• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 26 Қыркүйек, 2023

Сарғайған газет шежіресі: «Егемендік алдымен тілге берілсін»

358 рет
көрсетілді

Осыдан 33 жыл бұрын еліміздің азаттығы туралы әңгіме айтылып жатқанда «Социалистік Қазақстан» газеті тәуелсіздік декларациясына қатысты көптеген мақала жариялады. Сондай үнқосудың бірі «Социалистік Қазақстанның» 1990 жылғы 3 қазандағы нөмірінде жарық көрді.

«Егемендік алдымен тілге берілсін» деп аталатын мақалада авторлар Декла­рацияның жобасы Тіл туралы заңға қай­шы келетінін алға тартады. Құжатта орыс тілі Қазақстандағы ұлтаралық қарым-қатынас тілі деп көрсетілген. Ал Дек­ларациясының жобасын жасаушылар оны ресми тіл деп өзгерткен.

«Тіл туралы заңымыздың сиясы әлі кеуіп үлгермей жатып, оған осыншалық ірі өзгеріс енгізуге ұмтылғаны қалай? Ол кімге кедергі келтірді екен? Біздіңше, орыс тілін Қазақ ССР-інің ресми тілі деп жариялау – қазақ тілінің мемлекеттік статусын жоққа шығарумен пара-пар. Бұл тұста дәл осылай деп қорытынды шығаруға негіз жеткілікті. Себебі дейсіз ғой? Біз білетін ресми тіл – ең алдымен өкімет заңдарының, қаулы-қарарлардың, баспасөз, радио-теледидар арқылы таратылатын ресми хабар-ошарлардың, кеңсе іс-қағаздарының, мекеме, кәсіпорындарда халықпен тіл қатысып сөйлесетін әр түрлі лауазым иелерінің, қатардағы неқилы шенеуніктердің тілі», деп жазады мақала авторлары Бабаш Әбілқасымов пен Сапарғали Омарбеков.

Осы орайда авторлар Мемлекеттік тіл мен ресми тілдің айырмашылығы қайсы деген сауал тастайды. Яғни, екеуінің бір-бірі­нен ажырамас ұғым екенін ымдап жет­кізіп, кез келген энциклопедияда да, сөз­дікте де бірдей мағына беретінін алға тартады.

«Рас, әдебі тілдің стильдері жөніндегі зерттеулерде ресми стильге қатысты тиіп-қашып айтылған бірдемелердің ұшы­расатын кездері бар. Бірақ стиль деген тү­сінік пен тіл деген түсініктің арасы ке­рағар. Тіл атаулының ішінде стиль атаулы да сан сала. Ресми стиль солардың тек біреуі ғана.

Қоғамдық қызметі тұрғысынан алған­да мемлекеттік тіл мен ресми тіл деген­дердің арасында жатқан қытай қор­ғаны жоқ. Республикадағы ресми тіліміз орыс тілі болғанда, қазақтың мемлекеттік тілінің қызметі не болмақ? Өз ұлттық республикамыздың әлеуметтік тіршілігінде қызмет атқарудан онсыз да ығысып, шетке шығып бара жатқан қазақ тіліне деген ендігі жердегі қам­қор­лық­тың сиқы осы болмақ па? Мемле­кет еге­мендігінің негізгі бір кілті тіл еге­мен­дігін сақтауда жатыр ғо», делінген мақалада.

Бұдан әрі авторлар қазақ елінің ресми тілі атауын орыс тіліне беру қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі қағаз жүзінде қалатынына назар аударады. Сондай-ақ орыс тілінің онсыз да КСРО-ның ресми тілі екенін, оны қайталап Қазақстанға әкелудің қажеті жоқ екенін атап өтеді.

«Декларацияда ресми тілді әдейілеп, арнайы көрсетуге ұмтылудың астары – қазақ тілін қанша әулие етіп төбемізге көтерсек те, оның пешенесіне ресми тіл болу әуелден жазылмаған дегенге сая­ды. Өз пайымдауымызша, орыс тілін Қазақ Республикасында ресми тіл деп ұсынған тезис – қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне зор нұқсан келтіріп тұрған тезис. Сондықтан оны жобадан алып тас­тап, жобаға осы заңда көрсетілген үлгіде ғана енгізу керек.

Заң бір рет қабылданған екен, оны әркімнің қас-қабағына қарап жалтақтап, екі күннің бірінде өзгертіп отырсақ, оның несі заң? Мұндай заңның халық алдында сенімі, қадірі бола ма? Мемлекеттік тіл деп танылып отырған қазақ тілінің өзі көктеп, өзі өркен жайған туған топырағында ресми тіл болуға да әбден құқығы бар.

Мұның бәрін былай қойғанда, өзге ұлт республикаларының мемлекеттік егемендігі туралы декларацияларының бірде-біреуінен орыс тілін ресми тіл деп жариялағанды кездестіре алмадық. Өзгеден оза шауып, елдің алдына түскіміз келіп тұратын көңілшек, жасқаншақ психологиядан қашан айрылар екенбіз? Әбден заңдастырып қолымызға ұстатқан тізгіннен айрылып қалмақшымыз ба?» деп түйіндейді авторлар.

Міне, «Егемен Қазақстан»-ның бірін­ші бетінде жарияланған мақала­ның ұзын-ырғасы осындай. Тәуел­сіздік Дек­­ларациясында, кейіннен Консти­туция­­мызда қазақ тілінің мемлекеттік мәрте­бесін сақтап қалуына осындай үнқосу­лар­дың қосқан үлесін ешкім жоққа шығара алмайды. Алайда азаттық алғалы 30 жылдан астам уақыт өткенін, тіл мәселесінің түбегейлі шешілмей келе жатқанын ескерсек, Ата Заңымызда қазақ тілін мемлекеттік деп қана шектемей, ресми деп атап көрсететін уақыт жеткен секілді.