«Cultural Dialogue» қоғамдық қоры мен Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі бірлесіп, «Алма» атты жаңа альбомды жарыққа шығарды. «Алма» альбомының жарыққа шығуына ЮНЕСКО жанындағы ұлттық комиссия да қолдау білдіріп, көрнекі жинақты көпшілікке таныстырған игілікті іс-шараның мазмұнын тұсаукесермен бірге танымы терең көрме ұйымдастыру негізінде байыта түсті.
«Алма» альбомы – Мемлекеттік өнер музейі қорындағы қазақстандық суретшілердің, графика өкілдері мен мүсіншілердің туындыларын топтастырған алғашқы тақырыптық иллюстрацияланған жинақ. Бұл таңдаулы басылым Алматы қаласының рәмізі саналатын алма жемісін сан алуан қырынан сипаттаған қылқалам шеберлерінің үздік жұмысымен таныстырады. Альбомға мұражай қорынан Қазақстанды алманың отаны ретінде әйгілеп, терең мәлімет беретін 90 жауһар енген. Репродукцияларға белгілі өнертанушы, Қазақстанның мәдениет қайраткері Екатерина Резникова түсініктеме берген.
Алма – Алатаудың қазынасы. Алматының мақтанышы. Әлемдегі 2 500-ден аса алма ағашы сұраптарының атасы болып мойындалған «Malus sieversi» деген атпен белгілі жабайы алманың жұрнағы тек Қазақстанда ғана өсетінін бүгінгі ғылым растап отыр. Бұл шындық шығармашылықпен шұғылданатын шеберлерге шабыт береді. Көрме түрлі буындағы суретшінің шеберханасына шолу жасаған іспетті. Талантты қылқалам иесінің қиялынан туған шығармаларда жұпар иісіне дейін сезілген әсем гүлзар бақтар, берекелі егіс даласындағы еңбек, шырынды жеміс натюрморттары шынайы көрініс тапқан. Экспозицияда қазақ натюрмортының алғашқы авторы атанған кәсіби суретші Айша Ғалымбаеваның шығармалары, әсіресе оның алма бейнесіндегі «шырынды» композициялары түсінің еркіндігімен, қанықтығымен көз тартады. Дәл осы натюрморт көрме кеңістігінде заңды түрде басты жанрға айналған. Ғани Баяновтың «Жемістер» еңбегінде ұрпақтар сабақтастығының үздіксіз тізбегі байқалады, ал алма – ұрпақтың өркен жаюындағы маңызды бейне. Жастық шақ пен жүзінен сұлулығы төгілген жеміс жинаушылардың бейнесі Айша Ғалымбаева, Евгений Умысков, Мария Лизогубтың картиналарында бірін-бірі толықтырып, жан дүниесінің үйлесімі қуаныш толқынында тұрғанын аңғартады.
Қазақстандағы графикалық өнердің беткеұстар өкілдерінің бірі Евгений Сидоркиннің Алматыны жырлаған үздік картиналары қатарында алма тақырыбы айрықша орын алады, оның сәнді әрі молшылыққа толы «Алматы алмалары» ұзақ жылғы еңбегінің көш басында тұр. Ал Константин Барановтың осы аттас сериясы жыл мезгілінің әр кезеңіндегі алма бағының мың бояулы реңі мен көңіл күйді көрсетеді.
Алма тек кескіндеме мен графикада ғана емес, сондай-ақ мүсін өнерінде де маңызға ие дара тақырыпқа айналған. Еркін Мергенов «Ұлы Отан соғысында қаза тапқан суретші қазақстандықтарға арнау. Алма-Апа» деген айрықша атауы бар арнау туындысында есте қаларлықтай ерекше бейне жасайды. Мүсінші Төлеген Досмағамбетов те «Алма ағашында» туындысында сюжетті бейнелі түрде жинақтап, әйел заты мен жұмақ діңін шендестіре, тың пәлсапасын «әлем анасы» деген құнарлы идея қазығына байлайды.
Алматыдағы Кластерлік бюро директоры міндетін атқарушы Амир Пиричтің айтуынша: «Бұл жоба Malus sieversii жабайы алма ағашының бірегейлігін және оның болашақ ұрпақ үшін жаһандық маңыздылығын көрсетеді». Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайының директоры Г.Жұмабекова баспа қызметіндегі жемісті ынтымақтастығы үшін жоба серіктестеріне алғысын білдірді.
«Cultural Dialogue» қорының директоры Жанна Мәмбетова: «Жоба өнер, ғылым және мәдени мұра әлемін үйлесімді түрде біріктіріп, табиғат пен мәдениеттің өзара күрделі байланысын ортақтастыруға бағытталған. Бұл біздің көркем шығармаларымыз бен оларды дүниеге әкелуге шабыттандыратын табиғат әлемі арасындағы терең байланыстың дәлелі ретінде қызмет етеді», деп атап өтті. Расында да, табиғаттың осы бір ғажайыбының бірегей пішіні, түсі, хош иісі мен дәмі – әлемдік және Қазақстан өнерінің шабыт көзі.
«Алма» альбомының жібек бауын қиған тұсаукесер салтанатының рәсіміне көрнекті помологтер мен жеміс-жидек дақылдарын зерттеумен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарының басшылары қатысты. Альбомның бір-бір данасы ғылыми-зерттеу мекемелерінің кітапхана қорына тапсырылды. «Қазақстан – алманың отаны» деген имиджді нығайтуға ықпал ететін символдық сыйлық ретінде таралымның көп бөлігі еліміздің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері мен консулдықтарына тарту етілді. Алманы танымның, өмірдің, отбасының символы ретінде түрлі мағынада түсіндірген жинақтың бейнелеу өнеріндегі маңызын зерттеуші мамандар жоғары бағалады.
АЛМАТЫ