театр маусымының жұмысын бастауға сақадай сай ұжым жылдағы дәстүр бойынша М.Әуезовтің «Абай» қойылымын театрмен сағына қауышқан көрерменіне тарту етеді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған «Абай» трагедиясында қос Абайдың бейнесі көрсетіледі. Аға Абай бейнесін – Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды.
Қойылымға жалпы 65 актер қатысады. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев.
«40 жастан асқан соңғы Абай бізге бір Абай емес, екі Абай болып кетеді. Біреуі – өмірге үйлескісі келмей, заманнан, ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз, ақылшы, ақын-данышпан болуға айналған Абай да, екіншісі – күндегі өмірдің бетімен елдің сөзін ұстап, бұрынғыша партия, тартыстың, билік, әкімшіліктің жолындағы ру басы, ел меңгеруші Абай», дейді ұлы Мұхтар Әуезов.
Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет-ғұрып пен мылқау күш, дүлей заманды айыптап өткен Абай ойы, Абай философиясы өркендеп, ғаламдық деңгейге жетуінің барысындағы оқиғалар сахнада ұлы М.Әуезов драматургиясымен өткен ғасырға жол тартқанымен, бүгінгі көрермен үшін де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ.
Маусымашар қойылым сонымен қатар қыркүйек айының 19-24 күндері аралығында Қарағанды қаласында Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған «Сын – шын болсын» республикалық театр фестивалі аясында қарағандылық көрермен назарына ұсынылады. Айтулы фестиваль шымылдығы Қаллеки театрының «Абай» қойылымының арнайы көрсетілімімен ашылады.
Себебі өнер ұжымы есімін еншілеген театр өнерінің корифейі Қалибек Қуанышбаев сомдаған шоқтығы биік рөл – дәл осы Абай рөлі болды. Замандастары Қаллеки атап кеткен әйгілі әртістің айтулы рөлін туынды авторы, жазушы Мұхтар Әуезовтің өзі жоғары бағалаған. 1993 жылы белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығайдың ұсынысымен Қалибек Қуанышбаевтың 100 жылдығы құрметіне орай елордалық театрға «Қалибек Қуанышбаев» есімі берілді.
Театр жаңалығы мұнымен таусылмайды. 25-30 қыркүйек аралығында өнер ұжымы мәскеулік жас режиссер Гүлназ Балпейісованың режиссерлік қолтаңбасында қойылған Ғ.Мүсіреповтің «Баян сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасымен Бішкек қаласында өтетін КСРО халық әртісі Бәкен Қыдыкееваның 100 жылдығына арналған «ART-ORDO – 2023» IX Халықаралық театр фестиваліне қатысады.
Одан бөлек, қазан айының 9-15 күндері аралығында Петропавл қаласында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалi өтеді. Фестиваль мемлекет және қоғам қайраткерi Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығын мерекелеу аясында өткiзiледi.
Сонымен қатар жаңа маусымның алғашқы айларында көрермен назарына «Қыз Жібек», «Патша көңілім, не дейсің?» қойылымдарының премьерасы ұсынылады. Ж.Шайхисламұлының «Қыз Жібек» қойылымын халықаралық театр фестивальдерінің лауреаты, жас режиссер Әлібек Өмірбекұлы, ал Қ.Жиенбайдың «Патша көңілім, не дейсің?» комедиясын режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов сахналайды.