• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 19 Қыркүйек, 2023

Дзюдошылар додаға дайын

203 рет
көрсетілді

Санаулы күндерден кейін Қытайдың Ханчжоу қала­сында алауы тұта­натын XIX жазғы Азия ойындарында Қазақстанның дзю­дошылары қандай құ­рамда өнер көрсететіні белгілі болды. Бұл жолы 14 жер­лесіміз жарыс көрігін қыздырады.

Еліміздің ерлер арасындағы басты жұлдызы Елдос Сметов жа­рақатына байланысты Азиа­даға қатыспайтын болды. Аса жеңіл салмақта даңқты дзю­до­шының орнын жастар ара­сындағы әлем чемпионы Мағ­жан Шамшадин басты. 66 кило салмақта Ғұсман Қырғызбаев та­­тамиге шығады. Ол – 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 73 кило салмақ дәрежесінде Данияр Шамшаевқа үміт артылып отыр. 22 жастағы қандасымыз былтыр Астанада өткен Азич чемпионатында бас жүлдені олжалады. Сол кез­де төрт қарсыласын жолынан ығыс­тырып, алтын тұғырға көтерілу үшін Даниярға небәрі 149 секунд жеткілікті болған еді. Бұл жайын­да тек біз ғана емес, көптеген шетелдік басы­лымдар жарыса жазды. 81 кило салмақта Абы­лайхан Жұбаназар сайысқа түседі. 90 кило салмақта Дидар Хамза белдеседі. 2018 жылы Джа­картада жалауы жел­біреген Азия ойын­дарында түркістандық ба­­луанның айды аспанға шы­ғарып, жеңімпаз атанғаны жанкүйерлердің жа­дында. 100 кило салмақта Нұр­лыхан Шархан және аса ауыр салмақта Ғалымжан Қырықбай ел намысын қорғайды.

Әйелдер арасындағы басты үмітіміз – 48 кило салмақта өнер көрсететін Әбиба Әбужақынова. Былтыр әлем чемпионатында қола медальді мойнына іліп, Азия біріншілігінде екі рет күміске қол созған бұрымдымыз Ханчжоуда да атой салады деп үміттенеміз. Өзге салмақ дәрежелерінде Ға­лия Тынбаева (52 кило), Се­вара Нышанбаева (57 кило), Есми­гүл Куюлова (63 кило), Анас­тасия Маякова (70 кило), Аруна Жан­гел­дина (78 кило), Кәмила Бер­ліқаш (+78 кило) күш сынасады.

Жазғы Азия ойындары та­­­рихында Қазақстанның дзю­до­шылары барлығы 36 жүлде же­ңіп алды. Оның 2-еуі алтын, 11-і күміс және 23-і қола. Нақтылап айт­сақ, 1994 жылы Хиросимада Иван Каразелиди (66 кило) мен Сергей Әлімжанов (86 кило) күміс алса, Серік Әдіғанов (60 кило), Исмаил Вещагуров (71 кило) және Сергей Шәкімов (95 кило) қолаға қол жеткізді. 1998 жылы Бангкокте Иван Бағлаев (66 кило) пен Вавара Масягина (78 кило) екінші орынды иеленсе, Нұрбол Сүлейменов (60 кило) пен Руслан Сейілханов (81 кило) үшінші сатыға тұрақтады. 2002 жылы Пусанда Базарбек Доңбай (60 кило) финалда ұтылса, Шолпан Қалиева (52 кило), Асхат Житкеев (100 кило) және Вячеслав Бердута (+100 кило) үздік үштікті түйіндеді.

2006 жылы Дохада Қазақстан құ­рамасының мүшелері сегіз жүл­де алып, жанкүйерлердің қо­ше­метіне бөленді. Алмас Атаев (81 кило) пен Максим Раков (90 кило) күміспен күптелсе, Сала­мат Отарбаев (60 кило), Асхат Жит­кеев (100 кило мен абсолютті сал­мақ), Елдос Ықсанғалиев (+100 кило), Келбет Нұрғазина (48 кило) және Гүлжан Иссанова (абсолютті салмақ) қола медальді еншіледі. 2010 жылы Гуанчжоуда Ислам Бозбаев – екінші, Максим Раков (100 кило), Ғалия Ұлментаева (78 кило) және Гүлжан Иссанова (+78 кило) үшінші орынды иеленді.

2014 жылы Инчхонда дзюдодан Қазақстан құрамасының қор­жынына алғашқы алтын медаль түсті. Оның иегері – 60 кило салмақта күрескен Елдос Сметов. Максим Раковтың да (100 кило) бас жүлдені олжалауға тамаша мүм­кіндігі болды. Алайда ол ше­шуші тұста жеңіліп, күміс ме­дальді қанағат тұтты. Елі­міздің ерлер құрамасы да командалық жарыстың финалында ұтылып, дәл сол межеден көрінді. Аза­мат Мұқанов (66 кило), Ленария Меңғазова (52 кило) және Ма­риям Ордабаева (63 кило) қолаға қол созды. 2018 жылы Джакартада 81 кило салмақта күш сынасқан 21 жас­тағы Дидар Хамза Елдос Сме­товтің ерлігін қайталап, Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Аралас командалық жарыста жерлестеріміз күміс алса, Елдос Жұмаханов (66 кило), От­гонцэцег Галбадрах (48 кило) және Гүлжан Иссанова (+78 кило) қола медальді мойындарында жарқыратты.