• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 19 Қыркүйек, 2023

Шаруа дабылы ескерілуге тиіс

235 рет
көрсетілді

Қазір еліміздің барлық өңір­ле­рінде күзгі жиын-терім жұ­мыс­тары қызу жүріп жатыр. Дегенмен соңғы ке­зең­дегі толас­сыз жауған жа­уынның әсе­рінен бір­қа­тар облыстардың шар­уа­­шылықтарында, егістік ал­қап­­та­рында алаңдатарлық ахуал қа­лыптасып отыр.

Биылғы жаз маусымы ыстық, барынша құрғақ болды. Дәнді дақылдарын егіс танаптарына сіңірген соң жаз бойы көктен жа­уын тілейтін диқандар қауымы үшін бұл жайттың өзі санаға біраз салмақ түсіргендей еді. Дегенмен әредік болсын жауған жаңбырдың, басқа да қосымша шаралардың арқасында егін біршама жақсы шықты. Қашан да тас-түйін дайын отыратын шаруақор қауым орақ науқанына уақтылы кірісті. Алайда бірнеше күн бойы толастамай жауып тұрып алған ақ жауынның кесірінен олар орақты тоқтата тұруға мәжбүр болып отыр.

Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы диқандарының өті­ніші бойынша осынау дабыл қа­ғарлық жағдайға байланыс­­­­­­ты Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаған Пар­­ламент Мәжілісінің депутаты Асхат Рахымжановқа хабар­лас­қанымызда, халық қалаулысы мұндай ахуал бүгінде еліміздің кем дегенде төрт облысында – астықты аймақтар саналатын Ақмола, Сол­түстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында қалып­та­сып отырғанын мәлім етті.

Жаз бойы жарытпай келіп, күз басталғанда мейірін төккен жауын-шашынның салдарынан диқандар егінді дұрыс жинай алмай жатыр. Егіс алқаптарының езіліп, ми батпаққа айналып ке­туі­не байланысты комбайндар та­нап­қа еркін кіре алмайды. Егін жинауға техникалық мүмкіндік пайда болған күннің өзінде жоғары ылғалдылыққа байланысты фермерлер қазірдің өзінде алынатын өнімнің құнарын жоғалтқанын, соған сай құны түсетінін жақсы сезініп отыр. Сондықтан олар өзде­рінің егіске қатысты қаржылық мін­деттемелерін күні ертең қалай өтей­тініне алаңдаулы.

Кейбір диқандар егінін ептеп-септеп, жүріп-тұрып жинап та жатыр. Әдетте жаңбырдан соң тәртіп бойынша масаққа тимей, дәнді кептіру үшін 3-4 күн күту керек. Бұл оның сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бірақ арада жаңбырлы жарты айға жуық уақыт өтіп, бидай жерге қайта өсіп үлгерген. Егіннің бір бөлігін енді сақтап қалу, тіпті де мүмкін емес.

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы бір топ ди­қанның айтуынша, биыл гектарынан кемінде 20 центнерден өнім аламыз деп жоспарланған еді. Енді ауа райының қолайсыздығына байланысты гектарынан күтілгеннен ондаған есе аз, шамамен 2-3 цен­т­нерден ғана өнім аламыз деп болжап отыр.

Жақын күндері құрғақ ауа райы орнап, шыбынсыз жаз басталса да, фермерлер қазірдің өзінде би­дай­дың нарықтық құнының кем дегенде 50 пайызын жоғалтып алғанын айтады. Олар үшінші сортты астықтың нарықтағы 85 мың бағасы жағдайында, енді оны 40-45 мыңға да сата алмаймыз ба деп қорқады. Астықтың ылғалдылығы шамамен 30% құрайды, мұндай бидай тек мүйізді ірі қара малды бор­дақылауға жарамды. Элеватор­лар ылғалдылығы 18%-дан жоғары бидайды қабылдамайды.

Биыл шаруалар келесі жылға тұқым сақтай алмайтын да түрі бар. Сондықтан оны шетелден сатып алып, келер жылы екі есе шығынға ұшырайды. Қазір шаруалар қолда бар техниканы да, малды да сатуды ойластырып жатыр. Өйткені олардың жұмысшылар мен банктер алдында міндеттемелері шаш етектен: субсидия, лизингке техника, химикаттар, тұқымдар алған. Міне, осылардың барлығымен есеп айырысуы керек.

