Қазір Түркістанды рухани және туристік орталыққа айналдыру бағытында едәуір жұмыс атқарылып жатыр. Алайда бұл күш-қуаттың барлығы Түркістанды материалдық тұрғыдан көркейтуге бағытталған. Жәдігер қаланың рухани қуатын көтеру бұдан артық болуы керек деп есептейміз. Мәселен, осы күнге дейін Түркістанға келген қонақтарға айтылатын экскурсиялық мәтін әлі сол өзгермеген күйі қайталанып келеді.
Оған мысал ретінде осыдан 15-16 жыл бұрын Түркістан қаласының сол кездегі әкімінің «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланған сұхбатын келтіре аламыз. Мұнда қала әкімі тілшінің Түркістанда туризмді дамытуға қатысты қойған сұрағына былай деп жауап береді:
«Түркістанда туризмнің бірнеше бағытын дамытуға болады. Соның ішінде діни-танымдық туризмді теңдесі жоқ мұра Қ.А.Ясауи бабамыздың кесенесі арқылы дамыта аламыз... Шынында да, Қ.А.Ясауи кесенесі жанындағы қылует, шығыс моншасы, Рабия Сұлтан, Есім хан кесенелері мен бір-екі мұражайдан басқа, қонақтарға көрсететін тарихи орындармыз санаулы-ақ. Көп дүние зерттеліп, халыққа көрсетуге лайықталмаған... Бұл жауаптан Түркістанға халықтың келуіне ықпал ететін – киелі жердің рухани қуаты емес, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның айналасындағы архитектуралық ескерткіштер екені аңғарылады. Өкінішке қарай, сол баяғы ескі сүрлеумен қонақтарға кесененің салыну тарихын, оның айналасындағы өзге архитектуралық ескерткіштерді айтумен шектеліп келеміз. Өзгерген ешнәрсе жоқ. Баяғы жартас – сол жартас. Рас, Қожа Ахмет Ясауи басына Әмір Темір салдырған алып ғимараттың Орталық Азияда теңдесі жоқ архитектуралық ескерткіш екендігіне дау жоқ. Бірақ Түркістанға ағылған халық ол кесенені көру үшін ғана келмейді. Қожа Ахмет Ясауи сынды ұлы тұлғаның басына зиярат етіп, құрмет көрсету үшін келеді. Кесене – халық үшін басты құндылық емес. Кесене – осы жерге зиарат етіп келушілердің Әмір Темір бастаған ата-бабаларының Ясауи сынды әулиеге көрсеткен құрметі. Зияратшылар үшін маңызды нәрсе – әулиенің шарапаты, осындағы хан-сұлтан, батыр-билердің бейбіт тағылымы. Ол кесененің қақпасына ойып жазылған мына сөзде толық берілген десе болады. Онда: «Әулиенің есігі – бақыттың кені, Әулиенің махаббаты – бақыттың кілті». Халық Әзірет Сұлтан басына осы үшін келеді. Өзге әулиелі жерлерге де солай. Мысалы, Маңғыстаудағы Бекет атаның басына жолының қиындығына қарамастан жылына ондаған мың кісі барады. Ол жерде Әзірет Сұлтан басындағыдай зәулім кесене жоқ. Әулиенің өз қолымен тастан қашалып жасалған жерасты мешіті бар. Бұл халықтың кесене үшін емес, өзінің рухани қажеттігі үшін баратынын көрсетеді. Бұл Түркістан сияқты киелі мекенді материалдық құндылықтар шеңберімен өлшеуге болмайтынын көрсетеді. «Қожа Ахмет Ясауи кім? Оның тарихтағы орны қандай?» деген сұраққа қазіргі қаланы көркейтеміз, рухани, туристік орталыққа айналдырамыз дегендер сонша бас ауыртқысы келмейді. Түркістанға бөлінген қаржыға қызыққан пенделер де аз емес. Ал бұл ниетпен, мұндай мақсатпен біз Түркістанды ешқашан көгерте де, көркейте де алмасымыз анық. Түркістанды көгерту үшін, көркейту үшін оның бай тарихымен халықты таныстыру қажет. Берісі төрт мың, әрісі алты мың жылдық тарихы бар қаланың адамзат тарихындағы, түркі тарихындағы орнын көрсету – бүгіннің ең өзекті мәселесі. Біз мәселеге кешенді қарауымыз керек. Әйтпесе, Түркістанның көне тарихынан аз да болса зерттеу жұмыстары бар. Соның өзін келген қонақтарға ұсына алмай отырмыз. Біз неге Түркістан мен Оғыз қаған байланысын, түркілердің Батысқа да, Шығысқа да Түркістан арқылы тарағанын, Тынық мұхит пен Жерорта теңізі арасын жайлаған түріктердің барлығы Түркістан жерінен өзге өңірлерге аттанғанын айта алмай жүрміз? Түркістанда, Күлтөбеде көне наным-сенімнің ғибадатханасы бар. Кезінде ол жерде қаңлылар жылына мың қой сойып, құрбандық шалған. Демек бұл – Түркістанның көне дәуірдің өзінде рухани орталық ретінде мойындалғанына мысал. Археолог-ғалым Марат Тұяқбаевтың зерттеулері бойынша Түркістан мен оның маңайында 69 үлкен қорым бар екен. Ол қорымдарда миллиондаған адамның жерленгені анық. Бұл да Түркістанды бір қазақ емес, жалпы түркі халықтарының рухани орталығы болғандығынан хабар береді. Қожа Ахмет Ясауи бұл жерге Түркістанның киелілік сипатына байланысты осы жерге келіп тұрақтаған.
