Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын заңды әзірлеу мен қабылдауды тапсырғаны белгілі.
Осы тапсырма аясында еліміздегі азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдар бірлесе отырып, «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы және оған қоса «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бақылау, әкімшілік рәсімдерді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасын әзірледі. Ата Заңның 33-бабында азаматтардың мемлекет ісін басқаруға қатысуына мүмкіндік берілген. Әзірленіп жатқан құжаттың да мақсаты – азаматтардың мемлекет істерін басқаруға қатысуын қамтамасыз ету. «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы – еліміздегі іргелі реформаларды іс жүзінде жүзеге асырудағы тағы бір маңызды қадам.
Президент Жолдауда: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпымемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», деді. Бұл сөзден халық пен атқарушы биліктің ортақ мүддеге жұмылып, қоғамдағы белсенді, сөзі өтімді адамдардың заң шеңберінде бірлесе қимылдауының маңыздылығын ұғамыз. Себебі азаматтық қоғамның белсенді болуы – адам капиталын, әлеуметтік-экономикалық жетістіктерді, демократиялық құндылықтарды ел игілігіне айналдырудың алғышарты. Мұндағы басты ұстаным – азаматтардың ел дамуының үдерісіне еркін араласуына тең мүмкіндік беру. Қоғамдық бақылау қоғамның нақты қажеттіліктеріне негізделген барлық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдар жұмысының ашықтығын арттыра түседі.
Қабылданғалы отырған заң жобасының негізгі діттегені – елімізде құқықтық сана мен құқықтық тәрбие негіздерін қалыптастыру. Ол әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу мәселесіне азаматтардың белсене атсалысуына ықпал етеді. Заң жобаларын әзірлеу барысында еліміздің және шет мемлекеттер тәжірибесіндегі қоғамдық бақылау практикасы зерделенді. Құжат жобасын әзірлеуге білікті сарапшылар және азаматтық қоғам өкілдері кеңінен тартылды. Қызу пікірталастар өтті.
Сонымен заң жобасында қоғамдық бақылауды күшейту саласындағы міндеттерді орындауға құқықтық жағдай жасау қарастырылып отыр. Құжат қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың базалық қағидалары мен қағидаттарын белгілейді, сондай-ақ, қоғамдық бақылау саласындағы ұғымдарды, субъектілер мен объектілерді, қоғамдық бақылауды жүзеге асыру кезіндегі мүдделер қақтығысын айқындайды. Сонымен қатар қоғамдық бақылау субъектілері мен объектілерінің құқықтары мен міндеттерін, қоғамдық бақылау нысандарын нақтылайды, қоғамдық бақылауды жүзеге асыруға қатысу шарттарын регламенттейді. Осының негізінде жұртшылық маңызды шешімдер қабылдауға бастамашы бола отырып, оны іске асыруға қатыса алады.
Жалпы, заң жобаларын Парламентте қарау барысында қоғамдық бақылау объектілерінің тізбесін кеңейту бөлігінде тұжырымдамалық түзетулер енгізілді. Атап айтқанда, жобада Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университетінің, «Самрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жұмысына қоғамдық бақылау орнату туралы нормалар енгізілді. Мысалы, бізде автономдық білім беру ұйымдары бар. Соның ішінде Назарбаев зияткерлік мектептері мен Назарбаев университетінің қызметі заңмен қамтылуы керек деген түзету енгізіліп отыр. Бұдан бұрын аталған ұйымдарға қоғамдық бақылау жасау ешқандай заңнамада қаралмаған. Бұл норма қоғамның сұранысы бойынша енгізілді. Автономды білім беру ұйымдарының ашықтығы бойынша, жалпы қоғамдық бақылау мәселесі маңызды болғанын білеміз. Осыған қатысты қоғамда көптеген сұрақ туындады. Өйткені автономды білім орындары дегенімізбен, олар да бюджеттен қаржыландырылады. Осы орайда, мемлекеттік білім беру ұйымдарымен қатар дербес білім беру ұйымдары да қоғамдық бақылауға алынатын болады.
