• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 19 Қыркүйек, 2023

Бейбітшілік аясындағы жаһандық қозғалыс

255 рет
көрсетілді

Өткен аптада Израильдің беделді басылымы – «The Jerusalem Post»-қа Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Religious leaders can help bring about world peace – opinion» атты мақа­ласы жа­рияланды. Мақалада ха­лық­­ара­лық қауіпсіздік жүйесі дағда­рыс пен бел­гісіздік кезеңін бастан өтке­ріп жа­т­қан бүгінгідей геосаяси жағдай­да бей­біт­ші­лік пен тұрақтылықты қамта­масыз етуге қатысты іргелі мәселелер көтерілген.

 

Мемлекет басшысы атап өткендей, ха­лық­­аралық қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалып­тастыру үшін бейбітшілікке шақыратын жаңа жаһандық қозғалыс қажет. Бұл ретте рухани және діни көшбасшылардың рөлі зор.

Қазіргі таңда әлем халқының шамамен 85 пайызы өзін белгілі бір дінмен байланыстырады. Сондықтан дін көшбасшылары халық­ара­лық үдерістерге айтарлықтай ықпалын ес­кере отырып, жаһан жұртын алаңдатқан өзекті проблемаларды шешуде маңызды рөл атқаруы керек.

Жалпы, әлемдік діндер адам өмірінің құндылығы, мейірімділік, өзара жауапкершілік пен қолдау, зорлық-зомбылық пен араздыққа қарсы тұру сияқты негізгі қағидаларды дәріп­тейді. Президентіміздің мақаласында айтыл­ғандай, дәл осы қағидалар жаңа әлемдік жүйеге негіз бола алады.

Дін қайраткерлері қақтығыстарды азайтуға, қазір әлемде кең таралған жек көру мен дұшпандық идеологиясының алдын алуға да ықпал ете алатыны анық. Соны­мен қатар мақалада технологиялық даму­дың моральдық және адамгершілік жағы туралы маңызды ойлар айтылады. Шын мәнінде, цифрлық және технологиялық даму гуманизм мен этикаға табан тіремесе, оның қарама-қайшы салдары болуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл ретте де рухани көш­бас­шы­лар­дың бағыт-бағдары қажет.

Елімізде Әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дер­­­лерінің съезі 20 жыл бойы тұрақты түрде өт­кі­­зі­­ліп келе жатқаны белгілі. Қазіргі таңда дү­ниежүзінде дінаралық және өркениетаралық диа­лог­ті нығайтуда бұл бастама маңызды рөл атқарады.

Сол себепті, былтыр қыркүйек айында Астанада Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен VII съезд маңыз­­ды халықаралық оқиға ретінде қабыл­дан­ды. Съезге Рим Папасы Франциск, Әл-Азһар­дың Жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайеб, Израильдің Жоғарғы раввиндері және әлем­нің басқа да көптеген рухани жетекшілері қатысты.

Форумға қатысушылар екі күн бойы адам­­заттың жаһандық проблемаларын шешу жолында діндердің жасампаз әлеуетін пайдалану мәселесін талқылады. Сондай-ақ жалпыадамзаттық және рухани құндылықтарға негізделген жаңа әлемдік жүйенің бедері белгіленді. Съезд барысында айтылған барлық негізгі идеялар мен ұсыныстар форумның қоры­тынды Декларациясына енгізілді.

Келесі айда Астанада Съезд Хатшылығының отырысы өтеді. Онда VII съездің идеялары мен қорытынды құжатын дәріптеу мәселелері және алдағы он жылға арналған Дінаралық форумды дамыту тұжырымдамасы қаралады.

Отырыс кезінде әлемдік діндердің өкілдері ел Президентінің мақаласында көтерілген маңызды мәселелерді де талқылайтыны сөзсіз.

Жалпы, уақыт өткен сайын дінаралық диалог пен жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріп­теуде еліміздің бірегей рөлінің маңы­зы артып келеді. Осылайша, Қазақстан халық­ара­лық қоғамдастықтың алдында тұрған қазір­гі күрделі проблемалар мен сын-қатер­лер­ді еңсеруге өзінің елеулі үлесін қосып отыр.

 

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Парламент Сенатының төрағасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының басшысы