• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Зерде 14 Қыркүйек, 2023

Досжан хазірет

758 рет
көрсетілді

Темір ауданы Шилісу өзені бойында ХІХ ғасырдың соңында Ақтөбе өңірінде бірнеше жерден мешіт-медресе салған көрнекті рухани ұстаз, дін қайраткері Досмұхамед (Досжан) ишан Қашақұлының мемо­риалдық кешені ашылды. Еліміздің батыс өлкесінде діни-ағартушылық қызметпен айналысып, елге ұстаз бола білген жүздеген хазірет, ахун, ишан есімдері отарлау кезе­ңінде тасада қалды.

Солардың бірі – Досжан Қашақұлы. Кеңес өкіметі орнағанға дейін Ақтөбе өңі­рінде 200-ге жуық мешіт болса, қазіргі заманға тек Ақтөбе қалалық және Ойыл мен Темір мешіттері ғана бүтін жетті. Осы үш мешіт – 1903 жылы татар үлгісімен са­лынған тас құрылыс. Досжан ишан мешіті, медресесі болған жерге өз өсие­тімен жерленген. Мемориалдық кешен ашылған күні Темір ауданының орталығы – Шұбарқұдықта Досжан Қашақұлына арналған зиялы қауым өкілдері қатысқан жиын өтті.

Қазақстан Мұсылмандары діни басқар­ма­сының төрағасы, бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы руханиятқа қызмет еткен қазақтың ишандар мектебінің ірі өкілдері – Досжан Қашақұлы (1815-1890), Нұрфайыс хазірет Байғараұлы (1826-1880), Жұмағали ахун Оразалыұлы (1860-1904), Алдияр ишан Ниязұлы (1839-1888), Жиеналы ишан Ізбасарұлы, Бекмағам­­­бет хазірет Сембайұлы, Жиен­ғали Жұма­ға­ли­ұлы­ның (1880-1943) қайраткерлігі ха­лық санасынан өшпегені туралы айтты. Ол: «Бастауын VІІІ-ХІV ғасырларда қалыптасқан баптық-шейхтық мүршидтік мектептерден алған ишандар қазақ даласында ислам мәдениеті мен білімін орнықтырып, діни сала мен дәстүрлік танымды ұштастырды. Бертін келе қазақ қоғамында әр өңірдің өз ишаны, яғни рухани ұстазы қалыптасып, олар елдегі мәдени-ағартушылық, эконо­микалық-саяси, идеологиялық мәселе­лерді шешу­ге араласты. Жалпы, қазақ жеріндегі ишан­дар мектебі Тәуке хан заманында қа­лып­таса бастады. Сол тұс­та «Жеті Жарғыны» дайындауға аралас­қан ишандардың дәре­жесін көтеріп, ел­дің діни тұрақтылы­ғын сақтауға жауапты етті. Мешіт ашып, мед­­реседе бала оқытып, қоғамда ізгілікті насихаттаған осы дін өкілдерінің арасынан талай ғұлама ғалым, емші, бағбан, сынықшы, ағарту­шы, сөз ұстасы шықты», деді бас мүфти.

Ишандар мектебінің ірі өкілі – Дос­жан Қашақұлы Ақтөбе облысында 1815 жылы дүниеге келген. Алғашқы діни білімді әкесі Қашақ молдадан алып, одан Бұхара медресесін тәмамдап елге оралған соң жиырма жыл бала оқытумен айналысқан. Өмірінде қажылыққа үш рет барған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы «Қазақ шежіресі» еңбегінде 1874 жылы Меккеге қажылыққа барған қазақтың ықпалды адамдарының ішінде Нұрпейіс хазірет пен Досжан халфенің болғанын айта келе, «Бұрын қазақ бұлай бас қо­сып қажылыққа бармаған екен» деп түйін­дейді. Осы топта Жәңгір ханның ұлы Ғұбай­долла сұлтан, хакім Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлы, жыр алыбы Жам­былдың ағасы Тәйке Жақауұлы да болған. Қазақ қажылары осы жерде қазақ жерінен келетіндер үшін Меккеде тәкия (қонақ үй) салуға уағдаласады. Шәкәрім қажы Құдайбердіұлы «Қазақ, қырғыз һәм хандар шежіресі» еңбегінде былай деп жазған: «Мен пақыр 1905 жылдан 1906 жылға қарай, қажылыққа барғанда тәкияны көрдім. Менен бұрын қажылар кіріп қалған екен, оларды ренжітпей пәтер алып түстім. Бірақ Сұлтан айтты: Тәкия бұл күнде Досжан хазіреттің атына жазылған екен».

Қонақ үйге жер алу оңайға түспей, Мекке қаласының басшысы қазақтардың мұсылмандығын дәлелдейтін құжат сұра­тады. Досжан ишан жолға шығып, Қазан қаласынан сұраған құжатты тауып, оны Бұхараға заңдастырып, Меккеге дер ке­зінде жеткізеді. Ишанның еңбегін ескер­ген Құнанбай бастаған қажылар қиын­дықпен алған жерді Досжан хазіреттің атына жаздырады.

