Екі нәрсе барлық тілде жатталар:
Бірі – жақсы, бірі – жаман ат болар.
Жақсы болсаң, мақтаулы атың сақталар,
Жаман болсаң, жаман атың датталар.
Жүсіп Баласағұн
Тұғырлы тұлғалар туралы жазу, шыны керек, өте құрметті, жауапты әрі күрделі міндет екені белгілі. Біз осы ниетпен өз дәуірінің ғана емес, бүгінгі ұрпаққа үлгі болатын тұлғаның бірі атанған Әліхан төре Шәкірқожаұлы туралы, ол кісінің өмірі, күрескерлік жолы мен ғұмырының соңғы жылдары атқарған шығармашылық қызметтері жөнінде қазақ оқырмандарына баяндап беруді мақсат еттік.
Әліхан төре Соғуний Шәкірқожаұлы 1885 жылы 21 наурызда Түркістан өлкесінің Тоқмақ шаһарында өзбек отбасында дүниеге келеді. Үздіксіз оқу мен үйрену, алға ұмтылудың арқасында ол өз заманының терең білімге ие ғұламасы дәрежесіне жетті.
Әзелден тағдыр барша заманның ұлы көшбасшыларына тұзақ тастайды. Кеңестік жүйенің жөн-жосықсыздығына қарсылық көрсетуші мұсылмандардың азаттығы жолындағы қайраткерлік қызметі сынға іліне бастаған соң, 30-жылдарда Әліхан төре отбасымен Қытайға өтіп кетеді. Сол тұста бұл елде де жағдай мәз емес еді. Ақырында 1937 жылы Әліхан төрені өмір бойы түрме жазасына кеседі. Алайда 1941 жылы Жаратқанның жәрдемімен түрмеден босап, «Бостандық қоғамына» басшылық жасайды. Сонымен Шыңжаң өлкесінде азаттық қозғалысы басталып, ақырында «Азат Шығыс Түркістан» республикасы құрылады. Бұл 1944 жылғы көтерілістің нәтижесі еді.
Чан Кай Ши және гоминданшылардың жүз мыңға жуық әскеріне қарсы соғыста жеңген ұлттық әскердің бас қолбасшысы Әліхан төреге маршал әскери шені беріліп, Шығыс Түркістан Республикасының бірінші президенті болып сайланады.
Сонымен Өзбекстаннан аумағы үш есе үлкен аймақта тағы бір ислам мемлекеті өмірге келеді. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммед «Киелі әулет» атты кітабында: «Ресми түрде 1944 жылдың 22 қарашасында тәуелсіз Шығыс Түркістан Республикасы жарияланып, оның алғашқы президенті болып «Әлихан төре» деген атпен танылған ташкенттік өзбек Алихан Шакирходжаев сайланды. 1945 жылдың 5 қаңтарында Шығыс Түркістан халықтарының съезінде республиканың саяси декларациясы қабылданды. Онда жаңа құрылған мемлекет өзін әлемнің барлық елдерімен, әсіресе кеңес одағымен дос ретінде жариялады», деп жазғаны бар.
Әлем картасында жаңа мемлекеттің пайда болуы, шыны керек, кеңес одағының басшыларына мүлде ұнаған жоқ. Сталиннің бұйрығымен Әліхан төрені келіссөзге шақыру сылтауымен ұрлап әкетеді. Отыз мың әскері және миллиондаған мұсылман халқы мұңайып қала береді. Бұл жағдай 1946 жылдың 28 маусымында болған еді. Жаңа, жас мемлекет басшысы Әліхан төре Шәкірқожаұлы Ташкентке жеткізіледі. Әліхан төре Ташкенттегі Өзбекстан КП Орталық Комитетінің бағына орналастырылды. Оған күндіз-түні бас-көз болып тұру Өзбекстан коммунистерінің жетекшісі Усман Юсуповқа тікелей міндеттелді. Сонымен тақуалықтың шыңына шыққан Әліхан төре саясаттан бас тартты.