Қожа Ахмет Ясауи – Мұхаммед пайғамбардан кейінгі «Ахмади сәни», «Құтуб әл-Ақтаб-Дүниенің тірегі» атанған ұлы тұлға. Ясауиге дейін де адамзат қоғамы рухани азғындыққа ұшыраған. Міне, сол кезеңде Қожа Ахмет Ясауи тарих сахнасына шығып, рухани әлем мен адамзат рухы арасындағы байланысты қайта жалғастырды. Ол байланысты тек өзі жалғастырып қоймай, әулиелер мектебін қалыптастырды. Ол кісінің бұл еңбегі сол кезеңде адамзат басына төнген апатты кері ысырған. Өкінішке қарай, Ясауи бабамыздың осы еңбегі ортағасырлық діндарлар тарапынан қарсылыққа тап болып, ол кісінің тарихтағы рөлі бұрмаланып, «ахл ал-сунна уа жамаға» шеңберіне енгізілді. Қазір біз осы жалған тарихты Қожа Ахмет Ясауидің шын тарихы ретінде қабылдап жүрміз. Ясауи бабамыздың сол ілімін зерттеп, қайтадан қалпына келтіру – ғалымдардың асыл міндеті.
Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев шаһар тарихына, Қожа Ахмет Ясауи рухани мұрасын терең зерттеуге жіті көңіл бөлу міндетін қойды. Ясауитану орталығын, институтын ашу туралы мәселе көтерді. Бұл – маңызды да өзекті мәселе. Алайда бұл зерттеу орталығының бағыты қалай болмақ? Мәселе сонда. Егер де Ясауи ілімін тар, таптаурын шеңберге апарып тықсақ, онда көп нәтиже болмайды. Ал ясауитануды дана ғұлама шығармалары негізінде зерттесек, онда көп нәтижеге қол жеткіземіз. Бұрын еуроцентристік дүниетаным шеңберінен шыға алмай жүрген ғылым салалары қазір қазақ тарихы мен мәдениетіне, философиясына ұлттың көзімен қарауға мүмкіндік алды.
Бізді ойландыратын тағы да үлкен мәселе бар. Осы күнге дейін Түркістан тарихына, Қожа Ахмет Ясауидің тарихтағы рөліне қатысты қаншама ғылыми жоба ұсынсақ та, біреуі де жеңіп көрген емес. Қазіргі талапқа сәйкес, бұл жобаны бір институт шеңберінде атқарып шығу мүмкін емес екен. Бірақ ясауитанушылар орталығы аз болса, мұндай жасанды талап ғылымды шідерлеуі сөзсіз.
Әрине, Түркістан қаласының облыс орталығы болуы, түркі дүниесінің рухани астанасы мәртебесін алуы гүлденуіне көп ықпалын тигізді. Қаншама ғимараттар салынды. Жаңа қала бой түзеді. Солардың ішінде екі нысанды ерекше атап өткім келеді. Бірі – «Фараб» кітапханасы, екіншісі – Қожа Ахмет Ясауи музейі. Бұл екі нысанның қаланың рухани ахуалын көтеруге ықпалы зор болуы керек еді. Алайда бұл екі нысанның да деңгейін, әлеуетін көрсете алмай отырмыз. Біздіңше, «Фараб» кітапханасы ғылыми орталық ретінде қалыптасуы керек.
Ал Қожа Ахмет Ясауи музейі төрт жылдан бері әлі ашылған жоқ. Музейдің экспозициясын жасау «А-1» деген мекемеге берілді де, іс құрдымға кетті. Ясауи өміріне, іліміне қатысты барлық ғылыми зерттеу нәтижелерін пайдалана отырып, музейдің экспозициялық жоспарын жасадық. «А-1» бастығы Г.Байқошқарова ханым экспозиция жоспарын әзірлеген ғылыми топты да, жобамызды да керексіз деп тапты. Егер де бұл музейді біз әзірлеген жоспар бойынша жасап, халыққа ұсынғанда, мұнда келушілердің санасында күрделі өзгеріс болар еді. Ясауидің адамзат тарихындағы рөлін, рухани әлем мен адамзат арасындағы байланыстағы ілімін, даналығын, қайраткерлігін дөп басып көтеру – бүгінгі ұрпақтың абыройлы міндеті. Бұл – ясауитанудың абыройлы парызы. Қазіргі еліміздегі, түркі әлеміндегі, адамзат аясындағы түрлі қиындықтар, адасулар мен қиғаштықтар, апаттар мен дүлейлер – Ясауи ілімінен алыстағандығымыздың көрінісі. Ол ілімді қайта қалпына келтіру жалғыз қазақтың немесе түріктің емес, жалпы адамзаттың кезек күттірмес жұмысы болуға тиіс. Сондықтан әрбіріміз Түркістанның көгеруіне, Ясауи ілімінің қайтадан жандануына, парасатымызды рухани әлеммен байланыстыруға ұмтылсақ көп нәрсені ұтамыз.
Зікірия ЖАНДАРБЕК,
тарих ғылымдарының
кандидаты, ясауитанушы