• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Экономика 27 Қыркүйек, 2023

Бензин бағасы бұлқына бастады

346 рет
көрсетілді

Атырау мұнай өңдеу зауытында күрделі жөндеу жүріп жатыр. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытында жылу алмастырғыш істен шыққан. Енді АИ-95 маркілі бензин Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Павлодар мұнай-химия зауытында өндіріледі.

«Energy Monitor» қоғамдық қорының директоры Нұрлан Жұма­ғұлов журналистермен кез­­десу Атыру мұнай өң­деу зауыты қыркүйек-қазан ай­ларында күрделі жөндеуден өте­тінін, «Petrosun» ЖШС енді АИ-95 маркілі бензинді импорттайтынын, бұл бағаға әсер ететінін айтыпты.

Логистикалық қиындықтарға байланысты АИ-95-ті тасымалдайтын көліктердің шамамен 30-40 пайызы жолда тұрғаны, оңтүстік өңірлер осы маркідегі бензин тапшылығын сезі­ніп үлгергені осыған дейін айтылған еді. Шымкент мұнай өңдеу зауыты бұл бензиннің 5 мың тоннасын ғана өндіреді. «Шымкент мұнай өңдеу зауытында ескі пайдаланылған жылу алмас­тырғыштарды іске қосып, өнді­ріс­ті жолға қоюға тырысуда. Олар қос­па­лар арқылы оны АИ-95 стан­дарты­на дейін жеткізеді», дейді Н.Жұмағұлов.

Ресей 21 қыркүйектен бастап Ресей­ден бензин мен дизель отынын экс­порттауға уақытша ты­йым салғаны белгілі болды. «Ресей Феде­ра­циясының Үкіметі осы қау­лы күшіне енген күннен бастап тауар­­лық бензин мен дизель отынын, оның ішінде биржалық саудада са­тып алынғанның өзін Ресей Федера­циясынан әкетуге уақыт­ша тыйым салу туралы» шешім қабылдады.

Сонымен қатар Үкімет мұнай өнімдерін экспорттауға рұқсат етілген кәсіпорындардың тізімін жасай алады. Бұл туралы сол елдің вице-премьері Александр Новак мәлімдеді. Ол қазіргі уақытта ішкі жанармай нарығында ұсыныс тап­шы­лығы жоқ екенін, қор биржасында тепе-теңдік бар екенін айтты. Энергетика министрлігі тек мұнай өңдеуші зауыттарға шетелге отын сатуға рұқсат беріп, сұр түсті экс­портқа толық тыйым салуды ұсынды. «Бұл қаулы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді» делінген бейсенбіде жарияланған құжатта.

Қоғамда «Қазақстан кенеттен жанармай тапшы­лы­ғына ұшырады ма?» деген күдік тағы да бой көтере бас­тады... Апта басында өткен брифингте Энер­гетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Атырау мұнай өңдеу зауыты 1 қазан мен 3 қараша аралы­ғын­да жұмысын толығымен тоқтатып тұрғанын, ал мұнай өңдеу зауытындағы ақау әзірге жартылай қуатта жұмыс істеуге мәжбүр екендігін ашып айтты. Себебі соңғы 6 жылда елде көліктік отын тұтынудың тұрақты өсуі байқалды (2020 жылғы пандемия жылын қоспағанда). Егер 2017 жылы бензин тұтыну 4,1 миллион тоннадан астам болса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 4,9 миллион тоннадан асып, 19 пайызға артқан. Сонымен қатар бұл өнімнің отандық өндірісі осы кезеңде 70 пайызға – жылына 2,9 миллион тоннадан 5 мил­лион тоннаға дейін өсті.

Дизель отынын тұтыну 2017-2022 жылдары 18,1%-ға – 4,7 млн тоннадан 5,5 млн тоннаға дейін өсті. Отандық дизельдік отын өндірісі 32,5%-ға – 4 млн тоннадан 5,3 млн тоннаға дейін өсті.

Энергетика вице-министрінің айтуынша, Қазақ­станда қазан айында АИ-95 маркалы бензиннің 65 мың тоннасы ғана өндірілетінін, оның ішкі тұтынуы 80 мың тоннаға бағаланған. Дизельдік отын мен АИ-92 және АИ-95 бензинінің қоры біраз күнге жетеді. Қазан айында АИ-95-ті Ресейден әкелуге болады, бірақ ол әдетте отандықтарға қарағанда қымбатырақ болатыны да айтылды. «Ресей қазірдің өзінде дизельдік отын мен бензинді экспорттауға тыйым салған. Ресей үкіметінің қаулысында ЕАЭО елдеріне экспортқа қол қойылған индикативтік теңгерімге сәйкес рұқсат етілгені жазылған. Ал біз және Ресей 40 мың тонна бензин жеткізу бойынша индикативтік балансқа қол қойдық, сондықтан бұл шектеулер Қазақстанға қатысты емес. Тиісінше, бізде мұндай проблемалар болмайды», деп атап өтті вице-министр.

