Таяуда көрікті Көкшетау баурайын жайлаған, осы жерде түтін түтетіп, қонақжай қазақ даласын өз Отаны санаған шешен-ингуштар «Ел бірлігі» фестивалі аясында мәдениет күндерін атап өтті.
Қазақ даласына шешен-ингуштердің дүмеп келу тарихы 1944 жылдан басталатыны белгілі. Жүдеп-жадап, арып-ашып келген, тілі басқа, түсі бөтен халықты ежелден бауырмал қазақ ұлты құшақ жая қарсы алып, бүтін бидайды бөліп жеп, жарты бидайды жарып жеп, бейне бір өзінің ет жақын туысындай қамқорлық көрсеткені белгілі. Бүгінде шешен-ингуш халқы осы бір өзегін жалғаған өнегелі істі еш ұмытпайды. Өздері де қиын күн кешіп отырған бауырмал халықтың аздаған несібесін ауыздарынан жырып беріп, анық ажалдың аузынан алып қалғандарын сертке берік жұрт ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. Бірлігі мықты шешен-ингуш ақсақалдары осы бір естен кетпес жақсылықты айта отырып, ел бірлігін, тұтастығын насихаттаудан жалыққан емес. «Вайнах» қоғамы өздерінің ұлттық мәдениеті мен сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарын уақыт тозаңынан аршып алып, жақұттай жарқыратып, көрсетіп отыр. Көрсетіп қана қоймай, кейінгі ұрпағының бойына жаратқысы келеді. Несі бар, адамгершілікпен әдіптелген арыдағы тамырдың үзілмегені дұрыс қой.
– Қасиетті Көкше топырағында шешен-ингуштар жергілікті жұртпен тонның ішкі бауындай етене араласып, жарасты күн кешіп отыр, – дейді Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени қоғамының төрағасы Герихан Яндиев, – біздің жұрт қазір жергілікті ұлт тілін тереңірек білуді мақсат тұтып отыр. Өйткені осы жердің суын ішіп, дәмін татқаннан кейін тілін, салт-дәстүрін, ұлттық мәдениетін білуге міндеттіміз.
Шара барысында шешен-ингуштардың ұлттық мәдениетін толайым қамтитын мазмұнды көрме ұйымдастырылды. Олардың күнделікті тұрмыста қолданатын байырғы заттары, көз жауын алатын әшекей бұйымдар, әртүрлі әдебиеттер қойылған. Әр тілде ән шырқалып, тұтаса келгенде, ұлы достықты ұлықтайтын мазмұндағы қызғылықты концерт көрермен назарына ұсынылды. Жалғыз шешен-ингуш жұрты ғана емес, осы өңірде тұратын барша этнос өз мәдениетін көрсетуге тырысты. Бұл бізге рухани дүние арқылы достық атты алып бәйтеректің тамырына нәр беріп жатқандай көрінді.
КӨКШЕТАУ