Досжан хазірет 1888 жылы қазақтың өз мүфтилігін ашу туралы Орынбор губер­на­торына бірнеше рет арызданған. Сол уақытта қатты күшейген шоқындыру сая­сатынан қазақтың дінін күшейту тәсі­лімен қорғанбақ болған хазірет талабы ескерусіз қалды. Ақын Әбубәкір Кердері Досжан хазіретті «Асыл сөзді, кең көкірек, орта бойлы, терең ойлы, жұмсақ мінезді, сабырлы, берекелі, дәулетті, Құдай жолында көп еңбек еткен, дұшпанға да пәле ойламаған, бұқараға сөзі ем болған; сабырда – Аюб пайғамбарға, мақамда – Дәуіт пайғамбарға ұқсас, пиғылда – Расулымдай жайлы, дәулетте – хақ Сүлеймендей салтанатты болған» деп сипаттайды.

Жиында жазушы Смағұл Елубай Дос­жан хазірет бастаған діндарлардың қазақ­тар үшін дербес мүфтилік ашу талабы ұлт зиялыларының Қарқаралы петициясынан кейінгі ерекше саяси қимылы деп бағалады. «Ясауи мектебінің шәкірттері ел-жұртының игілігі үшін қызмет етуді бірінші орынға қойды. Жеке мүддесін ойламай, ел-жұртының мүддесі үшін қатерге басын тігу әулиелерге тән қасиет. Мұндай қасиет Досжан ишанның бойынан табылды», деді белгілі қаламгер.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңір­лік университетінің проректоры, тарих ғылым­дарының докторы Рахым Бекна­заров орыс этнографы С.Дудиннің 1907 қазақ жерін аралай жүріп, «Қазақтың әр ауылында елдің діни сауатын ашатын молдалар бар» деп жазып кеткенін айтты. Мұрағаттарда Дудиннің киіз үйде, молдадан сабақ алып отырған қазақ балаларын түсірген фотосуреттері сақталған. ХІХ ғасырда Ресейден татар, башқұрт молдалары арқылы келген ағым мен Бұхара, Хиуадан келген ағымдардың ықпалы Ырғыз бен Жем өзендері арасындағы ескі мешіт құрылыстарынан да байқалады. Оңтүстік белдеуден Жем өзеніне дейінгі мешіттерде ишандар дәстүрі сақталды. Яғни ишандар мешітінде биік мұнара мен үлкен терезелер болмаса, қазіргі Ақтөбе облысының солтүстік аудандарында татар мен башқұрт үлгісіне ұқсайтын сүйір, биік мұнаралы, үлкен терезелері бар мешіттер салынды. Ишандар үлгісі Қарабұтақтағы Самұрат мешітінде, Жем өзенінің бойы – Қожасайдағы Көк­ме­шітте, Ырғыздағы Дүйсенбі ахун, Қай­рақ­тыдағы Ділмағамбет ишан мешіті құры­лыстарынан байқалады. Қазақтың сопы діндарлары сән-салтанаты асқан мешіттерді аса ұнатпаған тәрізді.

Досжан ишанның алғашқы мешітін Үстірт бойындағы Тасастау, Қайнар деген жерде салған. Бұл қазіргі Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарының шекара­сында орналасқан төңкеріске дейінгі қазақ ауылының жұрты. Тастан, шымнан салынған ескі үйлер, тас құдық, бірнеше мешіт пен медресе үйлері, жатақхана, кітапхана орындары сақталған. Мешіттің ішкі қабырғасындағы бояуы мен ою-өрне­гінің іздері әлі бар, төбесінде суағары сақ­талған. Үстірттегі тас қаладағы мешіт-мед­ресе бірнеше мұнаралы «желкенді мешіт» үлгісімен тұрғызылған. Бұл арабтар­дан келген дәстүр. Досжан ишанның мешіт­терін Бірман Көшімқұлұлы деген ұста тұрғызған. Ол 1922 жылы қайтыс болған. Ұрпақтары Қобда ауданында тұрады.

Қазақстан Мұсылмандары діни бас­қар­масы уағыз-насихат бөлімінің мең­геру­шісі, PhD Батыржан Ман­сұровтың айтуынша, сол заманда ишан мәртебесіне жету үшін ұзақ жыл бала оқытып, өз еңбегіңмен күн көру керек екен. Досжан ишан ихсан ілімін ұстанған, сопылық жолда болған. «Бүкіл ғұмырын Алла жолындағы құлшылыққа арнаған ихсан ілімін ұстанғандар шынайылық, адалдық пен әділдікті бағдар етіп, өз хал­қына адал қызмет етуге тиіс. Бүгінде жалған сопылар шынайы сопылық жолға кедергі болып отырған кезде оларға ихсан ілімі арқылы ғана тосқауыл жасаймыз. Сол үшін де елге адал қызмет ететін шәкірттер тәрбиелей білген Досжан хазірет сияқты ишан, халфе, ахундарды насихаттауымыз керек», деді Батыржан Мансұров.

