Сенат cпикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палата отырысында депутаттар үш халықаралық келісімді ратификациялау туралы заң жобаларын мақұлдады. Сондай-ақ сенаторлар депутаттық сауалдар жолдады.
Күн тәртібіне сәйкес отырыс барысында «2007 жылғы 6 қазандағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік қызметі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланды. Хаттамаға 2021 жылғы 16 қыркүйекте Душанбе қаласында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысында қол қойылды. Құжаттың мақсаты – ҰҚШҰ мүшесі саналмайтын мемлекеттердің аумақтарында Біріккен Ұлттар Ұйымының бейбітшілікті сақтау жөніндегі операцияларында ҰҚШҰ бітімгершілік күштерін қолдану тәртібін айқындау. Хаттама аясында «үйлестіруші мемлекет» деген ұғымы енгізіледі.
«Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актіге, бітімгершілік туралы келісімге хаттама арқылы түзетулер енгізу бітімгершілік қызметінің құқықтық негіздерін одан әрі жетілдіруге бағытталған. Мәселені ретке келтіру барысында халықаралық ұйымдардың бітімгершілік операцияларына қатыса алмайтыны анықталды. Осыған байланысты ұйым мүшелерінің бірі үйлестіруші мемлекет ретінде әрекет етеді, ал қалғандары қажет болған жағдайда оған қосыла алады деген шешімге келді. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше емес мемлекеттердің аумақтарында БҰҰ бастамасымен жүргізілетін бітімгершілік операцияларында ҰҚШҰ бітімгершілік күштерін қолдану тәртібі нақты айқындалды. Үйлестіруші мемлекет мәртебесі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің шешімі бойынша кез келген мүше мемлекетке берілуі мүмкін», деді құжат жөнінде баяндама жасаған сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.
Депутаттың айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссияларына қатысу үшін Хатшылықтың мақұлдауымен үйлестіруші мемлекетке квота бөлінеді. Квота алғаннан кейін ғана Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сол елді Үйлестіруші мемлекет ретінде мақұлдай алады. Үйлестіруші мемлекет БҰҰ қаражаты есебінен логистика, контингентті тасымалдау және қаржылық мәселелер бойынша өзара іс-қимыл жасайды.
«Әрбір (ҰҚШҰ-ға мүше) мемлекеттің БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына қатысуы ерікті және қатысу дәрежесін дербес шешеді. Жоғарыда аталған құжат Қазақстан Республикасы-ның мүдделеріне сәйкес келеді және Ұжымдық күштерінің жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ жедел және уақтылы әрекет етуге мүмкіндік береді. Негізінен, Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық бітімгершілік үдерісіне белсенді түрде қатысып келеді және аталған хаттаманы ратификациялау біздің еліміз үшін маңызды құжат болып отыр. Сенаттың тұрақты комитеттерінен осы Заң бойынша ескертулер мен ұсыныстар түскен жоқ», деді Ғ.Сарыбаев.
Сонымен қатар жалпы отырыста «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің аумағында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдары құралымдарының уақытша болуына байланысты істер бойынша юрисдикция және құқықтық көмек көрсету мәселелері жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» және «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлерін (Ұжымдық күштерін) бірлескен материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары қаралды.
«Қаралған заңдар Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт Ұйымының қызметіне қатысты жекелеген мәселелерді реттеуге бағытталған. Атап айтқанда, Ұйымның бітімгершілік әлеуетін БҰҰ шеңберінде қолдану мүмкіндігі қарастырылды. Сонымен қатар заңдар аясында мүше-мемлекеттердің құқықтық көмек көрсету, материалдық-техникалық және медициналық қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылдың негіздері мен шарттары анықталады. Осы заңдар Ұйымның бейбiтшілік пен тұрақтылықты нығайту жолындағы іс-шараларының тиімділігін арттыруға оң үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата отырысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Ғауез Нұрмұхамбетов Қостанай облысында егін жинау науқанына байланысты проблема туындап отырғанын айтып, егінді сақтауға қатысты бірқатар шара ұсынды.
«Импорттық тұқымдарды сатып алу және әкелу кезінде, ылғалды астықты жедел әкету және кептіру үшін фермерлерге ҚҚС-ты алып тастауды, автокөлікке тиеу талаптарына мораторий белгілеуді, өнімді егістіктен қоймаларға және астық қабылдау кәсіпорындарына тасымалдау кезінде қазіргі уақыттағы 1 тоннаға 100 евро мөлшерінде баж салығын көздейтін күнбағыс экспортына шектеулерді алып тастауды ұсынамыз», деді сенатор.
Сұлтанбек Мәкежанов Үкіметті республикалық бюджеттен қосылған құн салығын қайтару мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Сенатордың айтуынша, бұл жергілікті бюджетке қосылған құн салығынан түсетін тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
«Ірі салықтардың бір бөлігін, жергілікті бюджетке беру мүмкіндігі мен орындылығын қарауды сұраймыз. Мәселен, белгілі бір жылдық жиынтық табысы бар, белгіленген ірі бизнес субъектілерінен, корпоративтік табыс салығын беруді; шағын және орта бизнестен өнген, қосылған құн салығын беруді; пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтарды және өзге де төлемдерді беру ұсынылады. Одан басқа жергілікті жерлерде қордаланып қалған өзекті мәселелерді шешуді жеделдету үшін, жергілікті атқарушы органдарға іс-шараларды қаржыландыруды, салықтық жеңілдіктерін ұсына отырып, мәслихаттардың келісімі арқылы шешу ұсынылады», деді С.Мәкежанов.
Бекбол Орынбасаров Маңғыстаудағы орналасқан Торыш алқабын ерекше қорғалатын аумақ деп тану және оны облыстың туристік маршрутына енгізу қажетін айтты. Сенатор мұндай бірегей табиғи «шарлар» әлемнің санаулы елдерінде ғана бар екенін, осы табиғи байлықтың туристік әлеуетін барынша пайдалану қажеттігін атап өтті.
Евгений Больгерт еліміздегі жеке медициналық мекемелерге қатысты қатаң шаралар қабылдауға әкеліп соғатын тәуекелдерді атап өтті. Осыған орай сенатор Денсаулық сақтау министрлігіне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметтерін сатып алу және орналастыру рәсіміне жіберу үшін кем дегенде 10 мың адамды белгілеу жөніндегі норманы алып тастауды ұсынса, Сұлтан Дүйсембинов ұлттық туризм саласындағы проблемаларға назар аударып, туристік әлеуетті дұрыс пайдалану үшін жаңа мемлекеттік бағдарлама қажет екенін атап өтті.