Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының жыл сайынғы дәстүрлі саммитіне қатысу үшін АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды. Жиында орнықты даму мақсаттарын ілгерілету мәселесі талқыланып жатыр. Бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені құжат қабылданғалы межеленген 15 жылдың жартысы өтті. Қазіргі өзгерістердің, халықаралық қатынастар жүйесіндегі дағдарыстың салдарынан орнықты даму мақсатына қол жеткізу күрделі мәселеге айналды.
Аталған міндетке қол жеткізудің кей бағыттары сын көтермейді. Сол себепті биылғы жиынның өзектілігі әлем үшін де, еліміз үшін де өте жоғары. Біріншіден, климат өзгерістерінің Қазақстанға, Орталық Азияға және әлемге тигізген салдары мен теріс әсерін көріп отырмыз. Сол секілді коронавирус пандемиясынан екі жыл өтсе де, індеттің зияны әлі де сезіледі. Сол себепті пандемияның салдарын жоюдың нақты жоспары жоқ.
Президентіміз орнықты дамуға қатысты жиынның бір диалог алаңына төрағалық етті. Бұл Мемлекет басшысына да, Қазақстанға да сенімнің өте жоғары екенін аңғартады. Еліміз орнықты даму мақсаттарына сөзбен ғана емес, іспен де адал әрекет ететінін айқын көрсетеді. Сондай-ақ еліміз Ауғанстан бойынша өңірлік хаб құруға мұрындық болды. Бұдан бөлек 2030 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша стратегиялық даму құжаты қабылданды. Мұның бәрі Қазақстанның орнықты даму мақсатына беріктігінің айқын дәлелі.
Саммит аясында, сондай-ақ өзара әңгіме кезінде БҰҰ-ны реформалау мәселесі талқыланады деп есептеймін. Осылайша, іргелі ұйымда құрылымдық өзгерістерді бастаудың іргетасы қаланады. Оның үстіне таяу күндері өзгеріске жол ашатын құжаттар қабылданатын шығар деп есептеймін.
Сонымен қатар Президент Қ.Тоқаев сапар аясында бірқатар мемлекеттің басшыларымен кездесті. Атап айтқанда Мажарстан және Словения секілді елдермен келіссөз жүргізді. Мәселен, Мажарстан түркітілдес мемлекеттер ұйымындағы стратегиялық серіктестеріміз саналады. Словения – сауда әріптесіміз.
Бекжан САДЫҚОВ,
Стратегиялық зерттеулер институты
Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің басшысы