Бұдан бөлек, бұл құжат мерзімді әскери қызметшілердің, құқық қорғау органдары білім ұйымдары курсанттарының қызмет ету, оқу және тұрмыстық жағдайларымен олардың отбасы мүшелерінің қоғамдық бақылау жасауына мүмкіндік бермек. Ата-ананың әскери бөлімдер мен оқу орындарына барып, баласының жағдайымен, әскерилер қызметімен, жалпы жағдайымен танысуына жол ашылады.
Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында қоғамдық бақылауды қолдану мәселесі де нақтыланды. Мұндай бақылау ұлттық әл-ауқат қоры мен ұлттық компаниялар жүзеге асырып жатқан мемлекеттік әлеуметтік және ғылыми-инновациялық жобаларға, бюджет қаражаты есебінен орындалатын ұлттық жобаларға, сондай-ақ қор көрсеткен қайырымдылық көмекке қатысты жүргізіледі.
Мемлекет басшысы жоғарыда аталған Жолдауда: «Азаматтарымыз реформаларға бастамашы болып, ұсыныстар беру үшін онлайн-петициялардың бірыңғай заңды институтын құру қажет. Мұндай құрылым қандай да бір бұрмалау әрекеттерінен толық қорғалуға тиіс. Үкімет азаматтық қоғаммен бірлесіп, осы маңызды жобаның нормативтік-құқықтық базасын әзірлеуге және оның барлық техникалық мәселелерін шешуге тиіс», деді. Осы құжат арқылы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске петициялар туралы толықтыру енгізілгелі отыр. Аталған заң жобасында петиция мемлекеттік органға, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органға электрондық нысанда жіберілген ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс деген ұғымды білдіретіні көрсетілген. Ол уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын интернет-ресурс арқылы жолданады. Үкіметтің, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша петициялар жолдау үшін олардың әрқайсысына әртүрлі мөлшерде қол жинау көзделген.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексте петицияларды беру және қарау тәртібі бекітіледі, ол әдеттегі өтініштер бойынша белгіленген рәсімдерден айтарлықтай ерекшеленетін болады. Мысалы, 50 мың адам қол қойған мәселені мемлекеттік органы қарауға міндетті. Петицияны қарау барысында мемлекеттік орган бірқатар іс-шараны іске асыруға міндетті болады. Атап айтқанда, орталық мемлекеттік органдар петицияда жазылған фактілерді тексеруді, шешім жобасын жария талқылауды бастауға үш жұмыс күні қалғанда арыз иесін не оның өкілін және мүдделі тұлғаларды шақырып және өткізілетін күні мен орны туралы интернет-ресурстар арқылы, сондай-ақ электрондық немесе қағаз нысанда міндетті түрде хабардар етуге тиіс. Сонымен қатар талқылауды өткізуге құрамына мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерін, Парламент және мәслихат депутаттарын, арыз иесін немесе оның өкілін, сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктерді қоса отырып, жеке комиссияны немесе жұмыс тобын құру, петицияға келіп түскен түсініктемелерді талдау, халықаралық тәжірибені зерделеу және салыстырмалы-құқықтық талдау жүргізу қажет.
Жергілікті өкілді және атқарушы органдар петицияда жазылған фактілерді тексеруді талап етпейтін жағдайларды қоспағанда, сол жерге баруға, шешімнің жобасын жария талқылауды бастауға үш жұмыс күні қалғанда арыз иесін не оның өкілін, мүдделі тұлғаларды шақырып, өткізілетін күні мен орны туралы интернет-ресурс арқылы, сондай-ақ, электрондық немесе қағаз нысанда міндетті түрде хабардар ете отырып, оны өткізуге, құрамына мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерін, Парламент және мәслихат депутаттарын, арыз иесін немесе оның өкілін, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктерді қоса отырып, уақытша комиссияны немесе жұмыс тобын құруға міндетті.
Қоғамдық бақылау қоғамның нақты сұраныстарын негізге ала отырып, барлық деңгейдегі мемлекеттік құрылымдар жұмысының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан заң жобасы қабылданғаннан кейін мен барлық белсенді азаматтарды осы мүмкіндікті қалт жібермей жаңа заңды мұқият зерделеуге және өздерінің заңды құқықтарын ел мен халықтың игілігі үшін пайдалануға шақырамын.
Мықты мемлекет мықты азаматтық қоғамнан басталады.
Руслан РҮСТЕМОВ,
Сенат депутаты