Мемлекет отандық қағаз өнеркәсібін дамыту үшін қорғау тетіктерін іске асырып отыр. Мәселен, қазіргі уақытта кеңсе қағаздарын шетелдік өндірушілерден сатып алуға тыйым салынған. Бұл шектеу екі жылға жарамды. Бұл салада еңбек ететін кәсіпорындардың көбі майлық, сүлгі, орамал және тұрмыстық қағаздар өндіреді. Ал кеңсе қағазын өндірумен төрт кәсіпорын айналысады.
Қарағанды целлюлозо-қағаз комбинаты, Павлодар картон және рубероид зауыты, «Ақтөбе қағазы», «Kagazy Recycling», «Завод Гофротара» және басқалар тұрмыстық қағаз шығарса, Шымкенттегі – «Qagaz Ordasy», Астанадағы – «Goida.kz», Петропавлдағы – «Радуга» ЖШС және «А энд К Экспо LTD» кеңсе қағаздарын нарыққа шығарып отыр. Алайда «Еnergyprom» сарапшыларының айтуынша, тексеріс барысында «Радуганың» шын мәнінде тұрмыстық қағаздар өндіретіні белгілі болған. «А энд К Экспо LTD» компаниясының да ресми сайтында олар шығарып отырған кеңсе қағаздарының Қазақстанда жасалғандығы туралы дерек жоқ болып шығыпты.
Ұлттық статистика бюросының ақпарынша, былтыр еліміздегі картон және қағаз өндірісі 60,1 мыңнан 98,3 мың тоннаға, 63,6 пайызға артты. 2022 жылғы көрсеткіштер 2017 жылмен салыстырғанда үш есе өскен. Биыл қаңтар-шілдеде өткен жылдың ұқсас кезеңіндегі көлемді әупірімдеп сақтай алған. Бұл категория статистикалық есептерде жалпылама берілгендіктен, одан кеңсе қағаздарының көлемі туралы ақпаратты бөліп алу мүмкін емес. Санаттағы өсім гофрленген картон өндірісі есебінен туындаған болуы мүмкін.
«Қағаз өнеркәсібінің кейбір ішкі санаттары да соңғы жылдары өсті, бірақ соншалықты күшті емес. Өнеркәсіптік өндіріс индексі соңғы бір жарым жылда салада тоқыраудың болғанын көрсетеді. 2022 жылы сектор бойынша өндіріс көлемі – 1,1 пайызға, биыл қаңтар-шілдеде 1,8 пайызға ғана өсті. Өткен жылы кәсіпорындар 120,8 млрд теңгенің өнімін шығарды (2021 жылы – 93 млрд теңге). Фактілер еліміздегі қағаз және кортон өндірушілердің толық жүктемемен жұмыс істемей отырғанын айғақтайды. Былтыр жылдық орташа қуаттылықтың пайдаланылу үлесі 70 пайыз болды. Бұл соңғы жылдарда тіркеліп отырған максималды цифр. 2017 жылы көрсеткіш 43,2 пайыз маңайында болған», дейді сарапшылар.
Отандық кәсіпорындардың қағазы өтіп, саудасы жүруі үшін де мемлекет шеттен қағаз сатып алуға шектеу енгізіп отыр. Мысалы, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» қаңтарда 701,4 млн теңгенің кеңсе қағазын сатып алды. Өткен жылы елімізге шеттен 334,7 мың тонна қағаз бен кортон әкелінген. Ел тұрғындарының қағаз үшін шетке төлеген ақысы 600 млн доллардан асады. Басты жеткізуші – Ресей. Олардың жалпы импорттағы үлесі – 63,3 пайыз. Одан кейінгі орында Қытай тұр (16,6 пайыз). Көрші екі елден бөлек, біз шалғай орналасқан Шри-Ланка, Филиппин, Оңтүстік Африка елдерінен де қағаз сатып аламыз.