Қалыптасқан ауыр жағдайға қын­жылыс білдіре отырып, диқан­дар құзырлы органдарға өтініш­пен шығып отыр. Шаруалардың не­гізгі өтініштері мыналар: егіс нау­қанына байланысты Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында төтенше жағдай жарияланса, бір жыл мерзімге қабылданған мін­дет­темелер бойынша кредиттік демалыс енгізілсе, өткен жылғы Жамбыл облысындағыдай ауа ра­йының қолайсыздығы салдарынан өнімін жоғалтқан шаруаларға мемлекеттік қолдау шаралары қам­­­та­масыз етілсе, 2024 жылға ар­нал­­ған егіс науқанына шаруаларды тауарлық несие түріндегі тұ­қыммен қамтамасыз етсе. Сондай-ақ елімізге ресейлік ас­тық­тың кон­тра­бандалық жолмен әке­лінуіне тосқауыл қойыл­са дейді, соның салдарынан еліміз­дің диқандары бірнеше жылдан бері шығынға ұшырап келеді.

Осы арада Жамбыл облысын­дағы төтенше жағдай тәжірибесіне назар аударған жөн. Онда аймақ­тық ауқымдағы төтенше жағдай ен­гі­зіліп, су тапшылығынан егіннің жоғал­уына байланысты шаруалар­дың шығынын жабу туралы шешім қабылданған болатын. Қаражат Төтенше жағдайлар министрлігінің резервінен бөлінді.

Биыл Солтүстік Қазақстан об­лысы бойынша 4,5 млн гектар ал­­қапқа егін егілген. Оның 3,4 млн гектары­на астық жəне дəнді-бұршақты да­қылдар, 685,8 мың гектар жерге май­лы дақылдар, 28 мың гектар картоп жəне 5,5 мың гектар көкөніс отырғызылған. Жалпы, Солтүстік Қазақстан тəуекелді егіс аймағына жатады. Кейбір жылдары ала жаздай тамшы тамбайтын маусымдар да болады. Биыл да сондай жағдай көп кездесті, жауын-шашын аз болды. Тіпті, өңірдің кейбір аудандарында апталап, айлап тамшы тамбады. Соның салдарынан алқаптардың өнімділігі де ала-құла.

Соған қарамастан, барлық шаруа­­­­шы­лық біткен егінді ба­рын­ша шығынсыз жинап алуға жұ­мы­л­ған. Бұл күндері солтүстіктің егіс ал­қап­тары мен элеватор жолда­рын­­да 13,1 мың трактор, 7,5 мың əртүрлі астық жинайтын комбайн, 4,6 мың дестелегіш, 1 мыңдай шөп шабатын техника, 5,8 мың жүк машинасы тынымсыз жұмыс жүргізіп жатыр. Мемлекеттің көмегімен биыл­дың өзінде 2 мыңға жуық жаңа тех­ника сатып алыныпты. Биыл облыс шаруашылықтарын қолдауға мем­лекеттен 63,1 млрд теңге бөлін­ген, соның 19,6 млрд теңгесі егіс жұмыстарына бағытталған.

Жоғарыдағы диқандар дабылына қатысты облыстық ауыл шаруа­шы­лығы және жер қатынастары басқармасына хабарласқанымызда, басшының орынбасары Талғат Нау­рыз­баев жоғарыдағы мән-жай­­ларды алға тарта келіп, айдың басында сон­дай тығырыққа ті­ре­ген ахуалдың орын алғанын, қазір жағдайдың жақсарып келе жатқанын мәлім етті. Қалай дегенде де бейнеткеш ди­қандар қа­уымының талап-тілегі жерде қал­майтынына, барлық мәсе­лелер кеңесіп, келісіп отырып, оң шеші­мін табатынына сендірді.

Осы салаға жауапты басқа да мамандардың пікірлеріне сүйеніп түйген ойымыз, аталған ауданда жиын-терін жұмыстарына қатыс­ты алаңдатарлық ахуал бар болға­ны­мен, төтенше жағдай жария­лауға негіз жоқ сияқты. Ендігі жерде құ­был­малы ауа райының әрбір мүм­кіндігін тиімді пайдаланып, бар қажыр-қайратты орақ науқанын ой­да­ғыдай қорытындылауға жұм­сау­дан басқа жол жоқ.