• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Сұхбат 29 Қыркүйек, 2023

Елена Әбдіхалықова: Мені ақын еткен – тағдырым

1229 рет
көрсетілді

Қоғамнан дара, жалғыздығын әлдилеп жан күшін сарыққан сан қырлы сирек таланттар бар. Олар шын өнерді ғана бағалап, көпе-көрінеумен, абыр-дұбырмен шектесе бермейді. Сол таланттың бірі – әнші, композитор, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Әбдіхалықова. Елена ханыммен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Елена апай, халыққа алғаш айтыс арқылы танылдыңыз. Айтыс өнерінен қол үзуіңіздің себебі неде?

– Айтыста азды-көпті жиырма жылдай жүріппін. Біздің кездегі айтыстың дәрежесі де, деңгейі де, тіпті, абыройы да бөлек еді. Айтыстың адалдау уақытында, халықтың жел сөзді емес, жөн сөзді ұғынатын кезеңінде өнер көрсеттім деп ойлаймын. Айтыс  – ауыз әдебиетінің бір жанры. Есейе келе классикалық жазба әдебиетке бет бұрдым. Шығармашылық адамы бір жерде айналсоқтамай, жан-жақты даму керек деп ойлаймын. Әрі Фариза апайдың «Сен өлең жаз, айтыс деңгейінде қалма» дегені де әсер етті.

– «Есіңе мені алғайсың», «Көз­деріңе ғашықпын» әндері елге кеңінен танымал. Композиторлыққа қалай келдіңіз? Әндердің шығу тарихына тоқтала кетсеңіз.

– Ешқашан «ән жазсам-ау» деп ойланған емеспін. Біріншіден, менің негізгі мамандығым – әдебиетші, қа­зақ тілінің маманымын. Екіншіден, өнерпазбын, әншімін. Мен үшін ең құдіретті нәрсе – сөз. Бұл әндердің жа­зылуына аталған әндердің мәтіні, яғни өлеңдері әсер етті.

Жас күнімде анам батырлар жырын дауыстап оқытып қоятын. Сол кезде мен оны әлдебір әуенге салып алып, әндетіп оқитынмын. Жалпы, кез келген жыр шумағын оқығанда белгілі бір әуенмен оқимын. Күні бү­гінге дейін солай. Ал ол әндердің та­рихы менің өмірім ғой. «Көздеріңе ғашықпынды» 17 жасымда жаздым. Ол жастағы адамның көңіл күйі, сезімі, мінезі мүлде басқаша ғой. Тап-таза, тұп-тұнық. Жаныңды ешкім кір­летпеген, әлде өзің кірлемеген… Менің де басымнан ғашықтық, ұяң­дық, мөлдір сезімдердің өткені хақ. Сол жастығымның болмысын осы әндерде қалдырдым. Әлде сақтадым десем болар ма екен?..

Маған ылғи бір жігіт «сенің көз­деріңе ғашықпын» деп айта беретін. Бірде «Ауыл кеші көңілді» деген кітапты қарап отырсам, осындай ат­пен бір өлең тұр екен. Өлеңін жаз­ған Ұ.Есдәулетов, әнін жаз­ған Қ.Әбілов деп тұр. Әнін жазған өзіміздің кәдімгі Халық ақыны Қонысбай Әбіл ағамыз екенін кейін­нен білдім. Сол кезде өлең ұнап, өзімше бір әуенге салып айтып жүр­дім. Бірте-бірте ортам, жастар жағы айтып кетті. Тіпті осы әннен кейін-ақ, мені композитор деп халық өздері атай бастады. Бұл әннің осылай өміршең болатынын, қазақ түгіл қырғыз да, өзбек те, татар да айтып кететінін мүл­де білген жоқпын.

Сол дәуреннің драмалы сәттері болғанда, «Есіңе мені алғайсың» жазылды. Ол кезде мен 20 жаста едім. Екі әнде де бір сезімнің ғұмыры жатыр... Ол сезім, өлді ме, өшті ме, білмеймін...

– Болмысыңыздан Махамбеттің өршіл рухы байқалады. Өзіңізге ақын­дық талант кімнен дарыған?

–  Әдебиетпен, сөз құдіретімен ауыр­ған адамның барлығында махамбеттік өршілдік болады деп ойлаймын. Ол әртүрлі сипатта көрінеді. Біреулерде тек қана шығармашылыққа деген адалдықта, біреулерде қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікті көргенде пайда болуы мүмкін. Ешқайсысы да шығармашылық адамына жат емес. Махамбет болмысы – ұлт болмысы. Егер бізде Махамбет, Абай, Мұхтар, Әбіш болмаса, біз ұлт болмас едік. Сондықтан егер шынымен, менің бойымнан сондай болмыс көрінсе, оны тек мақтаныш тұтамын және сол болмысымды сақтауға тырысар едім... Ал мені ақын қылған – тағдырым. Әрі қиын, әрі қасіретті...

– Көзіңізге жиі жас аласыз ба?

– Иә, кейде ұйықтап жатып та жылап оянамын...

– Бүгінгі қазақ мінезі, әдеп-ибасы, өзінің табиғи болмысынан қан­шалықты өзгерді? Қазіргі қазақ қалыбына көңіліңіз тола ма?

– Қазақтың «Елу жылда – ел жаңа, жүз жылда – қазан» дегеніндей, үлкен өзгеріске ұшырадық. Баяғы сөз таным, ізет, иба, қадір-қасиеттен мүлде басқа болмысқа енгенімізді сонау XIX, тіпті, кешегі XX ғасырмен де салыстыра алмайсың. Жаһандану жұмырына жұтылып бара жатқандаймыз. Оған елдегі есепсіз неше түрлі діни ағым мен адасушылықты қосыңыз. Бір сөзбен айтқанда, дүбәра, дүмбілез болмысты қалыптастырдық. Осының барлығы Ницшенің «адамның барлық бақытсыздығы – надандығынан» де­геніне саяды. Ғасырлар бойғы тарихымыз бен талайлы тағдырымызды ескерсек, ұлт қауіпсіздігі күн тәр­тібенен түспейтін мәселе болуы керек. Әлемдік ақпараттық ағын мен елдегі шегі жоқ жемқорлық халықты тобырлық сана төңірегінде ұстап, мәдениетті тек сахнаға әртіс көйлек киіп алып, ән салу деп ұғындырып, рухани үдерісті тежеп-ақ келеді. Ар ойлайтын емес, пайда ойлайтын ұрпақ өсірдік. Кейде қорықпайсың, шошынасың... Арты қайырлы болғай... жедел түрде қолға алмаса, енді бір он жылда мүлдем кеш болады. Қазіргі қалып осындай болса, қайдан көңіл толсын? Кешегі Ақтамберді, Мұрат ақындардың да зарлап кеткені осы бүгінгі қалыпқа түсетіндігімізді сол заманда-ақ сезгені шығар-ау… Жер бетінде бір халықтың азып-тозып кеткені тарих үшін түк емес шығар, бірақ адамзат үшін ұлы қылмыстардың жемісі. Ал біздің халықтың адамзат алдында қылмыскер болмауын құдайдан жатсам-тұрсам тілеймін.

– Сіз адам бойындағы ең жоғары бағалайтын қасиет қандай?

– Лауазымына, қызметіне, шен-шекпеніне қарамай, шынайылық, адалдық, айналып келгенде адамдық иісі болса, сол адам ғой.

– Әбіш Кекілбаев, Фариза Оң­ғарсыновамен етене араласып, жа­қын болдыңыз. Осынау тұғыры биік тұлғалардың өзіңіз таныған адам­дық болмысы туралы не айта­сыз?

– Ондай адамдар енді туа ма, тумай ма? Халық болған соң, заманына сай мықтылар туатын да шығар. Бірақ Әбіш аға мен Фариза апайлар қайталанатынына күмәнім бар. Ең алдымен, ол кісілер менің талантымды таныды, маған сенді, үлкен үміт артты. Сол үшін де оларға қарыздармын. «Былай істе, өйт-бүйт» деген жоқ, барлық өнеге-тәрбиені істерімен, адал болмыстарымен берді.

