• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 19 Қыркүйек, 2023

Сын түзелмей, мін түзелмес

218 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық штаб отырысында 8 ай ішінде негізгі капиталға инвестициялар тарту қарқыны және ірі инвестициялық жобаларды іске асыру барысы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвес­ти­циялардың жалпы көлемі 9,6 трлн теңгені құрағанын, бұл өт­кен жылдың қаңтар-тамыз айлары­на қарағанда 12,2%-ға артық еке­нін баян­дады. Оның айтуынша, қара­жат­тың көп бөлігі тау-кен өнер­кәсі­біне, жылжымайтын мүлік сек­­­т­орына, көлік және қоймалауға, өң­­­деу өнеркәсібіне тартылған. 20 өңір­­дің 13-і межелі міндетті асыра орын­­дады, оның ішінде Маң­­ғы­с­тау, Ақмола, Қызылорда, Түркі­­стан, Қарағанды облыстары, Шым­кент қаласы басқа да өңірлер бар.

Премьер-министр жыл соңына дейін негізгі капиталға ең кемі 18,5 трлн теңге инвестиция тарту қажеттігін атап өтті. Алайда, 8 айдың қорытындысына сәйкес жылдық жоспар небәрі 52%-ға орындалған. Осыған байланыс­ты, жоспарды орындау үшін кейбір өңірлер мен мемлекеттік ор­гандар өткен айларға қарағанда өте ауқымды көлемде инвести­ция тартуы қажет. Әлихан Смайылов негізгі капиталға салынған инвестициялар бойынша ең төмен көрсеткіш тіркелген, яғни есепті кезеңде белгіленген жоспардың небәрі 54%-ын орындаған Ұлытау облысын мысал ретінде келтірді.

«Бізге жоспардың келесі жылы емес, биыл орындалғаны қажет. Егер инвестициялар биыл тартылатын болса, онда біз нәтижесін келесі жылы көреміз. Ал, мәселе келер жылы шешілсе, жоба тек 2 жылдан кейін ғана нәтиже береді. Оны күтіп отыратын уақыт жоқ. Нәтижені халық қазір көруі тиіс. Жұмыс орындары қазір керек», деп сынға алды Үкімет басшысы.

Ол кейбір инфрақұрылымдық мәселенің шешілмеуіне байла­ныс­ты, жалпы құны 11 млрд теңге болатын қара мыс концентраттарын гидро­металлургиялық өңдеу зауытының іске қосылуы кешігіп жатқанын айтты. Бұл өз кезегінде аймақтың экономикалық дамуына кедергі келтіріп отыр.

«Бұл мәселе осыдан 2-3 жыл бұрын белгілі болды. Берік Әбді­ғали­­ұлы (Ұлытау облысының әкімі), бұл басқа мемлекеттік орган­дардың құзыретіне жатса да, сіздің тарапыңыздан тиісті үйлестіру жұмыстары жүргі­зілуі керек еді. Инвестициялық штабтың әрбір отырысында инвестициялар тарту жұмыстарын күшейту туралы ай­тып келеміз. Алайда, жұмыс қар­қыны өте баяу. Жоспарланған жоба­ларды іске асыру бойынша нақты нәтиже жоқ. Сіздің тарапы­ңыздан белсенді іс-қимыл көрін­бейді. Жұмысқа деген көзқара­сы­ңызды дұрыстаңыз, адамдарды нақты проблемаларды шешуге ұйымдастырыңыз», деді Премьер-министр.

Оның айтуынша, Алматы қала­сында да бірқатар инвести­ция­лық жобаларды жүзеге асыру тоқтап қалған. Жалпы, биыл жоспар орындалмай, қаланың нақты экономикасына 200 млрд теңгеден астам қаржы салынбаған.

Аталған мәселе бойынша қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров баяндама жасады, алайда ұсынылған ақпарат Үкімет басшысын қанағаттандырмады.

«Сіз мәселенің тігісін жатқы­зып, әдемі баяндайды екенсіз» бірақ фактілер мен сандар бас­қаша «сөйлеп» тұр. Сіздің мәлім­деуі­­ңізше инвестициялар бойынша нақ­ты көлем индексі 100,1%-ды құ­райды, ал, іс жүзінде өткен жылдың дең­гейінде тұр. Бұл әлі күнге алға жылжу жоқтығын білдіреді, яғни өткен жылмен са­лыс­тырғанда өсім жоқ. Жұмыс­ты күшейтіңіз. Сіздерде бірқа­тар инвестициялық жобалар тоқ­тап тұр. Оларды іске асыруды жеделдетіп, пайдалануға беріңіз­дер. Келесі жылды күтпей, биыл нәти­же көрсетуіміз керек»,   деді Әлихан Смайылов.

Бұдан әрі Инвестициялық штаб отырысында бірқатар ірі инвес­тициялық жобалардың іске асырылу барысы қаралды, олардың ішін­де Алматы облысындағы тамақ өнімдерін шығаратын зауыт, Астанадағы 4 мың орындық ха­лық­аралық мектеп және био­тех­­нологиялық препараттар шыға­ратын кәсіпорын бар.

Премьер-министр осы маңыз­ды жобалардың әрқайсысы бойын­ша келісу рәсімдері мен басқа да өзекті мәселелерді шешу ке­шік­т­іріліп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, министрліктер мен әкімдіктердің шетелдік инвес­торлардың мәселелерін шешуге жеткілікті көңіл бөлмей отыр.

«Жаңа жұмыс орындарын ашуға және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсартуға қатысты инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін ретке келтіру керек»,   деді ол.

Жиын соңында Үкімет басшысы СІМ-нің Қазақстанға ірі инвес­торларды тартудағы үйлес­тіруші рөлін күшейтуді, Kazakh Invest ұлттық компаниясы мен респуб­ликаның шетелдегі мекемелерінің жұмысын жандандыруды, сондай-ақ министрліктер мен әкімдіктер деңгейінде қажетті шешімдерді жедел қабылдауды талап етті.