Батыс Қазақстан облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екінші нысан пайдалануға берілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында ауыл медицинасын дамыту жөнінде нақты тапсырма берген еді. Ұлттық жоба аясында Батыс Қазақстан облысында 2025 жылға дейін ауылдық елді мекендерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 50 нысан – дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт, медициналық пункт құрылысы жоспарланды. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 2023 жылы республикалық бюджеттен 3,6 млрд теңге қаржы бөлініп, жоспарланған 24 нысанның 12-сінің құрылысы биыл басталып кетті.
Ауыл халқы асыға күткен алғашқы нысан Теректі ауданына қарасты Барбастау ауылында жақында ғана қолданысқа берілген еді. Су жаңа ғимаратқа ие болған ауылдық фельдшерлік-акушерлік бекетке Теректі аудандық ауруханасының қаражаты есебінен санитарлық автокөлік сатып алынды.
«Аталған іс-шаралардың барлығы да халықтың игілігі үшін, олардың әл-ауқатын арттыру мақсатында және сапалы медициналық көмек көрсетуге бағытталған. Осы арқылы ауыл тұрғындарының денсаулығын нығайту, сауықтыру жұмыстарын уақытылы қабылдау, онкологиялық ауруларды ерте сатыда анықтау, скрининг тексерістерінің уақытылы жүргізілуі, өмір сүру ұзақтығын арттыруға үлкен септігін тигізеді», дейді Батыс Қазақстан обьлыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова.
Барбастаулықтардың қуанышы жуырда күні Бәйтерек ауданындағы Қайнар ауылында жалғасты. Облыс орталығынан 40 шақырым қашықта жатқан шағын ауыл тұрғындары бұған дейін сәл-пәл сырқаты үшін қалаға сабылатын. 720 тұрғыны бар ауылда салынған су жаңа ғимаратқа 160 млн теңге қаражат жұмсалыпты. Нысан қажетті медициналық қондырғылар мен құралдар, жиһаз және кеңсе техникасымен толық жабдықталған. Орталықтандырылған су құбыры, табиғи газ және автономды жылыту жүйесі қосылған бекетте фельдшер, акушер, санитар және техникалық қызметкер жұмыс істейді. Жақында медбике штатын енгізу жоспарланған.
«Ел дамуының басты арқауы – дені сау ұлт. Халық денсаулығын жақсарту – еліміз үшін өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы ел халқының, соның ішінде ауыл тұрғындарының саулығына ерекше көңіл бөліп отыр. Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Қайнар ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік бекет ашып жатырмыз. Бұл ауыл халқының денсаулығы үшін пайдасы көп болады деген ойдамыз. Бұл мәселе көптен бері көтеріліп жүргенін білеміз. Енді ауыл халқы ем алу үшін аудан орталығына не Орал қаласына бармайды. Баршаңызды жаңа нысанның ашылуымен құттықтаймын», деді Қайнар ауылы тұрғындарының қуанышын бөлісуге арнайы келген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Жаңа ғимаратта тексеру бөлмесі, фельдшер мен акушердің кабинеттері, фильтр, изолятор, екпе кабинеті қарастырылған. Сондай-ақ қызметке қажетті гинекологиялық кресло, құралдарды жуу және зарарсыздандыру құралы, науқастың үйіне барғанда қажетті құралдар салынған медициналық қобдиша қамтылған.
Әрине, жаңа нысанның ашылғанына ерекше қуанған ауыл тұрғындары осындай қамқорлығы үшін Мемлекет басшысына, облыс басшыларына алғысын жаудырып жатты.
2025 жылдың соңына шейін біздің облыста осындай су жаңа 50 нысан пайдалануға беріледі. Соның ішінде биыл 12 мекеме салынып бітеді. Бүгінгі ғимараттың құрылысын «Альтаир» компаниясы жүргізді. «Құрылыс өте сапалы салынған, біз оны қатаң бақыладық. Жаңа ғимаратта қажетті қондырғылар, жұмысқа қажетті барлық нәрсе қамтылған», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Тоқсанов.
Батыс Қазақстан облысы