• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Қазан, 2023

Дамуға дем берген демеу

176 рет
көрсетілді

Қостанайда «Даму» қорының ұйымдастыруымен өңірдегі шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау бағдарламаларының жүзеге асу барысы туралы баспасөз конференциясы өтті. Жиыннан кейін БАҚ өкілдері мемлекет қолдауының нәтижесінде іске қосылған, сондай-ақ қызмет аясын кеңейтіп, қанатын кеңге жая бастаған бірнеше кәсіпорынға барды.

«Даму» қоры кәсіпкерлерге па­йыздық өсімпұлды субсидиялау, кепілдік және жеңілдетілген несие беру арқылы қолдау көрсетіп келеді.

Ал енді өсімпұлды субсидия­лау дегеніміз не? Бүгінде несие алып көрмеген жандар ілуде біреу-ақ шығар. Күліп келген несиенің жылап қайтатынын жұрт жақсы біледі. Оның үстіне, соңғы жылдары қаржы мекемелері ұсынып отырған өсімпұл мөлшері шектен тыс өсіп кетті. Осылайша, банк­тер қарызыңыз қашан өтеліп біткенше, мойныңызға қамыт салып жегіп, жүйкеңізді жұқартып, жілікмайыңыздың біразын теспей сорып алады. Кәсіпкерлер де біз сияқты адамдар. Кәсіп ашып, бизнес аясын кеңейту үшін ақша іздейді. Ол ақша қайда – баяғы банкте немесе лизингтік компанияларда. Олардың пайыздық өсімпұлы жоғарыда айт­қандай, аспандап тұр: жылына 21 пайыздан 23,5 пайызға дейін барады. Сондықтан несиенің ауыртпалығын арқалаған кәсіпкердің жауыры жара болмасын деген ниетпен мемлекет субсидиялау деген өнімді ойлап тауып отыр. Яғни банк белгілеген 23 пайыз жылдық өсімпұлдың 16 пайызын мемлекет өзі төлейді де, кәсіпкерге небәрі 8 немесе 7 пайызын ғана қал­дырады.

Кепілдік те осы сияқты. Мәсе­лен, басыңызда тамаша бір бизнес-жос­парыңыз бар делік, бірақ ақ­шаңыз жоқ. Банкке барсаңыз, олар қолыңызға қомақты қаржы ұстатпас бұрын міндетті түрде кепілдік сұрайды. Оған қоя қоятын қымбат мүлкіңіз тағы жоқ. Осындай жағдайда «Даму» қорына барып, әлгі бизнес-жоспарыңыздың өміршең екенін дәлелдей алсаңыз, мемлекет кеудесін тосып, сіз үшін кепілдік береді.

Аталған қор бизнесті қолдау және дамыту бағдарламалары аясында жыл басынан бері өңірде несие сомасы 18,4 млрд теңге болатын 339 жобаны субсидиялап, 245 жобаға 12,4 млрд теңге шамасында қаржылай кепілдік берген. Бұлардың ішінде ірі кәсіп­орын­дармен қатар, шағын бизнес нысандары да бар.

Мәселен, жеке кәсіпкер Татьяна Антонинова 2017 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында банктен несие алып, балаларға арналған сұлулық студиясын аш­қан. Өзінің айтуынша, ол кезде Қостанайда балаларға арналған шаштараз мүлде болмаған. Жаңа ашылған студияда алғаш жалғыз шебер жұмыс істесе, алты айдан соң оған екі адам келіп қосылады. 2020 жылы Татьяна жаңа ғимаратқа қоныс аударып, өз қызметін тұты­нушылар үшін жеке сайт ашады. Бірте-бірте жұмысы ілгері басқан кәсіпкер қосымша мамандарды жұмысқа тарта бастайды. Бүгінде оның сұлулық студиясында он бір адам тұрақты еңбек етеді.

– Өткен жылы балалар мерекесін ұйымдастыратын студия ашу туралы ой келді. Сөйтіп, банктен 38 млн теңге несие алып, оған осы үйді сатып алдық. Қазір мұнда ба­ла­қайларға арналған ертеңгілік, туған күн тәрізді шағын мереке өт­кізуге арналған студия, сурет салатын, тігін тігетін шеберхана, ән өнеріне үйренетін жеке студия бар. Сондай-ақ «Baby siter» қызметін, яғни, қысқамерзімді бала күтімін ұйымдастырдық. Мәселен, ата-ана­ның шұғыл жұмысы шығып қалса, сәбиін 2-3 сағатқа бізге әкеліп тас­тайды, – дейді Т.Антонинова.