Өлкетанушы Бекарыстан Мырза­байұлы белгілі ғалым, марқұм Әбу Тәке­новтің 1997 жылы Темір ауданына Мұс­тафа Шоқайдың эмиграцияға бара жатып, жасырын кездескен дін адамдары туралы дерек айтты. Қайраткер 1918 жылы хазіреттің ұлымен кездескен болуы керек. Өйткені Досжанның жолын жалғастырған Абдолла, Аққұбаш есімді ұлдары 1937 жылдары атылып кеткен. Бекарыстан Мырзабайұлы: «Байғара­ұлы Нұрфайыс, Қашақұлы Досмұхамед ишан мен оның атқосшысы – Өтәлі қажы, ағайынды Аппаз бен Мырқы, Қасынбек датқа, Шәбден 1875 жылы Меккеге қа­жылыққа барғанда, орталарынан қаржы шығарып, қонақүй салдырады. Меккедегі осы 7 адамның қаржысына салынған үйге 1957 жылы НКВД адамдары келіп бір қағазға қол қойғызып алып кеткені туралы Байғараұлы Нұрфайыс хазіреттің немересі Әбдірахман ақсақалдан естідім. Археолог ғалым Серік Әжіғали 1979 жылдан бастап ел ішінен Досжан ишан туралы ауызша деректерді жинастырды. Ал осыдан бес жыл бұрын атыраулық Мұхамедқалиұлы Ресей мұрағатынан Досжан ишанның Шилідегі мешітінің 1904 жылы түсірілген фотосуретін тапты. Сол заманда мешіттің жеті күмбезі болған», деп мәлімет берді Бекарыстан Мырзабайұлы.

Қартайған ишан саяси сенімсіз адам ретінде Орынбор губернаторының құпия тізімінде тұрған. Бекарыстан Мырза­бай­ұлының айтуынша, Досжан ишаннан бұрын Жем бойындағы діндарлардың ең ықпалдысы – Асан қожа қазақ даласына дін таратуға келген Бақсайыс әулиенің ұрпағы екен. Асан қожа ХІХ ғасырдың бас кезінде жастарын Хиуа, Бұхараға көшіреді де, үлкендері Жемнің бойында қалады. Қазір бұл жер Қожасай деп аталады. Ертеде қазақтың әр ауылында мешіт болған. Мәселен, кеңес өкіметінің алғашқы жылдары Ақтөбе облысының Темір уезінде 50-ге жуық, Ырғыз уезінде 37 мешіт болған.

Ғалым Өмірзақ Озғанбаев ХІХ ғасырда қазақ руханиятына зор еңбек сіңірген Досжан Қашақұлының ғибратын Халел Досмұхамедұлы, Бақытжан Қаратаев, ағайынды Жұбановтар тыңдап өсті деген пікір айтты. Досжан ишанның медресесін мыңнан астам шәкірт тәмамдаса, олардың арасынан ұлт руханиятына қызмет еткендер көп шықты. Досжанның Жиенғалиға дейінгі ұрпақтары – сол кездегі шоқынды­ру саясатына қарсы тұра білгендер. «ХІХ ғасырда Ресей империясы құрамындағы барлық ұлттарды шоқындыру саясаты белсенді жүрді. Шіркеу адамдары бас­қа ұлттың жетім балаларын шіркеу жа­нын­да ашылған мектептерге жинап, тегін өзгертті, орысша оқытты. Халық тағ­­дыры қыл үстінде тұрғанын ерекше сезінген елдегі ишан-молдалар мед­реселерге жоқ-жұқа, жетім балаларды тегін қабылдап, олардың ас-суын, басқа қа­жеті үшін шаруашылықпен айналысты. Досжан ишан Орынбор губернаторы­ның қабылдауын үш жыл күтіп, Шилі­су бойынан бау-бақша өсіруге 10 гектар жер сұрап алған. Сол жерге жеміс ағаш­тарын егіп, өнімін күзде Орынбор, Троицк қаласының көпестеріне көтере сатып, түскен қаржыны медреседегі кедей отбасылар мен жетім балалардың қажетіне жұмсайды. «Төңкеріске дейінгі қазақ медреселерінің ұлт азаматтарын тәрбиелеудегі рөлі әлі зерделенген жоқ. Мәселен, Көкшетауда Науан хазіреттің медресесінде еңбек тәрбиесіне ерекше мән берген. Медресе жанында бір отар қой ұстап, оқушылар малға кезекпен күтім жасаған. Хазірет шаруашылықтан түскен табысты мұқтаж шәкірттердің қажетіне жұмсаған», деді Ө.Озғанбаев.

Дін өкілдерінің қазақ руханиятына сіңірген еңбегі өлшеусіз болса да, олар­дың өмірбаяндық деректері жүйеленген жоқ. Кеңес өкіметі аяусыз жаншыған қазақ дінбасыларының тарихтағы рөлін зерделеу, медреселер мен ауыл мектептері туралы зерттеу жұмыстарын жүргізу – бүгінгі ғылымның абыройлы міндеті деп санаймыз.

 

Ақтөбе облысы,

Темір ауданы