• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Несие 14 Қыркүйек, 2023

Корпоративтік несиелендіру сыр бере бастады

130 рет
көрсетілді

Бизнес несиелері кейінгі айда 137 млрд теңгеге аза­йып кеткені белгілі болды. Соңғы бес жыл ішінде Қазақстандағы корпоративтік несиелердің жалпы берілген несие көлеміндегі үлесі 68 пайыздан 41 пайызға дейін азайған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында корпоративтік несиелендіруді қайта бастауды нақты талап етті.

«Экономикаға ақша керек. Өткен жылы банктердің таза пайдасы 1,5 трлн теңгеге жуықтаса, биыл бірінші жарты­жыл­дықта 1 трлн теңгеден асты. Мұндай артық табыстылық банктердің тиімді жұмысының нәтижесі емес, негізінен Ұлт­тық банк инфляциямен күресу үшін пай­даланатын жоғары базалық мөл­шер­ле­менің салдары болып табылады. Үкімет пен Парламент мемлекет мүддесін ескере отырып, бұл пайданы неғұрлым әділ қайта бөлу мүмкіндігін қарастыруы керек. Қаржы ұйымдарының салық салынбайтын өтімділікті нотаға орналастырудан алатын орасан зор кірістері мәселесі де өзекті. Бұған ешқандай логика немесе мемлекеттік көзқарас жоқ», деді Президент.

Шынында да, банктердің орасан зор пайдасы базалық мөлшерлеменің өте жо­ға­ры болуына байланысты екенін бәрі­міз білеміз. Ұлттық банк оны инфляциямен күресу үшін кейінгі үш жылда көтерді. Бұл шешім Украина мен Ресей арасындағы соғыс жағдайына байланысты қабылданды. Қазір «Қай жерден қателестік» деген сауалға Ұлттық банк те, Үкімет те жауап таба алмай отыр. Себебі инфляция рекорд­тық деңгейге көтерілді және теңге рубльден ажырап, долларға шаққандағы күш-жігерін көрсететін кезде сыр беріп қалды, Нә­тижесінде, корпоративтік несиелеу то­қы­рап, тұтынушылық несие өсіп кетті.

Базалық мөлшерлемені көтеру логикасы нарық заңына негізделеді, мөл­шерлеме жоғары болған кезде адамдар несие алмайды, керісінше депозиттерге салады, осының әсерінен инфляция төмендейді.

Қаржы сарапшысы Андей Чеботарев­тің айтуынша, бұл формула біздің елге келгенде жүрісінен шатасып қалды, бөл­шек несиелеу кейінгі айда 3,9%-ға немесе бірден 564 млрд теңгеге, жыл басынан бері 13,4%-ға өсті. Бұл – ке­йінгі екі жылдағы ре­кордтық өсім. «Нәти­жесінде, ақша-не­сие саясаты импорт пен инфляцияны же­делдететін бөлшек несиелендірудің да­муына байланысты инфляцияны төмен­де­туге әсер етпегені белгілі болды, бірақ Ұлттық банк корпоративтік саясатты қайта бастау үшін мөлшерлемені төмендетуге тәуекел етпеді», дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, Ұлттық банк­тің базалық мөлшерлеме туралы баспасөз баянында экономиканы, биз­нес­ті несиелендіру туралы ештеңе айт­паған. Шамасы олар базалық мөлшер­ле­менің нарыққа әсері аз екеніне толық мойынсұнған тәрізді.

«Со­нымен қатар несиелік ынта­лан­дыру мәселесі санкцияларға байланыс­ты эконо­ми­каның екі ірі кредиторының кетуімен тығыз байланысты болды. Біз мұны осыған дейін де айтқанбыз. Енді Президент біздің нарыққа бөлшек несие емес, арнайы экономиканы несие­лен­діруде мол тәжірибесі бар үш жаңа шетелдік банкті әкелуді талап етті. Дүние­­жүзінде мұндай банктер онша көп емес, біздің нарықта жүргендері де – санаулы. Енді Президент тапсырмасын орындау үшін қаржы секторына біраз өзгерістер енгізіп, нарықты тазалау керек», дейді А.Чеботарев.

Біздің нарыққа келуден үміткер банк­­тер­­дің қатарында Қытай банктері болуы мүмкін екенін біз осыған дейін жаз­­ғанбыз. Тіпті елге келген банктер­дің қатары үш емес, бес болса, олар не­сие­­лендіру деңгейіне әсер ете алмайты­нын да жазғанбыз. Қаржы сарап­шысы А.Чеботаревтің сөзімен айт­қан­да, қо­лы­ңыздағы 1 млн теңгені ЕДБ де­по­зит­теріне салсаңыз, жылдық өсім 1 млн 165 мың теңге болады. Ал дөнер нүктесін ашқысы келіп, банктен несие ала алмай жүрген көршіңіз сізге ондай өсіммен қай­тара алмайды. Біздің бизнестің де жағдайы осындай.