Отыз жыл бойына үй қамағында отыру дегеніңіз азаптың азабы ғой. Жан-ділі қайғы-қасіретке толы бұл адам өзінің сабырлығымен қиындықтарға шыдап, ізгі мақсатынан бір сәтке де айнымайды. Әліхан төре Ташкентте өткізген отыз жыл өмірінде өз отандастарымен түркі тектес ұлт өкілдерінің алдағы ғұмырында рухани серік әрі байлық болатын, сол кезге дейін беймәлім туындыларды жарыққа шығару үшін бейнеті ауыр тірлікке құлаш ұрды. Атап айту керек, Әліхан төре Херман Вамберидің «Бұхара немесе Мауреннахр тарихы» кітабын, Ахмад Доништің «Наводирул Вақое» шығармасын және Давриш Али Чагиидің «Музыка» рисаласын парсы тілінен тәржімалады. Сонымен қатар «Темір ережесі» шығармасын ескі парсы тілінен аударып, сол кездегі «Гүлістан» журналында бастырғанын (1967) айта кету керек. Осы тамаша туындының жарыққа шығуы мыңдаған оқырманды қуантса, ал билік басындағы біреулер Әліхан төреге қарсы шабуылға шықты. Журналдың бас редакторымен бірге Орталық Комитетте қызмет істейтін жауапты азаматтар да жазасыз қалған жоқ, жұмыстарынан босатылды. Әліхан төре Әмір Темірді өзбек халқына «тірілтіп» беріп кетті.
Осы орайда есімізге түрік халқының ұлы шайыры Жүніс Эмренің: «Жолға шық, жолдан шықпа» деген данышпандық екі ауыз өлең сөзі орала береді. Демек өткен бабалар ұстанған жол адастырмайды екен дейміз. Әліхан төренің әлгі «Темір ережесі» кітап болып басылып шықты. Шығарма бүгінгі өзбек тіліне лайықталып, аудармашының жанына тағы бір қаламгердің аты-жөнін қосып, «Әліхан төренің аудармасы сапасыз, қателері көп, сөйтіп, қайтадан тәржімаланды» деп бір профессор кіріспе жазған. Содан келесі жылы ғұламаға арналған республикалық жиында ұлы ұстаздың бір шәкірті: «Ұстаздың даңқ атына мінгесіпсіз, бірақ ол кісіні қаралап, сынауға сізге кім құқық берді, ұлылардың кемшілігін іздеу үшін ең болмаса солардың дәрежесіне жақын болу керек», дегенде үлкен залда қозғалыс пайда болды. Ал ел ардақ тұтқан ұлы ұстазды сынаған профессордың қандай күй кешкенін оқырман өзі бағалар.
«Әрбір мемлекет басшысы, патшасы егер «Темір ережесінен» толық хабардар болса әрі соған лайық амал қылса, ол ең әділ, ең құдіретті және жеңілмес мемлекеттің патшасы болмақ», деген екен Әліхан төре. Демек ұлы қолбасшының ережесін терең, түсініп оқыған, содан кейін осындай ой түйген Әліхан төренің мына сөзі ел билейтін тұлғалар үшін таптырмайтын ақыл екені даусыз.
Әліхан төре талантының тағы бір ерекше қыры – емшілік қасиеті. Дауасыз дерт – рак ауруына шалдыққандарды да емдеген. Кеңес медицинасында қолға алынбаған сексопаталогия пәнінің де нағыз білгірі еді. Ұлы білімдар атаның қаламынан бірнеше кітап туды. Біз бұл жерде осы еңбектердің медицина саласына арналғанын атап өтпекпіз. Бұл еңбектерде екі жүзге тарта ауру түрі туралы баян етіледі. Әрі емдеу жолдары жазылады.
Даңқты саяси қайраткер, өз отанын шексіз сүйген азамат Әліхан төре айналасы 4-5 жыл ішінде «Түркістан қайғысы» атты тарихи публицистикалық шығарма жазып, оқырмандарына ұсынды.
