Алматыда Baurzhan foundation қоры ұйымдастырған Kitap Fest Almaty фестивалі өтті. Еліміздің халықаралық деңгейдегі алғашқы кітап фестивалі болып саналатын мәдени-бұқаралық іс-шара Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының, Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қолдауымен 2014 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Ауқымды жобаның өткеніне көз жүгіртсек, 9 жыл ішінде ол шығармашылық кездесулердің негізгі алаңына айналып, онда авторлар мен баспалардың қатысуымен 200-ден астам кітаптардың тұсаукесері өтіп, жәрмеңкелерге 300-ге жуық кітап дүкені қатысқан. Жыл сайын кітап фестивалінің арқасында 5 000 кітап тегін таратылады.
Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының статистикасын келтірсек, 2022 жылы Қазақстанда кітаптар мен брошюралардың 4 044 атауы тіркелген. Ең көп кітап пен брошюра Алматы, Алматы облыстарында жарық көрген: 1 749 кітап пен брошюра тіркелген. Еліміздегі кітаптардың басым бөлігі педагогика саласында (әдістемелік құралдар, кітаптар) жарық көрді. Кітаптар саны – 1085. Көркем әдебиет жанры бойынша: қазақ әдебиеті – 664, поэзия – 166, драма – 3, проза – 286.
Baurzhan foundation қорының құрылтайшысы, кітап фестивалінің алғашқы ұйымдастырушысы Жұлдыз Омарбектің айтуынша, Kitap Fest – шығармашылықпен шұғылданатын дарынды адамдарға арналған бірегей алаң. Биыл қала күнімен тұспа-тұс келген Kitap Fest Almaty фестивалі «Ұлттық әдебиет. Ұлттық тіл. Ұлттық дәстүрлер» атты тақырыпты арқау етті.
«9 жыл ішінде Kitap Fest алматылықтардың ең сүйікті іс-шарасына айналды. Елорда күніне орай шілде айында кітап фестивалін Астана қаласында екінші рет өткізген едік. Оқу мәдениетін ілгерілетуге арналған біздің фестиваль, жазушылар мен оқырмандар үшін бірыңғай алаң құрып, балалар мен жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруды көздейді. Кітап фестивалі отандық жазушылармен кездесулерден бастап, балаларға арналған танымдық шеберлік сабақтарына дейінгі интерактивті ортаны біріктіреді. Біз көпшілікті оқуға тарту, кітаптың, мәдениет пен білімнің маңызын арттыру, жазушылар мен әдеби шығармаларды насихаттауға жәрдемдесу үшін жұмыс істеп жатырмыз», деді Kitap Fest кітап фестивалінің бас үйлестірушісі Майра Әлжанова.
Алматы кітап фестивалі отандық жазушылардың жаңа кітаптарын таныстырып, кітапсүйер қауым үшін ауқымды бағдарлама дайындады. «Оффлайн кітаптар туралы» шатырында танымал жазушылар, қоғам қайраткерлері мен блогерлер пікір алмасты. Алматылықтарға иллюстрацияланған кітап көрмесі, шеберлік сыныптары, түрлі байқау мен акция, еліміздің ірі баспалары мен кітап дүкендерінің жәрмеңкесі ұсынылды. Баспагерлер және кітап дүкендері өз өнімдерін көрмеде 30%-ға дейінгі жеңілдікпен сатты. Биылғы жылы кітап фестивалінде 50-ден аса кітап дүкендері мен баспалар өз өнімдерін ұсынды. 28 жаңа кітаптың тұсауы кесілді.
Фестивальде 40-қа жуық пікір көшбасшылары сөз сөйледі: Смағұл Елубай, Досым Сәтбаев, Ділдәр Мамырбаева, Елдос Тоқтарбай, Бейбіт Сарыбай, Абылай Юсупов, басқа да көптеген танымал әдеби тұлға қазіргі әдебиеттегі үрдіс туралы сөз қозғады. Сондай-ақ «Менің алғашқы ертегілерім», «Tarmaqtar», басқа да жаңа кітаптардың тұсаукесері өтті.
Белгілі саясаттанушы, публицист, баспагер Досым Сәтбаев Павел Коктышев және Әлім Хамитовпен бірге «Как оседлать единорога?» кітабының тұсауын кесті. Оның пікірінше, онжылдықта Kitap Fest шығармашыл тұлғалар мен кітапсүйер қауым үшін беделді және қуатты алаңға айналды.
Мұндай іс-шараларды өткізу өте маңызды. Кітап оқитын адам сана көкжиегін кеңейтеді, логикасын, ойлауын дамытады, есте сақтау қабілетін жақсартады. Осы ретте Kitap Fest оқырман қауымды біріктіріп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып жүр», деді саясаттанушы.
Сонымен қатар фестиваль қонақтары әкелінген кітаптармен алмасуға, ұнаған кітаптарды жеңілдікпен сатып алуға немесе оларды толығымен тегін алуға мүмкіндік алды. Биылғы кітап фестивалінде әртүрлі жанрдағы 5000 кітап тегін таратылды.
Балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасында аниматорлар, аквагрим мен түрлі қызықты байқау мен викторина келген қонақтарға тамаша көңіл-күй сыйлады. Дәстүр бойынша фестивальде «Ауылға кітап» акциясы өткізілді, онда кез келген оқырман өз үйінің сөресінен кітап әкеліп, ауыл кітапханаларына тапсыруға атсалысты. Биылғы фестивальде 3 мыңға тарта кітап жиналды.
АЛМАТЫ