«Alem saz» II Халықаралық музыка фестивалі алдағы күз мезгілінің ең маңызды мәдени шараларының біріне айналғалы отыр.
Мәдениет және ақпарат министрлігі және Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен, сондай-ақ Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымынының қолға алуымен өтетін фестиваль елордада 27 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өтеді.
Оған Қазақстан, Түркия, Жапония, Мажарстан, Германия, Пәкістан, Испания және Ресейдің ең үздік өнерпаздары қатысады.
Айта кетейік, «Alem saz» – әлем елдері мәдениетін шығармашылық ынтымақтастық арқылы бір платформада біріктіруге арналған халықаралық фестиваль. Жоба ұлттар мәдениетін тоғыстыру, сақтау және дамыту, әлем елдерінің тарихи мұралары мен мәдени құндылықтарына құрметпен қарауға негізделген. Халықаралық музыка фестивалі еларалық достық байланыстарды кеңейту мен нығайтуға және өнер саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған. Фестиваль бағдарламасында шетелдік әртістердің концерттері, кинокөрсетілімдер, сәндік-қолданбалы өнер көрмесі және шеберлік сабақтарын өткізу жоспарланған.