Қайраткер қаламынан туған «Мұхаммедтің тарихы» кітабы жазылып біткенше оның қаншама қиындыққа тап келгені туралы осы теңдессіз еңбектің жазылу барысында басы-қасында болған балаларының айтары көп. Жиырма жылға жуық уақыт ішінде, яғни діндарлар қуғында болған кезеңде ол кісі бұл бағасыз еңбекті заман талабына лайықтап, келешек ұрпаққа жеткізіп беру үшін бірнеше жыл жер астында отырып жазған. Жазылған қолжазбаларды керек болса ұн салынған қаптарда сақтаған. Жертөледе отырып жазылған дүние уақыты келіп жарыққа шықты. Бұл тарихи көркем туынды өткен ғасырдағы қадау-қадау шығармалардың бірі саналады.
Атаға қызмет етуді өмірлік мақсат еткен ұлы Мұхаммедярхантөренің мамандығы дәрігер болатын. Әліхан төренің сүйікті перзенті Мұхаммедархантөре күн демей, түн демей атасының жазғандарын ақ қағазға көшіретін еді. Хұсни хатпен өте сұлу етіп жазатын. Бала кезінен ата тәрбиесін алған ол да терең білімді азамат болған. Тағдыр оған небәрі 46 жыл өмір сыйлады. Шығарманың екінші жартысын қайта көшіруде кітап иесінің өзіне шын берілген ғалым дәрежесіне жеткен шәкірттерінің бірі Абдулазиз қары Махмудов хазіретінің еңбегі де өлшеусіз еді.
Әліхан төренің «Түркістан қайғысы» атты кітабы да – оқырман тарапынан аса жоғары баға алған тамаша тарихи еңбектердің бірі. Жасы ұлғайған шағында өткен өмір жолдарынан сыр шерткен ғұлама ешқандай боямасы жоқ заман суреттерін ашық баяндады. Аталған кітапта мынадай жақсы пікір мен ой-толғам бар: «Мақсат еткен нәрсеге ие болу үшін әр ұлттың барлық құқығы сол ұлттың өз қолында болуы шарт».
Әліхан төре Шәкірқожаұлы – шын мағынасында ғалым болып, медицина, философия, геология, тарих, математика пәндерінің жетекші ғалымдарына, профессор, академиктерге ұстаздық еткен кісі. Олай болса, не себепті баспасөзде оның аты аталмаған? Шындығында, кеңес өкіметі бұл кісінің атын баспасөзде атауға қорыққан, ықыласты болмаған.
Мынандай бір қызық мысал келтірейік. Бірде Садықов деген ТашМИ профессоры Әліхан төренің үйіне ескі заманда жазылған қолжазбаны көтеріп келеді. «Қолжазбаны оқып шығуға ешкімнің тісі батпаған, яғни сауаты жетпепті, – деп еске алады немересі Бахман дер Шакир. – Атамыз үш жүз жыл бұрын ескі парсы тілінде жазылған қолжазбаның медицина тақырыбына арналған еңбек екенін айтып, алдымен араб тіліне, содан кейін түркі тіліне аударып, иесіне қайтарып бергені бар еді. Профессор мырза дайын аудармаға кіріспесөз жазып, еңбектің әр жерін бір түртіп, түзеткен болып, өзінің атынан кітап етіп бастырып шығарыпты. Осы жағдайдан хабардар болған ата шәкірттерінің бірі: «Әлгі профессор қолжазбаны үлкен брошюра етіп өзінің атынан шығарыпты. Сіздің аты-жөніңізді ауызға да алмапты», дегенде атамыз күліп: «Иә, бәрекелді, кітап етіп шығарып па, қанша дана етіп бастырыпты? Халық оқитын болыпты ғой, береке тапсын», деген екен. Мұндай кеңжүректілік ұлыларға ғана жарасады, олардың мықтылығы да осында.
70-жылдардың басында Әліхан төренің үйіне кембағалдау кісі келіп, жағдайын айтады. Осы кезде Әліхан төре немересімен бірге дәрі дайындап жатқан екен. Жағдаймен келген адам дастарқан басында шай ішіп отырады. Содан атаның тағы бір шәкірті келіп, атағаным деп, қолына әлдебір қағазды ұстатып кетеді. Немересіне әлгі бүктелген қағазды аштырған ата, ондағы екі мың сомды сол күйі жағдай айтып келген кісінің қолына береді, «қарыз емес, сыйлық» деп шығарып салады.
