• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қыркүйек, 2023

Қоршаған ортаның қолайсыз ахуалы

212 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысының экологиялық ахуалы қалыпты жағдайда, дегенмен көптеген бұзушылыққа жол беріліп отыр. Экология департаментінің басшысы Азамат Бектасовтың айтуына қарағанда, қалдықтарды үюдің тәртібін бұзған 242 орын табылған. Соның 172-сі – рұқсат етілмеген жерге үйілген қоқыс пен қалдықтар. Қалған 70-інің де жағдайы мәз емес, ондағы қоқыстар белгіленген шекарадан асып кеткен. Қазір соның 186-сы жойылған. Рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері ғарыштық зондтау арқылы және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ геопарталы арқылы анықталған.

Департаменттің ұтқыр топта­рының жерден іздеу барысында Петропавл қаласының өзінде ғана рұқсат етілмеген 33 қоқыс үю орындары анықталған. Аудандар арасында қоқысты кез келген жерге үюдің басында Қызылжар ауданы тұр. Петропавл қаласына ең жақын орналасқан бұл ауданнан рұқсат етілмеген 13 үйінді табылған. Қа­зір ұтқыр топ анықтаған барлық 61 санк­цияланбаған үйіндінің 26-сы жойылды. Бүгінгі таңда облыс аума­ғында қалдықтар мен қоқыс­тар үюге рұқсат берілген 453 орын бар. Соның 350-інде ғана жер ак­тілері ресімделген. Ал 103-інде жер актісі жоқ.

Қоқыстар мен қалдықтардың рұқсат етілмеген жерлерге, адам­дардың демалатын аудандарына бейберекет үюі қоршаған ортаның бүлінуі мен адам ағзаларына теріс әсер ететіні белгілі. Сондық­тан қо­қыс орындарындағы эколо­гия­лық тәртіптің сақталуы аса ма­ңызды.

Облыс бойынша экологиялық проблемаларды кешенді шешудің 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленген. Оған барлығы 17 іс-шара енгізілген. Соның ішінде 4 тапсырманы орындау осы жылдың үлесінде. Бұл – «Севказэнерго» АҚ қазандық агрегаттарының қыздыру бет­терін қалпына келтіру, күл ұста­ғыш қон­дырғылардың, ауа өткізгіш­тердің, газ өткізгіштердің тозған элемент­терін жөндеу, облыстың ор­ман қорларының аумағын ке­зең-кезеңмен ұлғайту, 9 ауданда жаңа­дан қоқыс алаңдарын тұрғызу, Шал ақын ауданының орта­лығы Сергеевка қаласында кәріз желілері мен тазарту құры­лыстарын салу.

Биологиялық тазарту жүйе­сінің болмауына байланысты «Қы­зылжар су» ЖШС балансындағы «Био­пруд» сарқынды су жина­ғышы Петропавл қаласында кү­кіртт­і сутегі иісінің мөлшерден асып кетуінің негізгі көзі болып тұр. Оны толық тазалайтын жабдық орнатылғаннан кейін кү­кіртті сутегі иісінің қалаға тарауы азаяды. Алайда бұл жабдықтың құ­рылысын аяқтау тек 2027 жылға белгіленген. Әзірге атмосфералық ауаның күкіртті сутегімен ластануын азайту мақсатында Жол картасына қосымша іс-шаралар енгізілді. Бұл – 2024 жылға дейін судың ластануының табиғи сіңір­гіші жасыл микробалдыр – хлорелла көмегімен биологиялық оңалту. Осы жұмыс 2021 жылдың тамызынан «Су ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС көмегімен жүргізіле бастады. Жобаның жалпы сомасы – 124 606 720 теңге.

Іс-шара қазір оң нәтиже көр­сетіп жатыр. Егер 2021 жылы Пе­тропавл қаласы бойын­ша кү­кірт­ті сутек бойынша атмосфе­ра­лық ауа­ның жоғары ластануының 7 жағ­дайы тіркелсе, 2022 жылы бұл бір-ақ рет тіркелді, ал 2023 жылы он­­дай жағдай әзірге тіркелген емес.

Жол картасында белгіленген шаралар толық орындалған жоқ. Соның ішінде Айыртау ауданында қойылады деп жоспарланған қуаты 50 МВт жел электр стансасын орнату іске асырылмады. Сондай-ақ Пе­тропавл қаласындағы кәріз тазарту құрылысын жаңғыртудың 4-кезеңі орындалмады.

Экология департаменті осы жылдың 8 айында 9 тексеру жүр­г­ізген екен. Жүргізілген тексе­рулердің қорытындысы бойынша 12 бұзушылық анықталған, оның ішінде алтауы өрескел бұзылған. Осы бұзушылықтарға қарсы жалпы сомасы 4 млн 442 мың теңгенің 14 әкімшілік жазасы қолданылған. 12 бұзушылық бойынша берілген 12 ұйғарымның бүгінге дейін 8-і орындалған. 14 әкімшілік жаза бойынша салынған барлық айып­пұл толығымен өндірілген.

Департамент биыл су қойма­ларынан – 1 976, ауадан – 1 792, топырақтан – 7, радиация бо­йынша 21 рет сынама алып, лабо­раториялық зерттеуден өткізген. Облыстың экологиялық ахуалын оңалту мақсатымен барлығы 189,7 млн теңгенің шаралары іске асы­рылып жатыр. Соның ішінде 19,3 гектар жерге ағаш отырғызу қарас­тырылған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы