• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Саясат 28 Қыркүйек, 2023

Израиль технологияларынан үйренеріміз көп

192 рет
көрсетілді

Премьер-министр Әлихан Смайылов пен «Израиль-Қазақстан» сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Михаэль Роэ Қазақ­станда агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын басқару жөніндегі израилдік тәжірибені қолдану перспективаларын талқылады.

Кездесу барысында суару тиімділігін арттыру, суды үнемдеу, тамшылатып суарудың заманауи технологияларын енгізу, аграрлық ғылымды дамыту, сондай-ақ мал шаруашылығында, сүт өндіруде және құс шаруашылығында жаңа тәсілдерді қолдану мәселелері жан-жақты талқыланды.

Әлихан Смайылов Қазақстан Үкіметі серіктестікті кеңейтуге және Израильмен көпқырлы өзара тиімді қарым-қатынастарды нығайтуға үлкен мән беретінін баса айтты. Атап айтқанда, елдің ауыл шаруашылығы саласындағы үздік жетістіктері қызығушылық тудырып отыр.

«Біз израильдік технологияларды зерттеуге және оларды агроөнеркәсіп кешенін дамытуға серпін беру үшін тартуға да­йынбыз. Суару және су үнем­деу мәсе­лелері де өте өзекті. Біз мем­ле­­кеттің осы салаға бағыттап отыр­­ған қаражатының тиімділігін арт­тырып, нақты нәтижелерге қол жет­кізгіміз келеді», деді Премьер-министр.

Бұл ретте, ол әрбір деңгейді жеке қарап, қажетті түзетулер енгі­зіп отыру үшін бүкіл өндіріс­тік циклді ескеру маңызды екенін айтты.

«Мысалы, агрегаттар құрас­тыру, машина жасау және басқа да жабдықтарды өзімізде шығару үшін мемлекет тарапынан қандай қолдау шаралары болуы керек, ғылым, білім және өндіріс салаларынан қандай қолдау қажет болады. Мұның барлығын кешенді түрде қарастыру керек. Біз бұл бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Михаэль Роэ Қазақстанның ішкі нарық қажет­тіліктерін толығымен өтеуге әлеуеті жеткілікті екенін және АӨК-ті дамытудың кешенді тәсілі арқылы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қоса алатынын атап өтті.

Ол Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде ауыл шаруашылығы саласында израильдік агротехнологиялар мен су ресурстарын басқару әдістерін қолдануға кешенді қол­дау көрсетуді ұсынды.

Кездесу қорытындысына сәйкес тәжірибе алмасу және бар­­лық айтылған мәселелер бо­­йынша бірлескен жұмысты жақын арада ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сондай-ақ кездесуге Ир­ри­гация және су ресурстары ми­нистрі Нұржан Нұржігітов пен Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров қатысты.