Бұл туралы Мемлекет басшысы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуінде жасаған баяндамасында айтты, деп жазады Egemen.kz.
«Жасанды интеллекттің бұрын-соңды болмаған дамуы өндіріс саласын, еңбек нарығын және қызмет көрсету саласын өзгерту міндетін қояды.
Сарапшылардың болжауынша, он жылдан кейін әлемдегі өнімдер мен қызметтердің 70 пайызы цифрлық платформа үлгілеріне негізделеді. Сондықтан біздің елдерде цифрлық шешімдерді қолдану аясын жүйелі түрде кеңейту басымдыққа айналуы мүмкін», деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, цифрлық шешімдер экономиканың барлық салаларына белсенді түрде енгізіледі. Мәселен, елімізде қолма-қол ақшасыз операциялардың үлесі 82 пайызға жетті, мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электронды түрде көрсетіледі.
«Өткен жылдың өзінде отандық IT-саланың экспорт көлемі бес есе өсті. Біз бұл көрсеткішті 2026 жылға қарай бір миллиард долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Қазақстан осы стратегиялық маңызды салада жақын көршілерімен ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуды жақтайды», деді Қ.Тоқаев.