Фариза апамнан бастайыншы. Фариза шын мәнінде ұлттың ар-ожданын, салт-санасын ең кемел деңгейде көрсем деп, бүкіл ғұмырын руханиятқа арнаған еліміздің ең бет­ке ұстар тұлғаларының бірі еді. Қа­зақ қызына тән иман да, ар да, қадір-қасиет те апайдың бойынан табылатын. Замандастары «Махамбет в юбке» деп атады. Десе дегендей еді. Әдебиетке берген қазынасын айтпағанда, қоғамға, жалпы халыққа көрсеткен үлгі-өнегесі, адамгершілігі аңыз болды.

Әбіш аға халқымыздың әулие деп аталатын ғасырлар қойнауындағы тұлғаларының бірі болды. Жаны өте нәзік, жүрегі елжіреп тұратын, бала секілді, аппақ ниетті кісі еді. Қа­зақтың көркем прозасын көкке кө­терген заңғар жазушы, адамзат тарихын қолмен қойғандай білген терең данышпан.

Өкініштісі, біздің қоғамға да, би­лікке де ондай адамдар керек бола қоймайды ғой. Әйтпесе, Әбіш аға секілді кісілердің әр ісі, әр сөзі тасқа басылып, ел игілігіне, ұрпақ тәрбиесіне пайдаланылар еді. Әбіш аға өмірінің соңында азғантай ғана зейнетақымен ғана кеткенін жұрттың бірі білсе, бірі білмес. Қолда бардың қадірін білмейтін жер бетінде жалғыз біздің ұлт шығар. Кейде сонау заманда Махамбеттің басын кесіп, Абайды сабап, Мағжан, Сәкендерді атып, Әбіш ағаларды жан-жағынан күстаналап, тірідей жеп өлтіргенде, біздердің еленбеуіміз, ескерілмеуіміз тіпті, заңдылық шығар деп ойлаймын.

– Фариза апайға арнаған өле­ңіңізде:

«Бір тамшы мұң – ар азығын

Берші маған –

Жандырсын!» – дейсіз. Қазір сіз ар азығын, жан азығын қайдан, неден аласыз?

– Кітаптан. Тек қана қазақ әде­бие­тінің мол мұрасынан.

– Ең алғаш жырларымен дертті болған, ғашық болған ақыныңыз кім?

– Төлеген Айбергенов. Төлеген ағаның жырларын әлі күнге көзіме жас келмей, жүрегім езілмей, егілмей оқи алмаймын. Қатты сағынамын. Кімді? Нені? Білмеймін… Төлеген аға да әлі күнге көкте сағынып жүргендей кө­рінеді де тұрады…

– Әділетсіздіктің алдында үнсіз қалған кезіңіз көп пе?

– Есімде жоқ. Бірақ соңғы кезде «үнсіздік синдромына» ұшырағандай, ешкіммен сөйлескім келмейді. Сонда да қоғамдағы әділетсіздіктерге әлеу­меттік желі арқылы үн қосып отырамын. Онымыз бірақ кімге керек қазір?

– Қазір шығармашылық, өмір туралы кіммен әңгімелесесіз, кімге сыр ашасыз?

– Маңайымда топырлаған дос, сырлас жоқтың қасы. Өзім өнер­лерін құрметтейтін талантты қыз-жігіт­термен сирек болса да, ой бө­лісеміз. Ол әрине, әнші Жұбаныш, Жезқазғандағы құрбым ақын Светлана Жұмкина, Маңғыстауда Майра, Ас­танада әпкемдей, туысымдай болып кеткен Меңжамал және санаулы жандар бар, сосын үйдегі балаларым…

– Жастардың жазғандарын оқи­сыз ба? Кейінгі буын ақын­дарының өлеңдері көңіліңізден шыға ма?

