Саясат пен экономика қашанда қатар дамуға тиіс. Әр салаға өз ісіне берік, жан-жақты қабілетті, дарынды әрі білікті маман жетекшілік етуі керек. Егер белгілі бір кәсіпті басқару өз ісін білмейтін адамға берілсе, көп нәрсе бүлінеді.
Ел экономикасын жедел түрде көтермесе болмайды. Жылдар бойы жинақталған Ұлттық қор қаражатын оңды-солды ысырап етуге жол жоқ. Бұрын қордағы қаражат 300 миллиард доллар еді, ал қазір небәрі 50 миллиард қана қалған. Осылайша, қорды жеп тауысуға шақ қалдық.
Өзге елдердің озық тәжірибесін де назарға алу қажет. Мысалы, Қытайда бәрі сайланады. Партия оған араласпайды. Басшылар сайланатын болған соң, онда кіл мықтылар, дарынды мамандар іріктеліп алынады. Солар елді дамытады, өрге сүйрейді.
Елімізде белгілі мыс комбинаты бар. Олар мемлекетке жылына 3 миллиард доллар табыс алып келеді екен. Егер сол өнімді өңдеп, сапалы деңгейге жеткізіп, мысалы, үлкен сұранысқа ие кәбіл шығарсақ, онда үш миллиард емес, 24 миллиард доллар табыс табуға болады. Бұл жерде ғылымның маңызы зор. Ғалымдар мен оқымыстылар ізденіп, әр салада жаңалықтар ашуға тиіс. Ендігі жерде жаңа экономикалық саясатты қолға алу маңызды.
Мемлекет ғылымсыз дамымайды. Озық технология ауадай қажет. Креатив, яғни тың идеялар ұсынатын сындарлы ғылым, оны дамытатын білікті ғалымдар керек. Екіншіден, ұлттық дәстүрді, ел бірлігін мықтап қолға алып, ауызбірлікті нығайту маңызды. Экономикасы шарықтап дамыған Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея, Германия сынды елдердің өркендеуі осы бірліктің арқасында. Мысалы, корейлер әлемнің қай түкпірінде жүрсе де, өз елі үшін қызмет етеді. Оларда патриоттық сезім мықтап қалыптасқан. Ал біздің «Болашақ» бағдарламасымен оқыған жастардың біразы АҚШ пен Еуропа елдерінде қалып қойып, із-түзсіз кететіні қынжылтады. Осыған орай елімізде білімді кадрлардың жетіспеушілігі байқалады. Демек Қазақстан экономиканы дамыту үшін жоғарыда айтқан елдер секілді бірлікті нығайтып, өркендеу жолына түсуге тиіс.
Мұрат ЖҰРЫНОВ,
академик