• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Қазан, 2023

Алаштың қаламгерлік, қайраткерлік мектебі

300 рет
көрсетілді

28 қыркүйек – Мұхтар Әуезовтің туған күні. Атаулы дата қарса­ңын­да Мұхтар Әуезовтің немересі, Мұрат Мұхтарұлының қызы Зифа-Алуа Әуезова, Лола Ернарқызы Әуезова, Алматы­да­ғы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының директоры­ Диар Қонаев, «Атамұра» корпорациясының президенті Рақым­ға­ли Құл-Мұхаммед, Қанат Разақов Семей қаласына арнайы кел­ді.

Құрметті қонақтарды биыл ашылғанына 120 жыл толатын М. Әуезов атындағы Семей педа­го­­ги­калық колледжінің басшысы Шағангүл Жанаева қарсы алып, Алаш­тың оқу ордасының ашылу­ тарихы мен қазіргі кезеңдегі бағындырған белестері, қандай тарихи тұлғалардың шыңдалу мектебі болғанын әңгімелеп берді.

– Бұл – тәуелсіз елі­міз үшін ұлттық сананың қалып­та­суына ықпал еткен тұңғыш оқу орны. Шәкірттерімізге күллі Алаш қайраткерлері, атап айт­қан­да, Жүсіпбек Аймауытұлы, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан бастаған ұлт зия­лы­ларының бітім-болмысы, ұлт бола­­­­­шағы жолында атқарған істері жайында кеңінен насихат­та­лады. Мұрат Мұхтарұлы осы­дан бес жыл бұрын келіп, кол­лед­жіміздің төрінде болған. Кол­ледж­дің тарихи маңызын өте терең түсінеді, – дейді М. Әуезов атын­­дағы Семей педагогика­лық­ кол­лед­жінің директоры Ш.Алдам­­­­­жарқызы.

Ғасырдан аса тарихы бар оқу орнының тағы бір ерекшелігі – ғимаратының баспалдақтары о бастан салынған қалпы, бүгінгі күнге дейін бүлінбей сақталып келеді. Осы тұста тағы бір айта кететін дерек, педагогикалық колледж 1967 жылдан бастап, М.Әуезовтің есімімен аталады. Жазушы есімінің берілуіне сол кездегі оқу орнының басшысы Асылхан Бекбаевтың сіңірген еңбегі зор.

Тағылымды кездесуде­ Мұрат Мұхтарұлының «Қа­зақ­ рухы», анасы Фатима Ғаби­то­ваның «Өртеңде өнген гүл» кітап­тарының тұсаукесері де ерекше салтанатпен өтіп, тама­шалаған жұртшылықты тәнті етті. Сондай-ақ «Мұхтар Әуе­зов­ өмірінің Семей кезеңі» атты тақырыпта кандидаттық дис­сер­тация қор­ғаған белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз Раушан Мұқа­жа­нова да зерттеуі туралы ойымен бөлісті.

– Қазақтың біртуар тұл­ға­сы М.Әуезовтің өмірі мен шығар­ма­шылық жолы, ізденістері жөнін­де кеңестік кезеңде көлемді зерттеулер жүргізілгенімен, оның кей туындылары саяси сынға төтеп бере алмай, тасада қалып келгені шындық. Бүгінде осы олқылықтың орнын толтырып, көпшілік назарынан тыс қалып келген шығармаларын қайта жаңғыртатын уақыт жетті. Сол тұрғыда жазушының өмірі мен шығармашылығында Семей жерінің маңызы ерекше, – дейді филология ғылымдарының кандидаты, доцент Р.Мұқажанова.

М.Әуезовтің туған күні қар­са­ңында ұлы жазушының туып-өскен жеріне келуді мұрат еткен мәртебелі қонақтар бұдан кейін Абай ауданына сапарлап, Жидебайдағы Абай, Шәкәрім кесе­несіне барып, Ақшоқыға аял­дап, Құнанбай Өскенбайұлы мен Әуез бабаларының рухына тағ­зым етті. Жазушының кіндік қаны тамған жері – Бөріліге келіп, әкесі Омархан мен анасы Нұржамалдың кесенесінде болып, М.Әуезовтің музей-үйін де тамашалады.

Ел ішінде ертеден санаға сіңген «Абай десе, Мұхтар Әуезов, Мұхаң десе, Абай еске түседі», деген сөз бар. Ал осынау дата – Әуез әулеті үшін ғана емес, күллі Семей жұртының жылда асыға күтетін мезеті. Оны былай қойғанда, «Ел әңгімеші, ел әңгімеші болған соң, жер әңгімеші» деген ұлы жазушыдан қалған сөздің құдіреті де тартып тұратыны шындық.