• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Қыркүйек, 2023

Омбы қазақтарына ескерткіш орнатқан

279 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарын архив деректері негізде іздестіруде әлі де көп жұмыс атқа­рылуы қажет. Әсіресе еліміздің Ресеймен шектес Астрахан, Орынбор, Саратов, Волгоград, Түмен, Челябі облыстарындағы ерлік көрсеткен қазақ жауынгерлерінің де есімдері атаусыз қалмауға тиіс.

Бұл тұрғыда соғыс ардагер­лерінің ерлігі тек баспасөзде жазылып қоймай, олар туралы шағын фильмдер түсі­рілсе және Қазақстан тарихы кафедраларының магистр, докторлық дипломдық жұмыс­тары қандастарымыздың жан­қиярлық ерлігіне арналса деген тілегіміз бар. Әрине бұл іске қалталы азаматтар да үлес қосып, волонтерлерге қаржы­лай көмек қолын созғаны жөн болар еді. Өйткені осы ай­тыл­ған тілектердің барлығы қазақ халқының қанына сіңген отансүйгіштік қасиеттерді жал­ғастыру, жас ұрпаққа ата-баба рухына адалдықты қалып­тастырудың жолы болмақ.

Осы орайда Омбы қазақта­рының арасынан шығып, сол өңірдегі ұлт руханиятының өріс­теуіне үлес қосып жүрген бір азамат туралы айта кетсем бе деймін. Оның аты-жөні – Мұрат Сәрсенбаев. Қоғам қайраткері, кәсіпкер, мәдениет пен өнер меценаты деңгейіне еңбегімен көтерілген ол – Омбы облысы Шарбақкөл ауданы­ның тумасы, осындағы Томар мектебінің түлегі. Туған ауы­лы Ортақшыл селосында монументальді мәдени ескерт­кіштер салуға барынша қол­ұшын созған азаматтың осы бағыттағы игі істерді қолдаушы ретіндегі қызметін айрықша айтқан жөн. Жеңістің 70 жыл­дығы қарсаңында Ортақшыл мектебінің алдында биіктігі үш метрлік «Жеңімпаз жауын­гер» ескерткішін орнатып, 204 адамның есімін тұғыр­тасқа жаздырған. Бұл ескерткіштің авторы – Омбы суретшісі В.И.Костенко. Мұнан бөлек Мұ­­рат Сәрсенбаев кіндік қа­ны там­­ған ауылында өңірге еңбе­­гі­мен танылған әкесіне, соғыс­та шейіт болған 3 ағасына ескерт­кіш орнатты.

1937 жылдың құрбаны бол­ған Қошке Кемеңгерұлы бұл ауылда жерленбесе де, ту­ған жерінен топырақ алдырып, туыстарының қолдауымен ес­керткіш орнатты. Сонымен қатар Мұрат Сәрсенбаев Қазақ­стан компартиясының бірінші хатшысы болған Жұмабек Шаяхметовтің өмірі мен қызметі туралы естеліктер жинағының үш томдығын өз қаржысына шығарып берді. Омбының бү­гінгі тарихында тоқталатын, саяси маңызы бар, ұлттық рухымызды көтеретін бір ісі бар. Ол – Омбыда тұрған қазақ су­ретшісі Амангелді Шәкенов қайтыс болғаннан кейін оған қаланың нағыз орталығы Ленин көшесінде өз қаржысымен ес­керт­кіш орнатуы. Сондай-ақ суретшінің көзі тірі кезінде ең­бек­терінің толық каталогін шы­ғаруға демеушілік жасағанын игілікті іс деп білеміз.

 

Әділхан ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор