Өңірде мал шаруашылығы дамып келеді. Төрт түлік басының өсуі мал азығына ғана емес, жұқпалы аурулардан сақтап, дер кезінде дерттің алдын алуға да байланысты.
Бүгінгі таңда облыста 545 мың бас ірі қара, 787 мың ұсақ мал, 287 мың бас жылқы және жүздеген түйе бағылып жатыр. Осы жылы әрқилы мал ауруларынан сақтанып, алдын алуға межеленген жоспарлы жұмыс біршама тиянақты атқарылды. Нақтырақ айтсақ, 6,7 миллион жануар мен құсқа вакцина егілді. 1,3 миллион жануар мен құстар аса қауіпті індеттерге байланысты тексеруден өткізілді. Қыруар жұмысты атқаруға қомақты қаржының қажет екені белгілі. Биыл ветеринарлық қауіпсіздікті сақтау үшін облыстық бюджеттен 2,5 млрд теңге қаражат бөлінді. Жыл басынан бері мөлшерленген қаржы көлемі толық игерілді. Осылайша, жануарлар мен құстарға вакцина егіліп, зерттелді. Ірі қара малдың қанынан 389 мың сынама алынды. Бұл орайдағы жоспардың 105 пайызы орындалғанын айта кету керек. Ұсақ мал да 107 пайыз зерттеліп, жұқпалы аурудың алдын алуға байланысты қыруар жұмыс атқарылды. Жоспардан тыс атқарылған көп іс бар.
Әрқилы індеттің алдын алу барысында қолбайлау болып отырған түйінді мәселені де айта кетуіміз керек. Мәселен, өңірде 265 мал қорымы бар. Оның 8-і – типтік қорым, 257-сі – бұрыннан пайдаланылып келе жатқан мал қорымдары. Елді мекендерге төрт түлік малдың өлексесін залалсыздандыруға үлгілі мал қорымдары қажет-ақ. Бұл мәселені түбегейлі шешуге облыс әкімдігі «Облыс аумағында пайдаланылатын мал қорымдарын сәйкестендіру және жаңа үлгідегі мал қорымдарын кезең-кезеңімен салу жөніндегі 2019-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» бекітті. Шынтуайтында, бұл көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе болатын. Бағдарламаны жүзеге асыруға 108 жер телімі рәсімделген. Өңірдегі аудандарда жақсы мысалдар да бар. Мәселен, жоғарыда аталған жоспарға сәйкес, Біржан сал ауданында жалпы сомасы 70 млн теңгені құрайтын 5 мал қорымы салынбақ. 2022 жылы осы мақсатқа 22,1 млн теңге қаражат бөлінді. Әзірге 10 ауданда мал қорымын салуға қажетті құжаттар әзірленіп жатыр. Ақкөл, Бұланды, Бурабай тәрізді бірқатар ауданда 8 типтік мал қорымын салуға бюджеттік өтінім беру жоспарланып отыр. Заңнамаға сәйкес мал иелеріне санитарлық союға жіберілген ауру малдардың орташа нарықтық бағасының көлемі мен шығындарын 30 пайызға өтеу көзделген. 2022 жылы мал иелеріне өтемақы төлеу үшін 176 млн теңге бөлінді. 1 702 бас ірі қара мен 736 ұсақ мал шығыны өтелді. 2023 жылға 76,5 млн теңге қаражат қарастырылып отыр. Күні бүгінге дейін 550 бас ірі қара мен ұсақ мал үшін 59,1 млн теңге көлемінде өтемақы төленді. Бұл мақсатқа бөлінген қаражат 77,3 пайызға игерілді.
Аурудың алдын алу туралы тілге тиек еткенде көптен бері қоғамда сан алуан пікір тудырып жүрген қаңғыбас ит-мысықтың санын азайту, реттеу мәселесі туралы да айта кету керек. Заң күшіне енгеннен кейін ветеринария басқармасы «Ақмола облысында жануарларды аулау, уақытша ұстау қағидаттары» туралы негіздеме дайындады. Ережеге сәйкес ит-мысықты аулаған кезде оқшаулайтын торлар, тұзақтар, басқа да құрал-жабдықтар арқылы жүзеге асыру тәртібі белгіленді. Осы жылы облыста қаңғыбас ит пен мысықтың санын реттеуге 96,5 млн теңге қаражат қарастырылған. Басқарма қаңтар айында 4 бағдарлама бойынша мемлекеттік сатып алу байқауын өткізген. Осы байқауда бірнеше серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлер жеңіске жеткен. Олардың ыждағатты жұмыстарының арқасында 2,3 мыңға жуық ит ұсталып, залалсыздандырылды. Басқарма мамандары жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен уақытша ұстау пункттерінің жобасын әзірледі. Алдағы уақытта уақытша ұстау пунктін салу мәселесі қарастырылып жатыр. Мұндай орындар Ақмол ауылында, Атбасар және Көкшетау қалаларында салынбақ. Жобаның қаншалықты тиімді болатыны жұмыс барысында анықталады. Егер нәтижелі болса, барлық аудан мен қалада осындай уақытша орындар жабдықталмақ. Мамандардың есептеуіне қарағанда, уақытша ұстау пунктіне кететін шығын баспана салу мен ұстауға қарағанда арзанырақ болмақ.
Ел ішінде індет тарамау үшін осындай қадау-қадау шаруа атқарылып жатыр. Бұл – өте маңызды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелге экспорттайтын болсақ, қатаң тексерістен өтетіні белгілі. Сондықтан ветеринария саласын жетілдіре түсуіміз керек-ақ.
Ақмола облысы