Ол кісінің тағы бір ерекшелігі – жоғары мәдениеттілігі мен сауаттылығында. Әліхан төре сөйлегенде ең алдымен сабыр сақтап, кейін жүзі нұрланып, ерекше дауыспен әңгімесін бастайды екен. Тақырыптан айнымай, керексіз сөздерді пайдаланбайтын көрінеді. Атаның сүйікті шәкіртінің бірі – сарыағаштық балалар ақыны, үлкен тәуіп атанған, Құдай деген кісінің нағыз өзі Әбен Дүйсеков деген өкіл баласы еді. Әбен ағамен 1998 жылдың желтоқсан айында Ташкенттегі үлкен кітап сататын дүкенге баруға тура келді. Алла нәсіп етіп, Әліхан төренің «Тарихи Мухаммадий» кітабын, тағы басқа да көп әдеби шығарманы сатып алдық. «Тарихи Мухаммадий» кітабын маңдайына тигізіп, қуанып жылаған Әбен аға үйіне келген соң да Әліхан төре туралы көп әңгіме айтты. Ақырында ұлы ұстазының аруағына бағыштап Құран оқыды.
Теңіздей терең білім иесі атанған Әліхан төренің үйіне атақ-даңқына қанық болған Тегеран университетінің екі профессоры қонаққа келеді. Меймандар атамен қай тілде сөйлесудің ебін таппай отырып қалады. Мұны байқаған ата қонақтарға қарап: «Менімен мұсылман тілінде сөйлессеңіздер бола береді, мейлі араб, парсы, түркі тілдерінде әңгіме айтыңыздар», дейді.
Содан екі профессор өз тілдерінде сөйлеседі, ал бірақ ата мүдірмейді, әңгіме барысында Әліхан төре екі профессорға Әбілқасым Фердоусидің «Шахнамасындағы» Рүстемнің бүгінгі ұрпақтары елдің қайсы уәлаятында өмір сүреді, олардың саны қанша деген сұрақ қойып, әлгілерден жауап болмаған соң, сұрағына өзі жауап береді. Тегеран университетінің ғалымдары атаның терең біліміне риза болып, көздеріне жас алып, алғыстарын айтады, бастарын иеді, мүбәрак қолын сүйеді, бата сұрайды.
«ХХ ғасырдың имам Бұхариі» атанған Әліхан төре жайында, расын айтайық, біздің қазақ оқырмандары, соның ішінде зиялы қауым өкілдерінің біршамасы хабарсыз. Ал Батыс авторларының алты атасына дейін терең біледі, әрине, бұл – жаман нәрсе емес.
Ислам дінінің тарихын ашық шындықпен, жалынды жүрекпен жазған Әліхан төренің еңбегі өлшеусіз. Ол кісі 1976 жылы өмірден өтті. 1985 жылы Ташкентте өткен Әліхан төренің туғанына 100 жыл толуына арналған үлкен басқосуда ол кісіні Шығыстың жеті жұлдызының қатарына қосып, сегізінші жұлдыз деп баға берілгенін өз құлағымызбен естігенімізді жасырмаймын. Ұлы ғұлама Нақшбанди әулетімен жалғасатын Әліхан төренің тегі Шәкірқожа, Мұхаммедқожа, Мірнияз Қожаұлы болып жалғасады.
Он жетінші ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген намангандық ұлы шайыр Бабарахм Машрабтың «Атаң разы болмаса, тәубең қабыл болмас сенің» деген жыры барша мұсылман баласына берілетін тәрбиенің бастауында тұрады. Бабалар жолы, міне, осылай қаузай берсек, тереңнен тамыр тартады. Алланың назары түскен жерде береке, байлық болады, тыныштық салтанат құрады...
Әзізхан АРТЫҚОВ,
журналист
Түркістан облысы,
Түлкібас ауданы