Банктердің бизнеске деген ықыла­сы­ның кемшіндігіне ешкім шүбә келтіре алмайды. Бірақ Ұлттық банк оларға жылына 16,5 пайыз табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Базалық мөлшерлеме банк секторының жоғары табысы корпора­тив­тік несиелеудің төмендеуіне де себеп болып отыр. Қазір біздің елде несие­нің нарықтық бағасы 20-21 пайыздан басталады. Мұндай пайызбен несие алуға бизнестің қалтасы көтермейді. Осы­лай­ша жоғары базалық мөлшерлеме мем­лекеттік қарызға қызмет көрсету құны­ның өсуіне себеп болып отыр.

«2022 жылы жоғары базалық мөл­шер­леме Қаржы министрлігінің мемле­кеттік облигациялар бойынша 382,4 млрд теңгеге шығындалды. Бұл – 225 мектеп, орташа есеппен әр мектепке 500 млн-нан 3,5 млрд-қа дейінгі қаржы. Капитал нарығы қаражат тарту үшін біршама жақ­сырақ пайыздық мөлшерлемелерді бе­ре­ді, бірақ мұның бәрі 16,5 пайыз тәуе­келсіз кірістілік мөлшер­ле­ме­сіне дейін төмендейді», дейді сарапшы.

Президенттің банктерден ноталарға және мүмкін басқа да мемлекеттік бағалы қағаздарға негізінен базалық мөлшерлеме бойынша қосымша салық төлеуді талап ету идеясын ішкі нарық құп көріп жатыр. Мұндай тетік әлемнің ешбір елінде жоқ. Облигациялар мен ноталарға салынатын салықтар осы бағалы қағаздардың рентабельділігінің симметриялы өсуіне әкеледі. Нарық осылай жұмыс істейді, сон­дықтан мұндай салықтар дүниежү­зінде еш жерде жоқ. Корпоративтік несие­лен­ді­руді қайта бастаудың және мем­ле­кеттік шығындарды азайтудың жалғыз жолы.

Сарапшы айтып өткендей, мөлшер­ле­ме бірден нөлге дейін төмен­демей, бірте-бірте азайтылуы керек. Өкінішке қарай, Ұлт­тық банк құлдыраудың басталуына қо­лайлы сәтті жіберіп алды.

ІЖӨ бойынша қажетті нәтижеге қол жеткізу үш жыл сайынғы өсім 6-7 пайыз болуы керек. Бірақ бюджет пен бизнестен несиелік импульс болмаса, бұл нәтиже бермейді. Қытай рецепті экономиканы несиелендіру үшін арзан ақша керек. Қытай бұл тәжірибені 2000-жылдары бас­тады, сол жылдардан бастап ішкі жалпы өсім 8-12 пайызға дейін өсті. Бізге қазір экономика мен бизнесті несиелендіруге қызығушылық төмен болып тұр. Бұл – Үкімет пен Ұлттық банк бірлесіп атқара­тын міндет.

Ұлттық банктің статистикасына сү­йен­­сек, ЕДБ несиелендіру бағытының биз­нес-клиенттерден жеке тұлғаларға ауыс­уы шамамен бес жыл бұрын болған. 2017-2020 жылдар аралығында сектордың кор­поративтік несие портфелі 18,1%-ға (8,7 трлн теңгеден 7,1 трлн теңгеге дейін) қысқарды, ал бөлшек портфель 86,3%-ға (4 трлн теңгеден 7,5 трлн теңгеге дейін) өсті. 2021 жылы корпоративтік портфель өсуге қайта оралып, 7,8 трлн теңгеге (+9,3%) жетті. Ағымдағы, өте қиын жылда өсу үрдісі осындай қарқынмен жал­ғасуда: 1 мамырдағы жағдай бойынша заңды тұлғалардың несиелер бойынша бе­ре­шегінің қалдығы 8 трлн теңгеге дейін өсті. Бұл +3,3 пайыз. Бір жағынан, цифр­лық технологиялар мен скорингтік ше­­­шімдер тұтынушылық несиелерді бе­ру үдерісін түбегейлі жеңілдетті, ал үй шар­уа­шылықтарының қарыздық жүк­­темесінің төмендігін ескере отырып, бұл құралдарды қолданбау мүмкін емес еді. Әйтпесе банк бәсекелестікте қайтымсыз ұтылатын еді. Сонымен қатар сегмент мемлекеттік бағдарламалармен қамтамасыз етілген ипотека есебінен өсті. Қазіргі тренд экономикалық жағдайды тұрақтандыру факторына басымдық бе­реді. Осыған дейін Ұлттық банктің мөл­шер­лемесі бір күйіп, бір жанды. Бұл несие нарығының құбылмалығына, қысқаруына әкелді. Кейіннен Орталық банк негізгі мөлшерлемені төмендете бас­тады, бұл тұтынушыларды тарифтер одан әрі төмен­дей­ді деген үмітпен несие алуды кейінге қал­дыруға мәжбүр етті.