– Міндетті түрде. Кейде әлеу­мет­тік желіден бір жақсы жыр оқы­сам, соның авторын іздеп тауып, сөйлесемін. Әсіресе жастарды із­деймін, олар туралы көбірек ойлай­мын, шамам келсе, уақыт бөліп, бірге шай ішіп, сөйлесемін. Соңғы үш жылдан бері «Абай» арнасында «Сарасөз» бағдарламасын жүргіземін. Бағдарламаға келген әрбір жастың шығармасын талдап, оқимын. Әрі таланттың эфирге шығып, халыққа танылуына атсалысып, әріптестеріммен сол жолда жұмыс атқарып жүрміз. Талантты жастар өте көп. Мысалы, Ерлан Жүніс қандай керемет ақын, Айжан Тәбарак, Әлия Іңкәрбек, Олжас Сәндібек, Бақытгүл Бабаш, Әлия Дәулетбаева, Асылбек Жаңбырбай, Шер­хан Талап, Толқын Қабылша, Ақжол Түменбай, Айдын Байыс... тағы да бірнеше ондаған жастардың ақындығы, Жадыра Шамұратова секілді жазушы қыздардың қарым-қабілеті біздің руханияттың байлығы деп түсінемін. Мені олардың шығар­машылығы ғана емес, тағдыры, тұр­мыс-тіршілігі де ойландырады. Бірінің пәтері жоқ, бірінің айлығы жоқ, бірінің денсаулығы нашар, бірінің күнкөрісі төмен, несиеден несиеге дейін тіршілік етіп жүр. Бүгінгі әдебиетті жасап отырған осы талантты жастардың тұрмыстық мәселесіне ой жүгіртіп, жағдайларына бас қатырып отырған кім бар? Шығармашылыққа жағдай жасап, олардың өмірінен хабар алып отырған үкімет бар ма? Жоқ екені ащы шындық. Тіл мен әде­биеті, мәдениеті ұлықталмай, ұлтты, мемлекетті ұшпаққа шығарам деу – үлкен қате. Осы жастардың жағ­дайын жоғары жаққа жеткізгім келіп, бірнеше рет қолында билігі бар кісілердің есігін қағып көрдім, ең соңында есіл өнер мен әдебиеттің ешкімге керек болмай, қор болғанына әбден қорланып шықтым...

– Жыр жинақтарыңызды кітап­ханадан кезіктіріп, оқып жү­ре­тінмін. Таңдамалы поэзия кіта­бын шығару жоспарда бар ма?

– Шығармашылықта маған ұнай­тыны – таңдамалы жинақ. Адам көңіл күйдің ауанымен әртүрлі нәр­се жаза беруі мүмкін. Кейде жаз­ған дүниең өзектілігін жоғалтары да белгілі. Жалпы, жазған-сыз­ға­ныңды сұрыптағанда ең көркем, ең клас­сикалық деген бір жинағың болса, сол нағыз еңбек қой. Таңдамалы тек ақындарға қатысты емес, суретші болсын, жазушы болсын, композитор болсын, барлығында бір таңдамалы болса, нұр үстіне нұр емес пе?

– Өміріңізге маңызды бетбұрыс енгізген бір оқиға туралы айтсаңыз.

