• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Зерде 29 Қыркүйек, 2023

Мағжанның қайраткерлігін айқындайтын құжат

267 рет
көрсетілді

Мағжан Жұмабайдың күрделі кезеңдегі саяси қайраткерлігін дәлел­дейтін деректің бірі – 1918 жылы Петропавл уездік ІІ төтенше жиналысына қатысқаны туралы құжат.

Саяси ахуалдың қайнап тұрған уақытында Қазақстанның жер-жерінде құрылған комитеттер беделі мен сол комитет атынан Мағжан Жұмабайдың мінберден сөйлеуі қым-қуыт шақтағы ұлт зиялыларының ізденісін айқын­дайды. Алаш қайраткерінің осын­дай ауқымды жиындағы бел­сенділігі – қазақ халқының өзгелермен тең құ­қықты болуына қол жеткізу жолын­да­ғы күресі еді.

Сол кезеңдегі Уақытша Сібір үкі­метінің уәкілі Кузнецов баян­да­ма­сында өңірдің саяси жа­ғдайына, би­ліктің басқару тү­ріне, Жалпыресей федерация­сына кірген комитеттердің мәр­тебесіне тоқталады. Бұл бас­қо­судың негізгі мақсаты – комитеттер құрамындағы барлық ұлт өкілдеріне тең құқық беру, яғни олардың ұлтына, дініне, нәсіліне, жынысына, әлеуметтік жағдайына бөлмейтін сайлау жүйесін құру.

Біз үшін маңыздысы – осы жиынға жас та болса белгілі қазақ тұлғасының қатысуы.

Қызылжар өңірінің Алаш қай­рат­кері, ақын Мағжан Жұма­байдың 1918 жылғы өмірі мен қызметі туралы бұған дейін жалпы мағлұмат кез­десетін. Осы кезеңдегі саяси қыз­метіне байланыс­ты құжаттық деректер де әлі табыла қоймаған.

Бұдан 10 жыл бұрын өзімізбен шектес Омбы архивінде солтүстік өңірдің тарихы мен тұлғаларына қатысты жұмыс жүргізе отырып, Мағжанның құжаттары бар деген ақпаратты анық­тауды ізер­лей түскіміз келген. Осы мақ­сатта Ресей Федерациясы Омбы облыстық тарихи архивіне Сол­түстік Қазақстан облысы әкім­дігінің, сонымен қатар облыстық мемлекет архи­вінің атынан 1918 жылғы Мағжан Жұ­мабайдың өмірі мен қызметіне қатысты сұрау жолдағанбыз. Өкінішке қарай, омбылық архив қызметкерлері бір­туар ақынның өмірі мен қыз­метіне қатысты істі архив қорынан таба алмады.

Арада біршама уақыт өтіп, 2023 жылы 8 қыркүйекте Сол­түстік Қазақ­стан мемлекеттік ар­хивінің 100 жыл­дық мерейтойына орай «Архив – та­рихтың қымбат қазынасы» атты раус-бағдарлама ұйымдастырып, іс-ша­раға республикалық және ше- т­ел­­дік архивтерден әріптестерімізді шақырдық. Осы орайда Омбы облысы тарихи архивінің директоры Людмила Александровна Чекалинамен алдын ала сөйлесіп, «мүмкіндік болса, өзі басқаратын архив қорынан Мағжан Жұмабайдың өмірі мен қызметіне қа­тысты тың құжаттарды Қазақстанға ала ке­луін» сұраған едік.

Міне, осы бастама бізді күт­пеген тарихи жаңалыққа кенелтіп отыр.

Ақын Мағжан Жұмабайдың 130 жылдық мерейтойы, сонымен қатар Солтүстік Қазақстан мемлекеттік ар­хивінің 100 жылдық мерейтойы жылы жерлесіміздің елеулі архивтік құжаты Омбы архивінен табылып, баршамызды қуантты. Қазір сол құжаттың кө­шірмесі архивіміздің елеулі қа­зынасы дер едім.

Енді құжаттың өзіне тоқ­та­латын болсақ, мұнда 1918 жылы Қазақстанның солтүстігінде совет үкіметін құлатып, билік басына қазақ және басқа да комитеттер келген кезеңі баяндалады.

1918 жылы 27 маусымда Петропавл уездік земствосының ІІ төтенше жиналысына қатысу­шылардың ішінде мына азаматтар болған: Мағжан Жұмабай, Сал­мақбай Күсемісов, Ғ.Қуа­нышев, Ах­мет Жанталин, Н.Ұран­кин, Әлім­баев.

Күн тәртібінде Есіл (Ишим) уе­зі­нің Типлодубный болысы мен Тұқала (Тюкалинск) уезінің Правдинский болысын Петропавл уезіне қосу туралы мәселе қара­лыпты.

1918 жылы қаңтарда Ақмола облысы деген атау жойылып, бүкіл аймақ Омбы облысы деп аталған. Аты өз­гер­ген Омбы облысының құра­­мына Омбы, Петропавл, Көк­шетау, Ақ­мола, Атбасар, Тары, Текелі уез­дері енгізілген. Осы­лай­ша, бір шеті Қы­зыл­­жардан бас­тап Ұлытау, Балқашқа дейін, Торғай ойпатынан Ертіске дейінгі бүкіл Арқа алабы Омбы облысына қараған.

Сонымен қатар күн тәртібінде Есеп комиссиясына кандидаттарды қосу және облыстық зем­ствоның құрамына дауыс бе­рушілерді сайлау бойынша

3 тізім дайындалған. Олар: №1 тізім: Жұ­мағали Тілеулин, Мағжан Жұмабай, Әміржан Жалмұхаметов, Мұ­хаметжан Қуанышев, №2 тізім: Мурашко, Заборовских, Мичурин, Шевырногов, Бацулло, Цапов, Пономарев, Хаван­ский, Калмыков, №3 тізім: Мичурин, Хаванский, Пономарев, Пятаев, Ба­цулло, Жұмағали Тілеулин, Мағ­жан Жұмабай, Әміржан Жал­мұхаметов, Мұхаметжан Қуа­нышев.

Жиналыстың негізгі тақырыбы – ағымдағы оқиғаларды талдау. Уақыт­ша Сібір үкіметінің өкілі Кузнецовтың сөй­леген сөзін Мағ­жан Жұмабай қазақ­тар үшін қазақ тіліне аударып отырғаны хаттамада атап тұрып жазылған.

Осылайша, Мағжанның өмі­рінің тағы бір жолы – қайрат­керлігін айқын­дайтын жолы ғы­лым айналымына түсті. Бұл құ­жаттың маңызы – ақын­­ның қазақ жерін Қазақстанға қай­тару ісінің басында болғаны және Омбы өңіріндегі қазақ ауыл, болыс, уездерінің шашауын шығармай тұтас сақтауға атсалысқаны. Мұ­ның бәрі кейін 1921 жылы Қазақ­станға қосылу кезінде өз жемісін берді.

Әрине, Мағжан ешқашан ұлттық саясаттан тыс болған емес. Осыған дейін яғни даңқты ақын­ның 1917 жылы 1-8 мамырда Петерборда өткен Мұ­сылман съезіне барғанын ХХ ғасырдың бас ширегін зерттеп жүрген ға­лымдар жақсы біледі («Қазақ» газеті, 11.06.1917). Мұны ұлт ұс­тазы Ахмет Бай­­тұрсынұлының өзі ілтипатпен жазған.

Болашақта Мағжан Жұма­байдың саяси қайраткерлік еңбегі жаңа деректермен толыға береді деп сенеміз.

 

Сәуле МӘЛІКОВА,

Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры,

тарих ғылымдарының кандидаты