Бұған дейін жазғанымыздай, биыл Алматы қаласында 30 мыңнан аса бала мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. Олардың ішінде 3 789 бала жекеменшік мектепте білім алмақ. Ал қаланың Түрксіб ауданындағы Қайрат шағын ауданында ашылған №211 мемлекеттік мектеп-гимназия балаларға бағдарлы білім беруге бағытталып отыр.
Пәндік кабинеттермен, зертханалармен жарақталған заманауи мектеп 1500 баланың сапалы білім алуына лайықталған. Жаратылыстану, математика және ағылшын тілін тереңдетуге негізделген білім ордасында технология пәні бойынша ер балалар ағаш өңдеу, қыш бұйымдар жасау ісіне машықтанса, қыздар тігін тігіп, аспаздықты игереді.
Алматы қалалық білім басқармасының мәліметінше, «Жайлы мектеп» жобасы аясында бұл ауданда тағы 4 мектеп салынады. Бүгінде Алматы қаласы мектептеріндегі орын жетіспеушілігі 27 500-ді құрайды. Өткен жылы 17 білім нысаны іске қосылса, биыл жаңа 12 білім беру ошағы балаларды қабылдады. Оның 9-ы – жекеменшік, 2-і – қосымша ғимарат. Жыл соңына дейін тағы 2 қосымша ғимаратты іске қосу көзделген.
Орта білім беру ұйымдарында пәндік кабинеттердің 75,6 пайызы жаңартылды. Мектептерде барлығы 847 пәндік кабинет (химия, физика, биология), оның ішінде 640 кабинет заманауи жабдықтармен (жаңа модификациямен) жарақтандырылды. Сонымен қатар 75 STEM және роботтехника кабинеттері сатып алынды. Бұған қоса жан басына шаққандағы қаржыландыру аясында тағы 147 кабинет, яғни 34 химия, 31 физика, 39 биология, 23 STEAM және 20 роботтехника кабинеті жарақталған. Бұл балалардың жаратылыстану-математикалық циклдік пәндер бойынша білім алуына кең мүмкіндік береді.
Жаңа оқу жылында қаладағы 323 мектеп балаларды қабылдаған. Оның 215-і – мемлекеттік, 108-і – жекеменшік. Биыл жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын «Жалпыға бірдей оқыту» қорынан мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтарын сатып алу үшін бір балаға 43 мың теңгеден беріліп, осы қордан халықтың әлеуметтік осал санатына жататын 15 мыңнан аса алматылық оқушыға көмек көрсетілген.
АЛМАТЫ