Күзде Қазақстан тағы да АИ-95 тапшылығына ұшы­рап, ба­ғаның одан әрі көтерілуі мүмкін екені осыған дейін де ай­тылып қалатын. Сарыала күз келе салысымен елдегі мұнай өңдейтін зауыттардың бірінен кейін бірі жөндеу жұ­мыс­тарына жабылатыны үйреншікті құбылысқа айналып кетті.

Осы саланың сарапшысы Олжас Байділдинов көрші ел жаздан бері ішкі нарықта бензин мен дизель оты­ны­ның тапшылығын сезінгенін айтады.

Сарапшының айтуынша, бензиннің нарықтағы бағасы бізге ЕАЭО ортақ нарығына қарағанда ертерек келетін сияқты. АИ-95 бағасының литрі 300 теңгеге оңай жетуі әбден мүмкін. Себебі бензинге апарар жолдың бәрі қым­бат­шы­лық­тан басталатынын көріп жүрміз. Ал қазіргі тапшылық өңдеудің қысқаруымен және ішкі нарыққа қарағанда сыртқы нарыққа жеткізілім тиімдірек болып жатқанымен байланыс­ты.

«Индикативтік жоспарлар бойынша біз Ресейден 800-850 мың тонна дизельдік отын, 300 мың тонна битум, 300 мың тоннаға жуық барлық маркалы жанар-жағармай импорттаймыз. Егер Ресей Федерациясында тапшылық ұлғайса, бұл өз әсерін тигізеді», дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, қазір өңдеу секторы рентабельді емес. Ішкі нарық қазір бағасы үнемі өсіп отыратын тауарға айналып отыр. «Қазір АИ-92 литрі 250 теңге, дизельдік отын 350 теңге шамасында. Енді ішкі және сыртқы тұ­ты­нуға бөлінуіне байланысты шамамен бірдей. АИ-95 де қым­бат­тай­ды, өйткені ресейлік жанармай 300 теңгеден жоғары сатылады. Ал бұл маркалы жанар-жағармайды Атырау мұнай өңдеу зауытынан оңтүстікке тасымалдау қымбатқа түседі.АИ-95 жыл соңына дейін шығарылмайды», дейді сарапшы.

Олжас Байділдинов жанар-жағармай бағасының екі есеге өсуі шынымен де мүмкін екенін, бірақ 2025 жылға қарай емес, кейінірек екенін атап өтті. Бұл ретте ол себеп ретінде ЕАЭО елдері аясындағы біртұтас нарыққа көшуді емес, басқа да экономикалық факторларды, соның ішінде ұлттық валютаның тұрақтылығын алға тартады. Оның айтуынша, қазіргі таңда елімізде белгіленген жанармай бағасы жер қойнауын пайдаланушылар мен тұтастай алғанда жеткізу тізбегі үшін тиімсіз. Доллармен есептегенде, ең көп қолданылатын АИ-92 маркалы бензиннің бағасы біздің елде 2000 жылдардың басындағы деңгейде литріне 40 центті құрайды.

«Қазақстанда саланың тоқырауға ұшырауы үшін бензин­нің бағасы доллар эквивалентінде 60-65 цент бол­уы керек. Біз бұл бағаны 2011-2013 жылдары бастан өткердік. Ресеймен бағаның теңгерімсіздігі Қазақстанға да әсер етіп отыр. Бұл жерде ЕАЭО-мен келісім негізгі себеп емес, өйткені ішкі на­рық­тағы баға тиімсіз. Мем­ле­кет салық жүйесін өзгертпекші, бұл да бағаның өсуіне әсер етеді», дейді сарапшы.

Байділдиновтің айтуынша, АИ-92 маркалы бензиннің бағасы литріне 250 теңгеге дейін, АИ-95 – 300 теңгеге дейін, ди­зельдік және одан жоғары сортты бензинге 350 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін.

«Қазақстан нарығында мұнай өнімдері тапшы. Біз жылына 5 миллион тонна жанармай өндіріп, қазірдің өзінде 80 мың тоннаны импорттап жатырмыз. Тұтыну өсіп жатыр. Біз жанармай бағасының көтерілуіне да­йын болуымыз керек, Қазақстан үшін арзан энергия ресурстарының дәуірі аяқталды», деп сөзін аяқтады О.Байділдинов.