«Дін мәселелері бойынша білікті мамандар даярлау» жобасы аясында Түркістан облысында ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелеріне арналған оқыту семинарлары мен тренингтер өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
7-8 қыркүйекте Түркістан қаласындағы Түркістан қонақүйінің мәжіліс залында дін мәселері бойынша білікті мамандарды дайындауға бағытталған іс-шара өтті. Оған «Дін зерттеу орталығының», «Ақниет» ҚҚ, мешіттердің және т.б мамандары, имамдар, психологтар, теологтар қатысты. Жиында дін мәселелері бойынша түсіндіру тобының мүшелері – риторика маманы Аманбек Толқын, «Әлеуметтану» ғылымдарының кандидаты Жақиянов Талғат Жәрдемқұлұлы, дінтанушы, теолог Оспанов Дәлелхан, дінтанушы, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, дінтану кафедрасының доценті, PhD Абылов Тұңғыш Талғатұлы семинар оқыды.
Аманбек Толқын «Риторика. Көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын меңгеру» тақырыбымен қатысушыларға адам бойындағы жасқаншақтықты жою, дауыстың ырғағы, тембрі, интонацияны дұрыс қолдану, екпінді дұрыс қою, дұрыс тыныс алу маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар «Дикцияны жақсартуға арналған құралдар» тақырыбы аясында ораторлық шеберлікті дамытуға бағытталғын арнайы жаттығулар мен әдістерді көрсетіп, тренинг өткізді.
Жақиянов Талғат Жәрдемқұлұлы «Зайырлылық қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың негізі ретінде» тақырыбында дәріс оқып, жалпы теориялық ақпарат берді. Сондай-ақ «Қазақстандағы діни ахуал: негізгі мәселелер мен тендициялар» тақырыбымен Қазақстандағы діни жағдайларды түсіндіре отыра, оған қатысты күрделі сұрақтарға жауап беру әдістерін үйретті.
Оспанов Дәлелхан «Ислам әлеміндегі алауыздықтың себептері мен шешу жолдары» тақырыбы аясында қатысушыларға ислам дініндегі күрделі проблемалар мен асқынып тұрған мәселелерді түсіндірді. Сондай-ақ ислам әлемінің бірлігі жолында тұрған негізгі кедергілер және онымен күрес жолы жайында айта кетті. Бұдан соң «Оңалту жұмыстарын тиімді жүргізу жолдары» тақырыбымен мамандарға жұмыс барысында жағдайдың күрделенуіне жол бермеу тәсілдері мен оңалту қағидалары туралы сөз қозғады.
Абылов Тұңғыш Талғатұлы «Діндарлық әлеуметтік-психологиялық феномен ретінде» тақырыбында сөз қозғады. Ол діни сананың ерекшеліктерін, діндарлықтың құрылымын, жеке тұлғаның және қоғамның діни даму айырмашылықтарын түсіндірді. «Қазақстандағы тәңіршілдік: тарихы және қазіргі жағдайы» тақырыбында семинар оқып, жалпы түрік халқының діни-наным ұстанымы және оның тарихы, тәңіршілдік ілімінің жағдайы туралы айтты.
Сонымен қатар семинарлар мен тренингтер барысында қатысушылар тарапынан дәріскерлерге сұрақтар қойылып, жауаптар алынды.