Батыс Қазақстан облысында республикалық Аналар кеңесінің форумы өтті. Орал қаласындағы Достық үйінде «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тақырыбымен бас қосқан жиында рухани-адамгершілік тәрбие барысы талқыланып, өңірлік Аналар кеңестері өз тәжірибесімен бөлісті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысында Ассамблея төрағасының орынбасары Аурика Дяк, Парламент Сенатының депутаты Нұрия Ниязова, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанаи және Аналар кеңесінің мүшелері, психологтер, қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.
Іс-шараны Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов ашып, республикалық форумға қатысушыларды құттықтап, жиын жұмысына сәттілік тіледі.
Сондай-ақ іс-шарада Батыс Қазақстан облысы Аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Хайроллақызы «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» тұжырымдамасын іске асыру жолында орындалып жатқан 4 бағыт бойынша есеп беріп, отбасындағы тәрбие, ананың рөлі тақырыптарын кеңінен талқылады.
Одан кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық Аналар кеңесінің төрайымы, Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының мүшесі Нәзипа Ыдырысқызы сөз алып, бірқатар кеңес мүшесін алғысхатпен марапаттап, «Ел анасы», «Аялы алақан» атты сыйлықтарды тапсырды.
Екі күнге созылған іс-шара аясында қатысушылар бірнеше сессияға бөлініп, түрлі практикалық ойынға, тренингтерге қатысты. Салтанат сарайында көпбалалы аналармен кездесіп, «Бесікке салу», «Тұсау кесу» секілді қазақтың салт-дәстүрін орындады. Оқушылар сарайында «Достық», «Жас сарбаз», «Айбын» үйірмелерінің оқушыларымен кездесіп, электронды вейпке қарсы акция өткізді. Сессияда қазіргі қоғамның жаман әдеттері, олармен күресу әдістері, нашақорлық пен буллингтің алдын алу мәселелері талқыланды. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысынан келген «Демеу» балалық шақ мәселелері бойынша координациялық орталығының психолог маманы Эмир Дулатов ойынқұмарлыққа тәуелділіктің психологиялық аспектілері туралы қызықты баяндама жасады. «Темекісіз» қоғамдық қорының атқарушы директоры, «Темекі түтінінен таза Қазақстан үшін» Ұлттық коалициясының көшбасшысы, ДСМ Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2023 жылғы «Темекімен күресте қосқан зор үлесі үшін» сыйлығының лауреаты Жәмила Садықова «Заманауи жаман әдеттер және олармен қалай күресеміз?» атты баяндамасын онлайн өткізсе, «Есірткісіз болашақ» корпоративтік қорының жетекшісі Жандос Ақтаев нашақорлықтың алдын алуды өңірлік деңгейде жетілдіру мәселесін көтерді. «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының психологі, педагогика ғылымдарының магистрі Құралай Шамұратқызы қазір өте өзекті болып тұрған буллинг мәселесін қозғап, буллинг құрбаны болмау үшін не істеу керегін ортаға салды. Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасында әйелдерді зорлықзомбылықтан қорғау жөніндегі аға инспектор, полиция майоры Диляра Сатарова тұрмыстық зорлық-зомбылық, оның себеп-салдары туралы мысалдармен айтып берді. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық Қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетовтің де әңгімесі әсерлі болды.
Айтпақшы, Халық Қаһарманы Қайрат Үмбетов оралдықтарға жақсы таныс. Ол 2014-2016 жылдары осындағы әскери бөлімнің штаб бастығы болып қызмет еткен болатын. Бүгінде құқықтық тәртіп әскерінің Бас тәрбиешісі болып жүрген батырды Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов қабылдап, Республикалық Аналар кеңесіне қатысқаны үшін алғыс айтты. Батысқазақстандықтар Қайрат Жарылқасынұлының облыстағы қызметін және жастар арасындағы патриотизмді нығайтуға қосқан жұмыстарын әлі ұмытқан жоқ. Халық Қаһарманы болашақта Батыс Қазақстан облысында заманауи үлгідегі әскери мектеп-интернат салу жоспарымен бөлісті.
Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының Аналар кеңесі 2013 жылы құрылған. Қазірде елдің барлық өңірінде 1 712 кеңес жұмыс істейді. Оның 1 78-і аудандық, 1 302-сі ауылдық деңгейде. Аналар кеңесі Түркістан (204), Ақтөбе (176), Батыс Қазақстан (161) және Алматы облыстарында (146) ең көп шоғырланған.
Еліміздегі отбасы институтын сақтау мен нығайтуда, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, ажырасулардың санын азайтуда, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуда маңызды рөл атқарып келе жатқан Аналар кеңесінің Оралдағы басқосуы қатысушылар үшін ерекше пайдалы болғаны анық.
Батыс Қазақстан облысы