Ал сарапшылар болса, корпоративтік несиелеуде тоқырау жоқ екенін айтады. Кейінгі бес жылда заңды тұлғаларға бе­рілген несиелердің жыл сайынғы өсімі орта есеппен 11 пайызға жетті. Бір қызығы, 2017-2021 жылдар аралығында құ­рылыс және сауда салаларына несие беру орта есеппен сәйкесінше 7 және 9 па­йызға, өнеркәсіпке 10 пайызға, ауыл шаруа­шылығына 6 пайызға өсіпті.

«Экономиканың өсуі оның қазіргі мүмкіндіктеріне сәйкес болуы керек. Несие өсімі экономикалық өсімнен айтарлықтай асып кеткенде, тәуекелдер туындайды. Сонымен қатар несиелендіру келешегі зор саланың өсуін қадағалап, тәуекел деңгейін ескеруі керек, өйткені банктер бизнес пен несиені қайтару болашағына азды-көпті сенімді болуы керек», деп түсіндіреді сарапшы А.Бейсембаев.

Қазақстандағы несиелердің ішкі жалпы өнімге қатынасы шамамен 25%-ды құрайды. Бұл – әлемдегі ең төменгі көр­сет­кіштердің бірі. Қазақстан – нақты сек­торды несиелендіру деңгейі бойынша әлемнің 160 елі арасында 130-орында. Посткеңестік елдер арасында бұл көрсеткіш тек Тәжікстан, Украина және Молдовада төмен. Салыстыру үшін әлем­дік орташа көрсеткіш – 58 пайыз. Сарап­шы­лар мұның бірнеше себебіне бірнеше фактор әсер етіп отырғанын айтады.

«Елдегі іскерлік ахуалдың өзгеруі банк­тердің несиелік портфельдерінде тіке­лей көрініс табуда. Егер 2012 жылы несие портфелінің 70%-ын заңды тұлға­лар­ға берілген несиелер құраса, қазір олардың үлесі 37%-ға дейін азайды. Несие портфелінің қысқаруына тағы да банк секторын сауықтыру бойынша ауқымды бағдарлама әсер етті, 2016-2017 жылдары негізінен заңды тұлғалардың үмітсіз несиелері есептен шығарылды. Одан кейін ел несиелеу талаптарын қатайтты, банктер несиені бөлуде сақтық танытты. Бір жағынан, банктер несие беруде шектелген, екінші жағынан, жақсы кепілдік бере алатын және жақсы қаржылық есеп­ті­лік көрсете алатын нақты клиенттер де ай­тарлықтай аз. Ақырында, бөлшек не­сиелендіру нарығының өсуі аясында кооперативтік сектордың үлесі төмендеді. Заңды тұл­ға­лар­ға берілген несиелер кейінгі 10 жылда 7-8 трлн теңге (қазіргі уақытта 8,3 трлн теңге) деңгейінде болды», деп атап өтті қар­жыгер.

Заңды тұлғалар несие алуды жалғас­ты­ру­да, бірақ олардың несиелері қысқар­ды, олар негізінен айналым қаражатын жабу үшін немесе сауда үшін алынады. Банк секторының назары бөлшек несиелеуге ауысты. Кейінгі 10 жылда нарықтың бұл секторы 5 есе өсіп, 35%-ға жетті. Осы­лайша, бөлшек несиелендіру банк жү­йе­сінің дамуының қозғаушы күшіне айналды.

«Jusan Analytics» компаниясының бас­қа­рушы директоры Әнуар Қуанды­қов­тың айтуынша, банк активтерінің жоғары шоғырлануы бәсекенің төмендеуіне және нарықтың монополиялануына әкеледі. Ал соңғысының тиімділігі төмендейді.

Сонымен қатар сарапшылар 130 ел­дегі 3 ірі банктің активтерінің шоғыр­лан­уын салыстырып, шоғырлану мен бәсе­ке­лестіктің тікелей байланысын бай­қамады. Көптеген елде шоғырлану Қазақ­стандағыдай 60-70% деңгейінде болды.

«Бұл жағдай бәсекелестік негізінен ірі ойыншылар арасында орын алатынын, ал кішілері іс жүзінде тауашалық банктерге айналуы керек екенін көрсетуі мүмкін. Бір жағынан, бұл эволюциялық тұрғыдан дұрыс болып көрінуі мүмкін, бірақ екінші жағынан, ол үлкен тәуекелдерді жасырады. Өйткені белгілі бір тауашалардағы дағдарыс орын алса, бұл бүкіл банк сек­торына әсер етуі мүмкін», деді Ә.Қуандықов.

Қысқасы, Мемлекет басшысы бұл жолы да банк секторына назар аударып, «Банктер саған айтамын, Үкімет сен тыңда» дегенді аңғартты. Ендігі әрекеттің нәтижесі ҰБ мен Үкіметтің қабылдаған шешімдеріне байланысты.