• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Қыркүйек, 2023

Тағы да латифундистің аты озды...

194 рет
көрсетілді

Есіл ауданының жайылым және шабындық жеріне байланысты шағым айтқан 11 кәсіпкердің күнкөрісі қиынға айналған.

Ауданда 711 мың гектар жер бар. Оның 25 мың гектары жа­йылым. Әйтсе де, төрт тү­ліктің сүмесімен күн көріп отырған мал­сақ қауымға ұлт­арақ­тай жер бұ­йырмай отыр. Таяуда ғана аудан әкім­­ді­гін­дегі жер комис­сия­сы аза­мат­тар­дың өті­ніш­те­­рін қарап, же­ңімпаздарды анық­­­таған. Ұзақ жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан жергілікті кәсіпкер Ербол Хамзин биыл үшінші рет өткі­зіліп отырған отырыста оң шешім қабылдана ма деп үміттенген болатын. Әйтсе де, өкінішке қарай, бұ­рын да мыңдаған гектар жерді бауырына басқандардың аты озыпты. Ерболдың айтуына қарағанда, жер телімін бөле­тін конкурстарға қатысып жүр­геніне аттай жеті жыл. Құ­жат­та­ры түгел, бизнес жос­пары бар. Бағып отырған ма­лы да аз емес.

– Төрт түлік малын жаятын, мал азығын дайындайтын жайылым мен шабындыққа жарымай жүрген жалғыз мен ғана емеспін. Міне, құзырлы орган­­дарға қалыптасып отыр­ған бар жағдайды жазып, арыз жолдадық. Өз басым 2016 жылы кооператив құрған бола­тынмын. Мемлекеттің қам­қор­лығына рахмет, 16 пайызбен сегіз жылға несие алдым. Мақсат, төрт түліктің басын көбейтіп, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға үлесімді қосу еді. Әрине, отба­сымды да асы­рауым керек, – дейді Ербол Хамзин. – Шамам келгенше мал басын өз төлі есебінен кө­бейттім. Қиын болса да, ал­ған несиемді уақтылы тө­леп тұрдым. Енді, міне, соңғы екі жылда қарызымды өтей алмай жүрмін. Себебі біреу-ақ, қанша ұмтылып, әрекет етсем де, жазда малды жайы­лым­ға шығаратын жер жоқ. Мал азығын дайындайтын ша­бын­дық та жоқ.

131 жылқы, 135 қой, 21 қара мал бағып отырған кейіпкеріміз биыл шөпті Есілден 150 шақы­рым жердегі Терісаққан өзе­нінің аңғарынан, жалға алған жерінен дайындаған. Бір тір­кеме шөпті жеткізу үшін әрі-бері 300 шақырым жол жүру керек. Жанармайдың қымбат­ты­ғынан шығын шөптің өзіндік құнынан асып жығылады. Бір бас қара малды қыстатып шы­ғару үшін кемінде үш тонна шөп қажет. Оған қасқалдақтың қанындай таптырмай тұрған жемді қосыңыз. Өз еңбегі ше? Қазір Есілде салмағы 300 килолық бір бума шөптің құны 15 мың теңге. Әлгі есеп бойынша бір малды қыстан шығару үшін шамамен 150-200 мың теңге қаржы қажет екен.

– Төрт түлікті өсіру үшін ал­ды­­мен мал азығын дайындайтын жерің болуы қажет, – дейді Ербол Хамзин. – Біздің өңірдегі ауыл шаруашылығы құры­­лым­да­ры қазір та­бал­ды­рыққа дейін жыртып егін егуде. Әрине, ас­тық­тың керек екендігін түсі­не­міз, бірақ, мал бағып күн кө­ріп отырған халық не істеуі керек. Әділдік іздеп Астанаға дейін бардық. Бірақ біздің жан­­ай­қайымызға құлақ асатын жа­н­а­­шыр таба алмай отырмыз. Ең­бек етіп тырбанып, елге пайда­мыз­ды тигізсек деген ниет. Өзім бес баланың әкесімін. Пер­зенттерімді де еңбекке бау­­лып, адал еңбектің дәмін та­ту­­ға үйретіп келе жатырмын. Бірақ өкініштісі өз елімізде, өз жерімізде тұрып еңбек етіп тал­пынайын десең, осындай ке­дер­­гінің алынбас қамалға айналатыны несі екен.

Бағымдағы малы егістікке түсіп кетіп, сан мәрте айып­пұл төлеген. Қарсылық жоқ, тү­сінеді. Ол да біреудің ырыз­ды­ғы. Бұрын кәдеге аспай, туы­ры­лып бос жатқан жер осындай алға ұмтылған азаматтарға әділдікпен бөлініп берілсе, ел ішін­де наразылық та орын алмас еді.

 

Ақмола облысы,

Есіл ауданы