Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS мұғалімдері Шолпан Әбішева мен Айжан Омарханова Pro.NRG 2023 жаһандық фестивалінің «Science on Stage Kazakhstan» ұлттық іріктеу турнирінің жеңімпазы атанды.
Педагогтер мен ғалымдардың басын біріктіретін дәстүрлі халықаралық ғылыми форум биыл «STEM – білім берудің тұрақты дамуы» тақырыбында өтті.
Еуропаның жаратылыстану саласындағы тәжірибелі профессорлары Майкл Грегори (Франция), Гордон Кеннеди (Италия), Наско Стаменов (Болгария), Пол Ландманнан (Испания) төрелік еткен байқауда еліміздің түкпір-түкпірінен ұсынылған 50 үздік жоба талқыға түсті. Нәтижесінде, сарапшылар жеті жобаны таңдап алды. Жеңімпаз ұстаздар келесі жылдың жазында Финляндияда өтетін еуропалық «Science on Stage-2024» 13-фестивалінде елдің намысын қорғайды.
«Science on Stage» фестиваліне Еуропаның 30-дан астам елінен ұлттық байқаулардың жеңімпаздары қатысады. Кәсіби алаңда әлемнің 500-ге жуық мектеп мұғалімдері стендтерде, семинарларда және сессияларда ең креативті STEM идеяларымен бөлісетін болады.
АЛМАТЫ