– Менің өмірімде кейде өзім түсінбей жүрген нәрселерді құдайдың кейбір оқиғалармен түсіндіріп бе­ретіні жиі кездеседі. Әр адам осы өмір­ге неге келгенін, не істеу керегін, немен айналысып, кім боларын ойланатын шығар. Мені де сол ой жиі мазалайды. Тіршілікке әр адам белгілі бір миссиямен келетін секілді көрінеді. Адамдардағы адасушылық – сол миссияңды түсінбегеннен. 1992 жылдары ғой деймін, мен сту­дентпін. Сол уақыттарда «Көз­де­ріңе ғашықпынның», «Есіңе мені ал­ғай­сыңның» дүркіреп тұр­ған кезі. Менің қатысатын іс-ша­ра­­ла­рым, концерттерім, айтыстарым көп. Өмірден жас кеткен ба­уыр­ла­рымның ауыр қазасынан кейін анам ауырыңқырып қала берді. Кейде жос­парлы істерімді тастап, анамның қасына барып отырамын. Оны түсінген анам: «шаруаңа бара бер, шақырған жерлеріне бармай қалсаң, сені «бізді менсінбеді» деп кінәлайды ғой» дейді. «Мама, қойшы, сен ауырып жатқанда мен қалай барып, ән салып тұрамын?» деймін. Мамамның олай дейтінінің де жөні жоқ емес еді. Менің талантымды көре алмайтындар көп болды. Айтпаған сөзді айтты, істемегенді істеді қылып, әйтеуір қит етсе, ұры иттің артындай шуласқан біреулер барынша жолымды бөгеп-ақ бақты. Әлі де сол беттерінен қайт­қан жоқ. Бір күні төсек тартып қал­ған анамның қасында отырғанда, аздап көңілі аулансын деп теледидар қосып қойғанмын, «Қазақстан» арнасынан белгілі ақын Тынышбай Рақым ағамыз «Кеш жарық» деген бағдарлама жүргізіп отыр екен, бір кезде: «Сонау Сырдың бойында талантты қарындасымыз бар, тамаша ақын, композитор Елена Әбдіхалықова деген, сол қарындасымның әні «Көздеріңе ғашықпын», орындайтын Досхан Жолжақсынов» деп хабарлады. Мұ­ны естіген анам: «саған масыл бо­лып, бағыңды байлап қойдым, сен Алматыда, осы теледидарда жү­ретін едің» деп жылап қалды. «Мама, теледидар қайда қашады, әлі сол теледидардан түспейтін болам» дей­мін. Шындығында, маған жасалған қиянаттардың көптігінен әбден шаршап, шамам келсе, ән салмауға, ештеңе жазбауға іштей бекінген едім. Бәрін тастап, айдалаға екі қолыңды төбеңе қойып безердей күйде жүрген шағым-тұғын. Тіреп тұрған ешкімім жоқ, жоғары жақтағы көкесінен басқа түк таланты жоқ біреулердің шалқып жүргенін көргенде қатты қорланамын. Біздің елде адал еңбекпен, өз білі­мің­мен, талантыңмен жарыққа шығу үшін темірдей жүйке, болаттай төзім, еш мүмкіндікке сыймайтын салқынқандылық пен өлексеңді сүйреткенше тәулігіне 24 сағат бей­неттенуің керек. Басқаша мүмкін емес. Мен сол марқұм Тынышбай аға­ның бағдарламасынан кейін, ауырып жатқан анамның сөзінен кейін, «бәрін тастаймын» дегенім дұрыс емес екенін, Құдайдың мені жер бетіне мүлде басқа миссиямен жібергеніне көзім анық жетті...

Бір өлеңіңізде:

«Жиденің гүлін – ауылдың иісін

аңсатты-ау, қызық қуған бел...

Тағдырым, мейлі, жанымды қисын,

тек аман болсын, туған жер!» – дейсіз. Туған жер дегенде алғаш ойы­ңыз­ға не оралады?

– Бәрі оралады. Балалық шақ, әке-шешем, ып-ыстық күндер... Жиде деген біздің жақта көбірек өседі-ау... Мамыр айында гүлдейді, сол кезде далада жұпар аңқиды. Осы сәтті сағынамын. Астанада Абай көшесінде жалғыз түп жиде өседі, кейде мамырда әдейі барып, иіскеп келемін.

– Ерекше әсерленіп оқыған соңғы кітабыңыз қандай? Жаныңызға жақын жазушылар кімдер?

– Жақында ғана Тынымбай Нұр­мағамбетовтің «Періштелер өлімі» кі­табын оқыдым. Негізгі ең жақ­сы көретін шығармам – Әбіш ағаның «Ханшадария хикаясы». Хал­қы­мыз­дың барлық классик жазушыларын жақсы көремін. Көркем әдебиетте қазақ жазушыларының деңгейі де, дәрежесі де ешкімнен кем емес. Қазіргі таңда жастар шетел тілдерін меңгеріп, түпнұсқадан оқи алады ғой. Мен аударма арқылы оқимын. Мүмкін тұпнұсқадан оқысам, пікірім өзгерер деп ойлағанмын, алайда Нобель сыйлығын алған Мо Яньды орысша аудармадан оқығаннан кейін, қазақ әдебиетінің өресі төмен дей алмаймын.

– Алда қандай шығармашылық жоспарларыңыз бар?

– Жоспар құрмаймын, құрсам да жарияламаймын. Мен шығармашылық адамымын, аяқ астынан керемет ән жазуым мүмкін, оны ешкім қайталай алмайтындай орындауым мүмкін. Мүлде басқа шығарма жазуым мүмкін... Ал­дағы өмірді Құдай көрсетер, бұйыр­ғаны болады ғой.

 

Әңгімелескен –

Батырхан СӘРСЕНХАН,

«Egemen Qazaqstan»