Ал ерлі-зайыпты Андрей мен Ирина отбасылық бизнестерін пандемия өршіп тұрған кезде бастапты. Жаңа бас қосқан екі жас саналы түрде үйлену тойынан да, бал айы­нан да бас тартып, қолдарындағы азын-аулақ ақшасын пайдалы іске жұмсауды ұйғарған. Осылайша, балалар киімін тігетін шағын цех ашады. Содан бері үш жыл өте шығыпты. Бүгінде олар отбасылық кәсібін едәуір ілгерілетіп алған. Жа­ңа ғимаратты жалға алып, жұмыс орындарын ұлғайтты. Қазір тігін цехында он жеті ісмер еңбек етеді.

– Бізге тапсырыс беретіндер қатары көбейіп келеді. Мәселен, бұған дейін Ресейден тапсырыс­тар түссе, қазір біздің өнімдеріміз облыс көлемінде де көптеп сатыла бастады. Әсіресе балалар мен жасөспірімдерге арналған коман­далық спорт киімдеріне сұраныс жоғары. Сондықтан жолдасым екеуміз өндірісті ұлғайта түсуді ұйғардық. Сату бөлімін ашып, өнімдерімізді «Wildberries» интернет-дүкеніне шығардық. Бү­гінде қатарымызға жас мамандарды тартып жатырмыз. Мемлекеттік сатып алуларға ұдайы қатысып тұрамыз, – дейді Ирина Ли.

Өткен жылы кәсіпкер 5 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант алып, оған тігін машиналары, принтер сияқты бірқатар жабдық әкеліп орнатты. Биыл мамыр айында ерлі-зайыптылар мемлекеттік бағдарлама бойынша кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобадан тағы бір мәрте же­ңілдетілген несие алып отыр. Оған неше түрлі мата, пакет және бас­қа да керек-жарақтар сатып алды.

Бұған дейін балаларға арналған қысқы, жазғы спорт киімдерін, шо­лақ шалбарлар мен жейделер тігіп келген шағын өндіріс ошағы сәуір айынан бастап әйелдерге арналған киімдерді де шығара бастады.

Мемлекеттің қолдауымен қанат­танған кәсіпорынның бірі – Қос­танайдағы «Realty KST» ЖШС. Бұл – автоклавты газбетонды қа­бырға блоктерін шығаратын облыс көлеміндегі ең ірі зауыт. Бұған дейін өңірде тиіп кетсе сынып қалатын әлсіз газбетонды блоктер жасайтын шағын цехтар болмаса, сапалы өнім шығаратын мұндай іргелі өндіріс ошағы болған емес. Құрылыс басындағы жұрттың көбі Ресейдің Челябі қаласынан әкелі­нетін блоктерді алатын. Серік­тес­тік сол импорттың аясын тарылтып, жергілікті өнімді жолға қойып отыр.

Жылына 65 мың куб газ блогін шығаратын серіктестіктің өнімін өңірдегі ірі құрылыс компаниялары сатып алады. Кәсіпорын күрделі өн­дірістік технология тізбегі бойын­ша жұмыс істейді. Серіктестік бас­шысы Дмитрий Швецовтың айтуын­ша, бұл тізбектің басы шикізат даярлау цехынан басталады. Мұн­дағы арнайы құрылғыда құм, цемент, әк секілді инертті материал­дар бірыңғай ұнтаққа айнал­ғанша аралас­тырылып, оның үстіне алю­миний ұнтағы қосылады. Бұдан шыққан қоспа үлкен қалыпқа құйылғанда кәдімгі ашыған қамыр секілді үш есеге дейін ұлғайып, өсіп кетеді.

– Одан кейін бұл қалыптар пісу бөлмесіне қойылады. Төрт сағат осы жерде тұрып кептіріледі. Сәл қатқаннан кейін кесу алаңына апарылып, сол жерде өзімізге қажет өлшемге салып кесіледі. Біз көбіне сұраныс жоғары 10,20,30,40 см қалың­дықтағы газоблоктерді жасап шы­ғарамыз, – дейді кәсіпорын басшысы.

Кейін бұл блоктер конвейермен жүріп отырып, автоклав бөшкесіне кіреді. Суасты кемелеріне ұқсайтын бұл бітеу бөшкеге кірген блоктерден 11 сағаттан кейін дайын өнім шығады.

Зауыт директоры Дмитрий Шве­цов аталған жобаға 500 млн теңге инвестиция салған. Өңдеу өнеркәсібі саласына бет бұрған кәсіпкер шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау бағдарламасы бойынша 6 пайыздық жеңілдетілген несие алып, оған қуатты автоклавты бетон шығаруға арналған технологиялық жабдықты сатып алған. Жаңа өн­діріс биыл сәуір айында іске қо­сылған. Зауыттан шығатын блоктер жеке үй салушыларға да, құрылыс компаниялары үшін де өте тиімді. Басты ерекшелігі сол, кәдуілгі кірпіштен немесе құйылған бетоннан әлдеқайда арзан әрі сапасы жағынан да кем түспейді.

Мемлекеттік бағдарламаның шарапатымен іске қосылған кәсіп­орында жетпіске тарта адам еңбек етіп жатыр.

 

Қостанай облысы